» » » Арманы асқақ «Адырна»

Арманы асқақ «Адырна»

Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген даналық бар. Өнер деген өрісі кең, өлкесі әсем сыршыл әлем ғой. Оған қауызы жаңа ашылған қауырсын қанатты бала да, ақыл-ойы кемел дана да құмар. Адамзаттың рухын оятатын, қиялға қанат бітіретін өлең деген, поэзия деген сол құдіретті өнердің тәжі десек, қателеспейтін шығармыз.

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы.
Сонда да солардың бар таңдамасы
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы?
Міне, өлеңнің құдіретін Абайдан артық таныту мүмкін емес. Өлең жазуды оңай көретіндер қателеседі. Оның ішкі иірімдері, мағынасы мен қуаты бірін-бірі толықтырып, нәрлендірмесе, көптің жүрегіне жетпейді. Осы тұрғыда дарыны бар балаға да таланты ашылып, шиыршық атып шыңдалуы үшін тәй-тәй басқан қадамынан жетелеп, бәйге атындай баулып, шаршы топқа дайындайтын бапкер ұстаз керек. Хас жүйрік сол кезде шын бабына келіп, дүбірлі додада талай жүйрікті шаң қаптырып, жеңіс тұғырынан көрінеді. Талай республикалық жыр до­дасы айтыста жүлделі орынмен ора­лып, Сыр елінің мәртебесін күллі Алаш­қа танытқан белгілі айтыскер Мамыр Байдәулетов – бүгінде қасиетті жыр­дың бастау бұлағымен сан шәкіртті сусын­датып, ұлтымыздың ұлық өнеріне жана­шыр болып жүрген жанның бірі. Ол – Жа­ла­ғаш аудандық мәдениет және өнерді да­мыту орталығы жанынан құрылған «Адырна» жас ақындар үйірмесінің же­тек­шісі. Ұстаздықты кәсіп қылған өнер иесінің еткен еңбегі, төккен тері босқа кетпей, шәкірттері жеңіс тұғырынан кө­рініп, бапкерінің мәртебесін көтеріп отырғаны қуантады.
–Мен көп ойланып жас қаламгер ақын­дарды өзімнің бойымдағы тәжірибем, біл­ген-түйгеніммен шығармашылыққа баулуға бет бұрдым. Ел ішінде жүрген қаншама талант бар. Олардың өнерде тоқырап қалатыны жөн сілтеп, бағдаршам болар ұстаз жоқтықтан. Шабытын ашып, арқа қоздырар біз секілді ағалары болмаса, бұл олқылықты кім толтырады? Сондықтан 2019 жылы сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмахановтай өнерге жанашыр жан­ның ұсынысымен үйірме етіп ашып, жетек­шілікке мені шақырған болатын. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жанның бірімін ғой. Бұл өте құптарлық іс екен деп келісе кеттім. Аудандық мәдениет пен өнерді дамыту бөліміндегі әріптестеріме де ризамын. Үнемі жұмысыма қолдау көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде бүгін­де жұмыс жанданып келеді. Алғашқы кезде шамалы қиындықтар болды. Көш жүре түзеледі. Баланың бойынан иненің жасуындай талант көрсек, соған қуанып, алға жетеледік. Үйірмеге 20 жасқа дейінгі студенттер мен мектеп оқушыларын тарттым. Өткір қылыш қын түбінде жат­пайды. Біртіндеп ел аралап, талапты жандарды таба бастадым. Тест сұрағын беріп, іріктеуден өткіздім. Талабын, аяқ алысын білген соң, өлең құраудың ішкі технологиясын, буын, бунақ, шумақ құрауды үйрете бастаймын. Ақындық деген өнердің мәнін түсіндіріп, мықты ақындардың өлеңін жіберемін. 4-5 айдан кейін ширап, әп-әдемі өлең құрастыратын дәрежеге жетеді. Өзім көлікпен барып үйретемін. Үйірмеге толыққанды мүше болғаны үшін кеудесіне «Адырна» үйір­месінің белгісін тағып, баланы қа­нат­­тандырамыз. Шәкірттерім ұятқа қал­дыр­ған емес. 3 айтыскер, 5 жазба ақынды тәрбиелеп, үлкен бәйгелерге қостым. Аллаға шүкір, жемісін бергеніне қуанамын. Еңбектен жазба ақын Зылиха Жаңабай өлең өлкесінде әп-әдемі төселіп үлгерді. Әлина Сандыбай республикалық жарыста бас жүлдені жеңіп, көш бастады. Ал Жалағаш кентінен Дидар Өмірзақ, Дамир Айтбай, Қаракеткеннен Мейіржан Қартбай республикалық жыр додаларында бір­неше мәрте 1 орынды иеленсе, Дамир Айтбай облыстық ай­тыстан 2 орын алып, үкілеген үмітті ақ­тады, – дейді ұстаз.
Мамыр Байдәулетовтің айтуынша, бұдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда қаласында «Ақ қауырсын» жас ақындар үйірмесін құрып, оның нәтижесімен талай жеткіншек тек қала, облыс қана емес, республикаға танылып, шәкірттері ұстазға жұлдызды сәттер сыйлапты. Үйірмеден қанаттанған өнерпаздардың тырнақалды туындысын топтастырған кітап та жарық көріпті. Міне, ұстаздың бұл – жалықпайтын қажырлы еңбегінің нәтижесі. Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жас жұлдыздар өткен жылы қалалық «Ақ қауырсын» үйір­месінің мүшелерімен кездесіп, әріп­тестік байланыс та орнатқан. Осы байланыстың оң ықпалы болып, шәкірттер өздерін бау­лыған бағбан ұстазға тек шаттық сыйлап келеді.
Жуырда ғана аудан орталығында 13 пен 25 жас аралығындағы оқушылар мен жастар айтысы өткен болатын. Дүбірлі дода қорытындысында үміткерлерден оқ бойы оза шапқан Дидар Өмірзақ, Мейіржан Айтбай енді республикалық оқушылар айтысында бақ сынайтын болады. Онда жұрт аламанды алып түсер Жүрсіннің жүйріктері мен ар­қа­сына қамшы салдырмайтын Ма­мыр­­дың мар­қасқаларының айтысын тама­ша­лай­ды.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
13 қазан 2020 ж. 79 0