» » » БАС ҰСТАУҒА ДА БАС КЕРЕК

БАС ҰСТАУҒА ДА БАС КЕРЕК


Ел ішіндегі үлкен жиындарда ақсақалдарға аспен бірге малдың басы тартылып жатады. Сондайда кейбір кісілер “Менің бас ұстауға хақым жоқ” деп келесі адамға береді. Бұл – әкесі тірі адам бас ұстауға болмайды дегеннен туған ырым.

Бас жолына, жөніне, жасына қарай тартылады. Осы ретте этнограф Болат Бопайұлының жазбасынан бас тартуға қатысты түсініктемелерді бергенді жөн көрдік.
Этнографтың айтуынша, дастарханда бас кесудің өз тәртібі бар. Басты ұсынғаннан кейін бірінші бата оқылады екен.
“Бастың тұмсығын өз жағына қаратып, оң жақ езуінен кесіп, оны табаққа салады. Бұл – үйдің құты басқа жаққа кетпесін деген ырым. Ал екінші езуін басты кесіп отырған адамның өзі жейді. Кейін құлақты кесіп, оны үйдегі кішкентай балаға ұсынады. Мұндағы ырым – құймақұлақ ұғымтал болсын, сөз ұғатын болсын дегені”, – дейді Болат Бопайұлы.
Бірақ қос құлақты бірден ұсынбайды екен, себебі ол кезде бала айтылған сөз бір құлақтан кіріп, екіншісінен шығып кететін ақпа құлақ болып өседі деген де сөз бар. “Содан кейін басты түгел кесіп, үйдегі адамдардың бәріне ауыз тигіздіреді. Осы арқылы басымыз қосылып жүрсін, берекеміз бұзылмасын деп ырымдаған. Басты жеке-жеке жемейді. Себебі басымыз жеке қалады деп қорқады”, – дейді этнограф.
Болат Бопайұлы басты түгел кесіп тастамай, оның қалғанын үйдің иесіне ұсынатынын жазған. “Басты әкесі тірі адам мүжімейді екен.
Әйтпесе, әкесі өледі деп ырым еткен. Оның үстіне, бұл әкенің орнына, жолына таласқандық болып саналады. Сондықтан басты кесіп отырған қариялар “Осы отау иесінің әкесі тірі ме?” деп алдын ала сұрап алады”, – дейді ол.
Тағы бір айта кетерлігі, бастың төбесінен кесіп, дастархандағы ең беделді адамға ұсынады, бұл елге тіреу болып жүр дегені.
“Езуі мен тілін кесіп алып, шешен адамға ұсынады. Бұл – езуінен енші беріп жүрсін, елдің қамын, халықтың тағдырын айтсын деген ырым. Ал бастың таңдайын “әнші бол, таңдайы тақылдаған шешен бол” деп көп жағдайда қыз балаларға ұсынады”, – дейді маман. Тіпті бастың көзін берудің де өзіндік жолы бар екен. Екі көзді бір адамға ұсыну керек. Себебі оны екі адамда бөліп берсе, олар алакөз болып, жауласып кетеді деп санаған.

Әзірлеген Е.СОЗАҚБАЕВ
27 тамыз 2019 ж. 397 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 66

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930