» » » ӘН ӘЛЕМІНДЕГІ ҚҰБЫЛЫС НЕМЕСЕ ӘУЕНГЕ АЙНАЛҒАН АҚҚҰС

ӘН ӘЛЕМІНДЕГІ ҚҰБЫЛЫС НЕМЕСЕ ӘУЕНГЕ АЙНАЛҒАН АҚҚҰС

Ертеде бір Аққұс өмір сүріпті. Ән салғанда оның сиқырлы даусынан қара орман сыңсуын қойып, сарқыраған өзен ағысын тоқтатып, қара аспан көз жасын тиып, күллі дүние мүлгіп қалады екен. Бір күндері оны күндесі Қарақұс аңдып жүріп ұстап алып, өлтірмекші болады. Астына басып алып қан шеңгелімен алқымынан алғанда Аққұс бірер сәтке ғана жанына сауға сұрапты. Қарақұс тілегін орындап, бір сәтке босатыпты. Сонда Аққұс: «Мен өмірге ән болып, әндетіп келген едім, енді өмірден өтерімде де әндетіп кетейін. Бір ән салуға мүмкіндік бер, содан соң өлтіре беруіңе болады», – дейді. Қарақұс келіседі. Аққұс соңғы рет ән са­лады. Мұңлы әннің әсерінің күші соншалық, әлгінде ғана жарқырап тұрған күн лезде бұлтқа кіріп, дүниені қара түнек басады. Орман да, тау да, өзен де, дала да, жел де әнге қосыла егіледі. Ән мұңмен басталып, зармен аяқталады. Қарақұс есін жинаса, ғұмырында ешкімге селт етпеген жүрегі жібіп, көзінен тарам-тарам жас ағып отырғанын аңғарады. Бірақ қара ниетті тіршілік иесі бойын бір сілкіп ән әсерінен лезде арылып, Аққұсқа қарайды да: «Сені бір жолға босаттым, бірақ енді қолыма түссең, сенің әніңді тың­дамай өлтіремін», – дейді...
Париж аспанында ән әуелетіп, ашық даусымен дүйім елді таңырқатқан кешегі Әмірелерден кейін төрткүл дүниенің жанарын өзіне жалт қаратып қазақ аспанында тағы бір жарық жұлдыз туды. Бүгінде дүниенің төрт бұрышында ең көрермені көп, ең тыңдарманы көп әнші Димаш Құдайбергенов болып тұр. Тіпті Димаштың абыройы рок музыкасының каролі атанған биші Майкл Джексоннан да асып түсіп, атағы алты құрлыққа жайылды. Бүгінде жер шарында Димашты танымайтын, оның әнін тыңдамайтын ел жоқ. Қазақтан шыққан жас әншіге және оның өнеріне табынушылар күн сайын, тіпті сағат сайын артып келеді. Ең алғашқы әлемнің көптеген мемлекеттерінде өткен ән байқауларында иеленген Гран-При жүлделерін есепке алмағанда, 2017 жылы Қытайдағы «Мен әншімін» (І am a singer) байқауында жеңімпаз атанып, феноменге айналды. Міне, осыдан кейін Димаш Құдайбергенов деген жаңа есім әлемді елең еткізді. Елімізге белгілі әнші жұп Қанат пен Света Айтбаевтардың тұңғыш ұлы және ең алғашқы шәкірті Димаштың даусындағы сиқырлы бояуға және оның орындау шеберлігіне талдау жасаған әлемдік дәрежедегі музыка мамандары таңырқаумен келеді.
Бүгінде жас әнші әлемнің қай мемлекетіне барса да тыңдарман-табынушылары құшақ-құшақ гүлдерімен, «шіркін-ай, әншінің түрін бір көрсек» деген алып-ұшқан көңілмен әуежайдан күтіп алып, «Димаш-Қазақстан!» деп шулағанда көңілің толқып, еріксіз көзіңе жас келеді. Еуропалықтардың Димаштан қолтаңба алу тұрмақ, қолынан бір ұстап қалуды өздеріне мәртебе, дәреже санап жатқанын көргенде қазақ болып туғаныңа қуанасың, қанаңа симай мақтанасың. Осындай сәттерде табиғатты өзіне табындырған аңыздағы ғажайып Аққұс Димаштың бейнесіне еніп алып, алты құрлықтың аспанында қалықтап жүргені көз алдыңа елестейді.
Иә, бүгінде әлем Димашты біледі, Димаш арқылы қазақты таныды, қазақтың әнін тыңдады. Әлем жас әншінің көркем келбеті мен сұлу сымбаты, бойындағы барынша қарапайымдылығы, сыпайылығы мен мәдениеті арқылы қазақ ұлтына ғашық болды. Тіпті солардың көбі Димашты тудырған Қазақстан деген елге алғысын айтты, құрметінің белгісі ретінде бірі Қазақстанның көк туын көшеге көтеріп, шықса, енді бірі қазақтың ұлттық киімін дәріптеді. Қытайда Димаштың ұлттық нақыштағы сахналық киімінің үлгісінде шапандар тігіліп, сатылымға шықты және ол тауарлар ә дегеннен жоғары сұранысқа ие болды. Жуырда ғана Нью-Иоркте өткен концертінде америкалық талғампаз тыңдармандар Ресей жұлдыздарына емес, әлемнің көптеген тілдерінде және өз ана тілінде халық әндерін нақышына келтіре шырқаған Димашқа деген қошеметі мен құрметінің зор екенін айқын аңғартты. Тіпті бір австралиялық егде әйел емі табылмай, ұзақ жыл азабын тартқан қатерлі дертінен күнде таңертең Димаштың әндерін тыңдау арқылы айыққанын күллі әлем баспасөздері жарыса жазып, ғаламтор желісін шарлап кетті. Кейбір елдерде сүйікті әншілерінің ана тілін түсіну үшін ғаламтордан қазақ тілі курсына жазыла бастағаны да аңызға бергісіз ақиқат. Шет елдердің баспасөздері қазақстандық әнші жайында «Димаш – Тәңірдің өз назарына алған бала» деп жазды. Иә, Димаш сахнада ән шырқағанда оның дауысы таңдайынан, көмейінен емес, жанынан, жүрегінен шығып тұрады. Сосын да тыңдарман Димаштың әндерін толқымай, көздеріне жас алмай бей-жай отырып тыңдай алмайды.
Кеше ғана Жапонияның астанасы Токио әуежайы Димаш Құдайберген мінген ұшақтың келу рейсін қазақ тілінде хабарлады және әншінің межелі жерге дейінгі жеке басының қауіпсіздігі Жапония үкіметі тарапынан қатаң қадағаланғаны сонша, Димашқа ұсынған түрлі сыйлықтар мен шоқ-шоқ гүлдер алдымен полицияның мұқият тексеруінен өтіп, содан соң барып иесіне берілді. Сөйтіп қазақстандық әнші Жапаноияны қазақша сөйлетті. Бір ғажабы, дәл осындай құрмет осыған дейін әлемге әйгілі әншілерге көрсетілмепті.
Жоғарыда айтып өттік, Димаш көрерменіне, тыңдарманына тек өнерімен ғана емес, бойындағы түп-тамырынан тартқан тектілігімен, ата-анасынан сіңірген тәлім-тәрбиесімен де сүйкімі артып, ән әлемінде әлі жан баласы бағындырмаған шырқау биікке көтерілді. Өнер де тазалықты, шынайылықты қажет етеді. Сахнаның киесі бар екені рас. Бірақ сахнаның киесінен қорқып жүрген әнші жоқ, бүгінде. Отандық әншілердің дені фонограммамен ән салады, халықты алдап, қалталарын қағады. Ол аз десеңіз, тыңдарманын сыйламайды, сахнада тұрып көңіліне жақпаған көрерменін тілдейді. Ал Димаштың олардан ерекшелігі сол, сахнаны да, тыңдарманын да құр­меттейді, халықтың алдында өзінің жауапкершілігін сезінеді. Ең бастысы, Димаш өзіне тек әннің ғана емес, бүтін бір ұлттың ар-ұяты мен намысы аманатталғанын түсінеді. Анасынан адам болып туған Димаш бүгінде күллі адамзат жүрегін тербейтін сиқырлы әнге айналып кетті. Ендеше, дүниені әнімен әлдилеген Аққұстың самғар аспаны қараулықтан азат болсын! Бұл біздің ғана емес, Димаш сынды алтын ұлды тудырған барша қазақ халқының тілегі.

Қ.АХЕТОВ
19 қараша 2019 ж. 207 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9572)

07 желтоқсан 2019 ж.

№95 (9571)

04 желтоқсан 2019 ж.

№94 (9570)

30 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 485

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 472

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031