» » ЖАСТАРҒА ЖАҢА ОРТАЛЫҚ

ЖАСТАРҒА ЖАҢА ОРТАЛЫҚ

Елбасының бастамасымен биылғы жылдың жастарға арналғаны белгілі. Жастар жылы аясында республика көлемінде атқарылып жатқан қыруар жұмыс бар. Тіпті, облыс бойынша жасалып жатқан жұмыстар бір мақаланың төңірегіне сыймасы анық.
Кеше жастар жылы аясында «Coworking» орталығы ашылды.
Ашылу салтанатында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев сөз сөйлеп, жастарды қолдау жалғаса беретінін айтты.
– Ел тәуелсіздігінің одан әрі қарыштап дамуының бірден-бір кепілі – жастар саясатын тиімді жүзеге асыру. Бүгін «Жастар жылы» аясында Жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығын ашып отырмыз. Бұл жерде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. «Coworking» орталығының жұмысын облыстық жобалық кеңсе аясында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жастарға көрсетілетін қолдау мен қамқорлық алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса беретін болады, – деді аудан басшысы.
Сонымен бірге кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев жастарға батасын беріп, ақсақалдық кеңесін айтты.
Жастар ресурстық орталығынан ашылған «Coworking» орталығы шынында жұрт тамсанатындай ерекше жабдықталған. Ішінде тоғыз құмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисін ойнауға мүмкіндік жасалған. Мұнымен қоса еркін форматтағы түрлі деңгейдегі кездесулерді де өткізуге болады. Тіпті, арнайы аквариум мен суретке түсетін жерге дейін әзірленген. Бір сөзбен айтқанда, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін барлық жағдай жасалған.
Мұнан соң аудан әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен өткен жиында жастарға қатысты бірнеше мәселе қаралды.
Алдымен тегін кәсіптік-техникалық білім беруді жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Бұл жөнінде Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің директоры Ғани Серікбаев хабарлама жасады.
Елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және жастарға арналған бағдарламаларды орындау мақсатында индустриалды-аграрлық колледж­де ауыз толтырып айтарлық жұмыс баршылық. Қазіргі таңда аталған оқу орнында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған тапсырмаға сәйкес 5 мамандық бойынша 347 адам білім алуда. Осы сынды мәліметтерді алға тартқан колледж директоры сұранысқа ие мамандарды дайындау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетінін жеткізді.
Ауданнан шалғай орналасқан елді мекеннің бірі – Жаңадария ауы­лы. Шағын ғана ауыл жастары бүгінде қатысқан байқаудың барлығынан жүлдемен оралуда. Сондай-ақ кәсіпкерлікке бет бұрғандар да жоқ емес. Мәселен, Талғат Байкөшенов есімді азамат мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, мал шаруашылығы саласындағы жұмысын бастады. Мінберге көтеріліп, хабарлама жасаған ауыл әкімі Ғалым Жанашев Жаңадариядағы жастардың жетістігін тілгі тиек етті.
– Ауылдық клубта мәдени-шығармашылық мақсатта көркемсөз, қол өнер, ән бағытында 3 үйірме жұмыс жасайды. Көркемөнерпаздар былтыр “Балдырған” аудандық қуыршақ қойылымдары байқауында және облыстық “Бозторғайда” 1-ші орын алса, биыл “Үздік жас қаламгер” және “Тыңда менің сөзімді, тыңда халқым” атты аудандық байқаулардан да 1-ші орын иеленді, – деді Жаңадария ауылының әкімі.
Аламесек ауылдық округінде жүзден жүйрік шығып, мыңнан тұлпар болған жас спортшыларға құрмет көрсетілгенін айтқан болатынбыз. Олардың қатарында ауыр атлетикадан АҚШ-та өткен әлем біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, зілтемірді бұйым көрмеген Есенкелді Сәпи мен республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы Сымбат Мұхамбетқали, Ақерке Оразбек сынды болашағынан зор үміт күттіретін жастар бар. Аламесек ауылдық округінің әкімі Нұрлан Опабеков өз хабарламасына осы жайды арқау етті.
Жалпы Есет батыр ауылында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 4 адам тартылса, соның 3-уі жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша 4 адамға қайтарымсыз грант беріліп, шағын шаштараз, инкубатор, наубайхана, тігін цехын ашуға мүмкіндік алған.
Жиын барысында облыстық жас­тар ресурстық орталығының басшысы Абылайхан Сабанбаев сөз алып, Жалағашта жастар ісін дамытуда атқарылып жатқан толайым тірліктің бар екенін атап өтті.
Кеңес отырысын қорытындылаған аудан әкімі ел келешегі жастар екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуы қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ ашылған «Coworking» орталығы жас­тар бас қосатын мекенге, жасампаз идеялардың қайнар бұлағына айналуы тиіс екенін алға тартып, ауылдық жерлерде де осындай орталықтардың ашылуы қажеттігін жеткізді.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
М.АХМЕТ (сурет).

30 сәуір 2019 ж. 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031