» » Жалағаш – елді көркейтетін азаматтардың мекені

Жалағаш – елді көркейтетін азаматтардың мекені

Бұл – ауданымызда болған халық қалаулыларының пікірі
Өткен аптада ҚР Парламенті мәжілісінің бірқатар депутаты ауданымызда болып, кәсіпорындар мен шаруа қожалықтар жұмысымен таныс­ты. Алдымен «Ер-Әлі» шаруа қожалығының дән себу рәсіміне қатысқан халық қалаулылары шаруашылық жұмысына сәттілік тіледі.
Былтыр да мол өнімге қол жеткізген шаруашылықтың алдағы жоспары да жоқ емес. Техникаларды жаңарту жұ­мыс­­тары да толық аяқталған. Жылда күріш өсірумен өз ісін өрістеткен Әліби Бекжанов қазіргі таңда тұқым дайындап, сатылымға шығаруда. Мұндағы ауыл еңбеккерлерінің жалақысы да жоғары. Сонымен қатар күз аяқтала салысымен қосымша қаржылай сыйақыға тағы да ие болады. Жердің қадірін біліп, игі бастамаларды қолға алып жатқан төрағаның жұмысына мәжілісмендер де риза болды.
– Жер-ананың қадірін әрбір қазақ сезінуі қажет. Жерге дән тастап үлкен жетістікке жетуге болатынын әсіресе ауыл шаруашылығы саласының мамандары жақсы біледі. Біз де бүгін соның куәсі болып отырмыз. Қайраткер атындағы ауылда Әліби Бекжанов деген азамат үлкен шаруашылығымен бүтін бір ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып отыр. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарға да пайдасын тигізуде. Бір жағынан өңір әлеуетін арттыруда еліміздің барлық аймағына осындай шаруашылықтар қажет-ақ. Жаңа құрамындағы техникалардың жұмысына да қанықтық. Барлығы жап-жаңа заманауи технологиялар. Жұмыс жасау жағынан да, сапа жағынан да осыған дейінгі техникалардан әлдеқайда алда. Биылдың өзінде шаруашылық төрағасы германиялық технологиядан үшеуін алып келген. Бұлардың жұмыс жасау қар­қыны мүлдем бөлек. Өткен жылы да бұл шаруашылық мол өнімге қол жеткізіпті. Мына қарқынымен биыл да осы дәстүрді жалғайды деп сенеміз, – дей­ді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлов.
Шаруашылық биыл 859 гектар алқапқа күріш, 60 гектар жаздық бидай, 80 гектар жаңа жоңышқа, 235 гектар ескі жоңышқаны күтімге алуды межелеген еді. Қазіргі уақытта 60 гектар жаздық бидай, 80 гектар жаңа жоңышқа егілді. Оның үстіне 235 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, күтімге алынды. Өткен жылы күріштің I репродукциясын дайындап сататын арнайы тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие болып, өзге шаруашылықтарға 321 тонна күріштің «Лидер» сортының I репродукциясын сатылымға шығарды. Қазірдің өзінде осы жылдың егісіне қажетті 200 тонна күріштің «Лидер» сорты тұр. Былтыр «Абзал и К» ЖШС-нан 60 тонна «Лидер» сортының Элита тұқымын сатып алып, өнім сапасын қамтамасыз етуге ден қойған шаруашылықтың алға қойған мақсаты да жоқ емес.
Әліби ағамыз бұрыннан бұл салада қолтаңбасы бар маман. Егін егуден оның бас алуына дейін қандай жағдай жасау қажеттігін жетік біледі. Алқаптың су жүретін каналдарын қажетті тереңдікте қазу жұмыстары да жыл сайын үздіксіз жүріп отырады. Техникаларының бар­лығы заманауи жаңа көліктер. Өткен жыл­дың өзінде 3 «KLAaS Lexion» комбайны мен 1 «MacDon» жаткасын сатып алған шаруашылық биыл 3 айналмалы соқа мен 3 дана «ДОЙЦ ФАР» тракторын алды. Жаңа техникалардың бұрынғы құрылғыларға қарағанда сапа жағынан да, жұмыс жасау жағынан да ауқымы жоғары. Мұның бәрі шаруаны бірыңғайлауға өз септігін тигізеді.
Мұнан кейін халық қалаулылары Әліби Бекжановтың алма бағына аялдады. Ағамыз Сыр салысын өсіруде үлкен жетістікке жетті. Бірақ, кәсіпке біржола қадам басқан ол бір саламен шектелуді құп көрмеді. Ауыл іргесінен әрірек орналасқан 6 гектар алқапты қалыпқа келтіріп, алма бақ ашуды мақсат етті. Осыдан 3-4 жыл бұрын қолға алынған жарқын жоба өткен жылы жемісін берді. Бұйыртса, мұндағы өнімді нарыққа шығаратын күн де алыс емес. 6 гектар жабайы алқапты қалыпқа келтіріп, жасыл желекке айналдыру оңай шаруа емес. Бұл бастаманы қолға аларда сенімсіздік танытқандар да болды. Алайда тәуекелге барған төраға бүгінде басқан қадамына қуанбаса, өкінбейді.
– Жалағашты бұрыннан аграрлық аймақ ретінде білетінбіз. Сондай-ақ олар­дың күріштен мол өнім алуы біз үшін жаңалық болмай қалды. Себебі бұл жақтың еңбеккерлері жыл сайын бұл үрдісті дәстүрге айналдырған. Біз үшін жаңалық ауыл шаруашылығы саласында жаңадан түрлі жобалардың қолға алынуы. Оның бірі осы алма бақ деп айта аламын. Бұрын-соңды бұл ауданда мұндай жарқын жоба қолға алынған емес. Шаруашылық төрағасының осыған дейін күріш алқабында болып, ондағы қайнаған жұмысқа көзіміз сүйсінді. Енді мұнда келіп тағы қуанып жатырмыз. 6 гектар алқапқа алма ағашын орналастыру, оны күтіп-баптау оңай шаруа емес. Алайда бұл азамат тәуекелге барған екен және соның жемісін көріп отыр. Бұрын тек Алматыны алманың отаны деуші едік. Осындай 3-4 жоба қолға алынса, Жалағаш та ол өңірден қалыс қалмайтын сыңайлы, – деді халық қалаулысы.
Ел ағаларының бұл сөзі орынды. Расында, бұрын-соңды біздің ауданда мұндай жарқын жоба қолға алынған емес. Енді жемісін көрсін дейміз. 6 гектар жабайы алқапты қалыпқа келтіріп, оны жасыл желекке айналдыру кез келген жанның қолынан келмейді. Ал Әліби Бекжанов алдағы уақытта мұндағы өнім­ге сұраныс мол болып жатса, әлі де кө­ле­мін ұл­ғай­туға дайын екенін айтады.
Халық қалаулылары мұнан кейін Мәдениет ауылына атбасын бұрды. Тіректі елді мекенде соңғы жылдары бірнеше әлеуметтік нысан бой кө­тер­ді. Олардың ішінде спорттық кешен, мәдениет үйі мен балабақша да бар. Жаңа нысандардың жұмысымен таныс­қан олар бүлдіршіндер мен спорт­қа бейім­делген жастардың талабына сәт­тілік тіледі.
– Елдің ертеңі деп біз осы бүл­дір­шіндерді айтамыз. Сондықтан олардың талабын шыңдап, ұлттық тәрбие беруді осы бастан бастауымыз керек. Ал Мәдениет ауылында жастарды өнерге, спортқа баулу жұмыстары ақ­сап қалмапты. Біз де бұған көз жет­кізіп, қуанып қалдық. Жаңадан бой көтерген үлкен спорттық кешенде балалар жаттығып жатыр. Елдің намысын қорғап, көк байрағымызды биіктен желбірету осылардың қолында. Біз оған кәміл сенеміз, Һәм сол сенімді ақтайды деп білеміз. Балабақшадағы бүлдіршіндердің де талабы таудай балалар екені көрініп-ақ тұр. Елінің ертеңін, мемлекеттің болашағын ойлайтын аймақ деп мен осы Сыр елін, оның ішінде Жалағаш өңірін айтар едім. Ауылдық елді мекендердің өзінде жастарға барынша жағдай жасап қойған, – дейді Б.Смағұлов.
Мәжілісмендер мұнан кейін Еңбек ауылдық округінде болып, «Еңбек Жер» шаруа қожалығының төрағасы Шакизатхан Ысқақовтың үлкен сауда орнымен және мейрамхана жұмысымен таныс­ты. Мұнан кейін халық қалаулылары ауыл­дық елді мекендегі жеке кәсіпкердің жылыжай жұмысымен де танысты. Бірқатар ауылдық елді мекенде болған олар ауданда үлкен жобалардың қолға алынып жатқанын айтып, бұл жарқын жобалардың бастамасы болсын деген жылы лебіздерін білдірді.
Үлкен жолдың қапталында орна­лас­қан ауылда соңғы жылдары жағымды жаңалықтар болып жатқанын біз осыған дейін де айтқан едік. Бірақ мұның бәрі жергілікті бюджеттің есебінен емес, ауыл жанашыры Шакизатхан Ысқақовтың қол­дауымен жүзеге асуда. Ауылдастарын жұмыспен қамтып отырған төраға елді мекенді абаттандыруға да аса мән беруде. Былтыр үлкен тойхана мен сауда орны пайдалануға беріліп, балалар ойнайтын алаңқайлар салынды. «Шіркін, біздің ауылда да осындай төраға болса» деген тілекпен қайттық.
Шаруашылық төрағасының осы­ған дейін туған жерін абаттандыру мақса­тын­да қолға алған жарқын жобаларын айта берсек, басылымның бірнеше бетін арнауға тура келеді. Бір қуанарлығы, олардың жалғасы әлі де жоқ емес екен. Кеше біз барғанда ауылдың орталық көшелері қалыпқа келтіріліп жатыр. Депутаттар да нағыз туған жердің қадіріне жеткен азаматтың игі бастамасына риза болды.
– Ауылын аялайтын азаматтардың көбісі қазақылықтың исі аңқып тұрған Қызылорда облысынан шығады. Бүгін де осындай бір тұлғаның тындырымды тірлігіне куә болып жатырмыз. Тұтастай бір өңір халқын жұмыспен қамту, ол ауылды абаттандыру жұмысын қоса атқару оңай шаруа емес. Қыруар қаржы бола тұра мұндай іске бармайтындар да болуы мүмкін. Осындай игі бастаманы қолға алу үшін алдымен туған жерге деген шынайы сезім керек, ауылға деген бойыңда жанашырлық түсінік қалыптасуы қажет. Сонда ғана қолға алған жобаң дәл осындай жемісті болады, – деді депутаттар.

Е.СОЗАҚБАЕВ.
07 мамыр 2019 ж. 360 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031