» » Қазақстан Президенті Алматыда өткен мерекелік шараға қатысты

Қазақстан Президенті Алматыда өткен мерекелік шараға қатысты

Алматыдағы Абай алаңында Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өтті. Шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Көптеген ұлттар мен ұлыс өкілдерін татулықтың бесігінде тербеткен Тәуелсіз еліміздің рухани астанасы саналатын Алматы жұртшылығы атаулы мерекені айрықша салтанатпен атап өтті. Мерекелік шараға арнайы қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев барша Қазақстан халқын ынтымақ күнімен құттықтады.
 – Құрметті әлеумет, қадірлі қауым, ардақты Алматылықтар! Бүгін ерекше күн. Татулық мерекесі. Еліміз бұл мерекені ерекше жақсы көреді. Сондықтан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Ұлт пен ұлыстың ынтымағын дәріптейтін осынау мерекенің қадір-қасиетін бәріміз жақсы білеміз. Екі күн бұрын ғана өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының басқосуында сөйлеген сөзінде Елбасымыз ел ішіндегі мызғымас татулықтың маңыздылығын атап өтті. Тарихтың сан қилы сын сағаттарында қазақ жерін паналап келген көптеген ұлт өкілдері бір үйдің баласындай туыс бауыр болды. Заманның тауқыметіне қарамастан біздің халқымыз солардың бәрін бауырына басып, барымен бөлісті. Егемендік алған жылдары көп этносты, көп конфессиялы еліміздің келешегі туралы түрлі теріс болжамдар айтылды. Алайда, Елбасымыздың арқасында Қазақстан бүгінде түрлі этнос өкілдерінің киелі шаңырағына айналды. Абыройлы, беделді мемлекет болды. Ортақ отанымыздағы бейбітшілік пен келісім ел дамуының берік негізіне айналды. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп ұлы Абай айтқандай, біз еліміздің жемісті әрі жеңісті күндеріне ынтымағымыз арқылы жеттік. Қымбатты алматылықтар, табиғаты таңғажайып ару алматы бірегей, баламасы жоқ шаһар. Оның жылнамасы бүкіл Отанымыздың жарқын айнасы. Алматы азаттығымыздың бесігі болған, елдігіміздің іргесі қаланған қастерлі қала. Жас мемлекетіміздің жетістіктерін дүниежүзіне алғаш танытқан да осы Алматы. Алатау баурайындағы әсем шаһар бүгінде қазақ зиялыларының құтты мекені болып отыр. Алматы ғылымның ордасы, өнердің бесігі, шығармашылықтың шаңырағы, – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мыңдаған Алматылықтың басын қосқан салтанатты шарада елімізді мекендеген түрлі ұлттардың таным-тарихынан сыр шертетін арнайы көрмелер ұйымдастырылып, Отандық өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.
«Жігіттер» квартеті, «Салтанат» би ансамблі, «Асылым» би тобы, Ардақ Балажанова, Меруерт Түсіпбаева, Әли Оқапов, Динара Сұлтан, Кәмшат Жолдыбаева сынды тағы басқа да өнерпаздар мерекенің ажарын арттырды.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Алматыға жұмыс сапарымен келіп, мегаполистегі мәдени-әлеуметтік нысандарды аралап, Алматы қаласын дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар  берген болатын.
01 мамыр 2019 ж. 189 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30