» » » Ұлтының уызына жарыған адам – мәдениетті адам

Ұлтының уызына жарыған адам – мәдениетті адам


«Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел». Ендеше мәдениеті төмен елдер өркениетке иек артпай-ақ қойса да болады екен. Адамзат баласы қанша ғылыми-технологиялық төңкерістер жасап, даму жолына түссе де, оның ішкі рухани жан-дүниесі жұтаң болса, өркениетті қоғам құра алмайды. Біз қазірде ғылым-білімі дамыған, жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізген мемлекеттерге қызыға қарап, оларды мәдениетті елдердің қатарына жатқызатын болып алдық. шын мәнінде адамзат өркениеті ғылыми-технологиялық прогресте емес, ол әр ұлттың тілінде, ділінде, дінінде, әдебиетінде, тарихында, рухында. Яғни біз шын өркениетті келер шақтан емес, өткен шақтан іздеуіміз керек екен. Олай деуімізге себеп, біздің ұлттық мәдениетіміз өткен ғасырлардың қойнауында қалып қойыпты. Ұлттық код деп жүргеніміздің өзі сол – ұлттық мәдениетімізде екен. Бір сөзбен айтқанда, мәдениет деген тек материалдық, мәдени, тарихи құндылықтар ғана емес, әр ұлттың ар-ұятының, салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының, сана-сезімінің, ақыл-ойының күзетшісі екен. Ал енді қазірде әр ұлтты осы мәдениетке қалыптастыратын өз ортасы бар десек, ол – киносы, театры, өнер шаңырақтары, мәдениет ошақтары. Біздің ата-бабаларымыздың заманында бұл миссияны сал-серілеріміз бен әнші-жыршыларымыз орындады. Шүкір, бүгінде тәуелсіз еліміздің өз мәдениеті қалыптасты. Опера және балет, кино, қуыршақ, әзіл-сықақ театрларынан кенде емеспіз. Оның бергі жағында әр ауданда, әр ауылда мәдениет үйлері жұмыс істеп тұр. Алайда осылардың барлығы халықтың рухани әлеміне жарық түсіріп, мәдени тәрбие беріп келе ме?
Біз осы орайда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Таңатар ­Доспановпен әңгімелескен едік.
– Таңатар Сағалұлы, сіздің осы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшылыққа келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Қанша дегенмен мәдени ортаның тынысы бөлек, ұжымдағы қызметкерлердің де мінез-құлқы, болмыс-бітімдері бір қалыпқа сыймайды. Жалпы шығармашылық адамдарының табиғаты елден ерекшелеу, олардың шабыттануына, тың идеяларды өмірге әкелуіне еркіндік керек. Бұрынғы қызметіңіздегі темірдей тәртіп, қатаң қағидамен қалыптасқан болмысыңызды осы ортаға келіп өзгерте алдыңыз ба, яғни шығармашылық ұжымға басшылық жасау қиынға соғып жатқан жоқ па?
– Әрине қиын. Шығармашылық ұжымды басқару тұрмақ, өзіңді сол ортаға лайықты ұстаудың өзі – сын. Алайда адам қажеттілікке қарай қай ортаға да өзінің қалыбынан шығып, бейімделу керек. Бірақ сенің бұндағы мақсатың – жеке басыңның қамын күйттемей, халық мүддесін көздеуі тиіс. Жалпы ортаға бейімделудің өзі мәдениеттің бір бөлшегі. Бейімділігің болмаса, сол ортамен, ұжыммен жақсы қарым-қатынаста тіл табысып, жұмыс жасау оңай емес. Менің осы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшы болып келгеніме екі жылға жуық уақыт болды. Бұл – аудандағы ауқымды саланың бірі. Аудан көлеміндегі іс-шаралардың барлығы дерлік біздің қатысуымызбен өтеді. Атап айтсақ, салтанатты жиындар, күнделікті бейресми шаралар мен мерекелік шаралардың барлығының да басы-қасында күні-түні мәдениет бөлімінің қызметкерлері жүреді. Сахналық қойылымдар мен концерттердің дайындығынан бастап, қыл аяғы микрофондардың орналасу тәртібіне дейін сәт сайын қадағалап оты­ру – біздің міндетіміз. Сондықтан да мәдениет бөлімінің басшысына ғана емес, олардың әрбір қызметкеріне де артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр. Мен бұл жерде тек бөлім қызметкерлерінің күнделікті жұмыстарын, тынымсыз еңбегін ғана айтып отырмын. Қандай да бір саланы басқарып отырған тұлғаға қойылатын ең басты талап – сол мекеменің ішкі жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру, ұжымның ауызбірлігін сақтау деп ойлаймын. 
– Жоғарыда ұжымдағы қызметкерлердің шығарма­шылық еркіндігі жайында сұрап едім?
– Ұжымда режиссердан бастап, әншілер, жыршылар, бишілер, музыканттар, сахна әртістері қызмет етеді. Оған Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған Халық театры, «Алтын арай» және «Қызғалдақтар» халық ән-би ансамбльдері, «Мұрагер» фольклорлық ансамблі және «Жігер» этно тобы, «Арай» мәдени үгіт тобы және жылжымалы мәдени демалыс кешендерін қосыңыз. Мәдениет бөлімінің қан тамырына нәр беріп отырған да негізінен осы шығармашылық топ. Шығармашылық өкілдерінің жаратылысы бөлек. Үнемі санасында сапырылысқан қалың ойдың құшағында жүріп, дүниенің тырс еткен дыбысынан, жылт еткен сәулесінен, қызылды-жасылды бояуынан шабыт іздейді. Олар жұрт сиятын қалыпқа сия қоймайды, шеңбердің ішінде өмір сүре алмайды, өздерінің жасап алған мөлдір әлемі бар. Сондықтан олардың шығармашылық толғаныс үстіндегі «кем-кетіктеріне» кешіріммен қарауымыз керек. Өйткені шығармашылық жұмыстың жан азабы мен ләззатын өнер иесінен басқа жан баласы сезіне алмайды. Бірақ бұл мәдениет бөлімінің шығармашылық тобы мекеменің ішкі тәртібіне бағынбайды деген сөз емес...
– Әр басшы өзі басқарып отырған ұжымын алға ілгерілету үшін жұмыс істейді және соған сәйкес өз ұстанымы болады. Осы орайда сіздің қызметтік ұстанымыңыз қандай?
– Иә, әр басшының ұжым басқаруда бірі-біріне ұқсамайтын өзіндік ұстанымдары болады және олардың ұстанған бағыты мен ұжымдағы қызметкерлердің көзқарасында кейде қайшылықтар болуы да мүмкін. Алайда заңға сәйкес бекітілген әр мекеменің ішкі тәртібі бар. Оны белден басуға ешкімнің құқы жоқ. Сондықтан мен басшылық қызметімде көбіне заңға сәйкес жұмыс жасаймын. Әрине, жоғарыда айтып өттім, шығармашылық ұжымды қатып қалған қағидамен басқаруға тағы да болмайды. Бір сөзбен айтқанда, менің басшылық қызметтегі ұстанымым – қарапайымдылық және талапшылдық. 
– Сіздіңше, мәдениетті адам қандай болуы тиіс?
– Мәдениет – әр халықтың ғасырлар түзген төл тарихының жиынтығы. Ендеше, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білетін және соны ұстанатын, бір сөзбен айтқанда, ұлтының уызына жарыған адам – мәдениетті адам. Меніңше, қазірде сол ұлттық құндылықтарымызға қосымша адам бойына мәдениет қалыптастыратын отбасынан алған тәрбиесі, өскен, білім алған және қызмет істеген ортасы. Яғни адам баласының осы төрт кезеңдегі ортасы жақсы болса, ол мәдениетті һәм зиялы адамдар қатарында болады деп ойлаймын. 
– Қай деңгейдегі мәдениет ошақтары болсын, сол аймақтағы жергілікті халықтың мәдени өміріне қызмет жасауы тиіс. Осы тұрғыда аудандық мәдениет бөлімінде атқарылып жатқан қандай жұмыстар бар?
– Жаңа айтып өттім, аудандағы барлық салалардың ішінде осы мәдениет бөлімінің жұмысы қым-қуыт, бір сәтке де толастамайды. Жетістіктер де жоқ емес. Оның барлығын жіпке тізіп айта берудің қажеті жоқ шығар. Өйткені аудан жұртшылығы мәдениет саласындағы жылт еткен жаңалықтарды күнделікті газет бетінен көріп, біліп отыр. Десе де, жуық арадағы бәрекелді дегізетін жетістіктерімізді айта кетсек артық болмас. Мәселен, Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы «Алтын арай» халық ән-би ансамблі «Аманат music» ІІ халықаралық байқауының республикалық кезеңінде жүлделі І орынды иеленді. Сонымен бірге осы аталған байқауда жерлесіміз Орныққан Пазыл ән жанры бойынша бас жүлдені жеңіп алып, байқаудың халықаралық кезеңіне жолдама алса, Шадияр Болатбекұлы ІІІ орынды иеленді. Сонымен бірге Т.Жүргенов ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Мереке» би тобы Алматы қаласында өткен ІІ халықаралық «Ұлы дала ұрпағымыз» атты балалар мен жастар байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Жаңадария ауылдық клубы жанындағы «Әзілизация» әзіл-сықақ отауы Қ.Сұлтанбаев атындағы «Күлкі-думан» атты әзіл-сықақ отауларының облыстық байқауынан ІІ орынды еншіледі. Кеше ғана «Алтын арай» халық ән-би ансамблінің бишісі Әсел Айдосқызы Ташкент қаласында өткен халықаралық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы байқауынан бас жүлдемен оралды. Осылардың барлығы өнер ұжымының еңбегінің жемісі, ізденісінің нәтижесі, мәдениет бөліміндегі атқарылып жатқан жұмыстардың айғағы деп білемін. 
– Ауылдық жерлердегі клуб үйлерінің жай-күйі қалай? Аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендердегі мәдениет ошақтары ауыл халқының рухани қажеттілігіне өз дәрежесінде жұмыс жасап отыр ма?
– «Ел іші – өнер кеніші». Өнер адамдарының алғаш тамыр байлаған топырағы – ауылда. Мәселен, Ақсу және Еңбек ауылдық клубтары жанынан құрылған «Батыр аналар» ансамбльдері өз өнерлерімен аймағымызға танылды. Аталған ансамбльдер уақыт озса да, әлі күнге дейін дәстүр сабақтастығын жалғап келеді. Өнер ұжымының құрамы батыр аналардың жаңа буынымен толығып, көрермендердің қошеметіне бөленіп келеді. Ал жаңа ғана атап өткен Жаңадария ауылдық клубы жанындағы «Әзілизация» отауы және «Ақмерей» қуыршақтар отауы шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде аз уақыттың ішінде аймақ жұртшылығына танылып үлгерді. Сол секілді Т.Жүргенов ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Мереке» би тобы халықаралық байқаудан бас жүлдені иеленді. Мен тек соңғы бір-екі айдың ішінде ғана қол жеткізген жетістіктерімізді айтып отырмын. Осыларды саралай келгенде, ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтары да жүйелі жұмыстар жүргізіп отыр деп айтуға әбден болады.
– Жоғарыда «Алтын арай» жайында айтып қалдыңыз. Сонау жетпісінші жылдары республика көлемінде танылып, абырой, атағы аспандаған ансамбльге биыл 50 жыл толып отыр. Аз уақыт емес, әрине. Бұл дөңгелек датаны белгілі бір дәрежеде атап өту жоспарда бар ма? 
– Өзіңіз айтқандай, «Алтын арай» халық ән-би ансамбльінің тарихы тереңде. Кеңес одағының кезінде сонау Мәскеуде өткен бүкілодақтық ауыл шаруашылығының көрмесіне қатысып, өз өнерлерімен КСРО халқын таңғалдырған ансамбльге биыл елу жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде бұл өнер ұжымында бірнеше буын өкілдері жұмыс жасады. Ансамбльдің алғашқы құрамында болған аға-апаларымыздың көбі бүгінде өмірде жоқ. Олардың ізін жаңа буын жалғастырып келеді. Сол кісілердің бүгінгі ізбасарлары ансамбльдің абыройын­ одан әрі асқақтатып жүр. Сондықтан атағы Алашты аралап кеткен «Алтын Арайдың» мерейтойын жоғары дәрежеде атап өтпесек, аудан жұртшылығына сын шығар?! Аудан әкімі тиісті қаржысын бөлді, Құдай қаласа, алдымыздағы күз мезгіліне жоспарлап отырмыз, дайындық шаралары басталып та кетті.
– Риясыз әңгімеңізге рақмет. Тәуелсіз елімізді гүлдендіру жолындағы жұмысыңызға сәттілік тілеймін!


Сұхбатты жүргізген 
Қуат Ахетов



06 шілде 2019 ж. 75 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№45 (9521)

11 маусым 2019 ж.

№44 (9520)

07 маусым 2019 ж.

№43 (9519)

04 маусым 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

09 шілде 2019 ж. 125

ХАБАРЛАНДЫРУ

05 шілде 2019 ж. 82

Сессияға шақыру

02 шілде 2019 ж. 102

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031