» » » "Қолпаштайтын ешкімім жоқ": "Маска" жеңімпазы шоу әділетсіз өтті дегендерге жауап берді

"Қолпаштайтын ешкімім жоқ": "Маска" жеңімпазы шоу әділетсіз өтті дегендерге жауап берді

Қазақстандық өнерпаздар арасында өткен "Маска" шоуында әнші әрі театр актері Ерден Жақсыбеков жеңіске жетті. Ол "Арқар" образында өнер көрсеткен. Әртүрлі образдағы он төрт адамның ішінен жеңіп шыққан әнші бастапқыда "Барыс" кейпінде өнер көрсеткісі келгенін айтып, сайыс қорытындысы төңірегіндегі алып-қашпа әңгімеге қатысты пікір білдірді.

 Ерден, жобадағы жеңісіңіз құтты болсын! Әңгімені әріден бастасақ, бұл жобаға қашан шақырту алдыңыз, бірден келістіңіз бе?

Жобаның түсірілімі бір айға жуық уақытқа созылды. Шақырту алған кезде бірден келістім. Себебі әлемге танылған жоба идеясы басқа жобалардан ерекшеленеді. Бір жыл бұрын осындай жобаның басқа елдерде басталғанын көріп, "кімнің идеясы екен?" деген қызығушылық туды. Біздің елде бір күні өтетін шығар, өтсе де мені шақыру-шақырмауы да белгісіз ғой деген ой болды. Елеп-ескеріп шақырады деген ой болмады, жай армандап қойдым.

Содан жарты жыл өткен соң былтыр қарашада жоба продюсері хабарласты. Бастапқыда не үшін хабарласып жатыр екен деп таңғалдым. "Осындай жобаны естуің бар ма, қатысқың келе ме?" деп сұрады. Сол кезде сенер-сенбесімді білмей, іштей қатты қуандым. Қуанышымды білдірмеген болуым керек, жоба продюсері "шынымен қатысқың келе ме?" деп қайталап сұрады. Мен қуана-қуана қатысқым келетінін айттым. Содан жобаның өтетін уақытын айтып, дайындала бер деді. Қаңтардан бастап дайындалып, наурызда түсірілімі болды. Осылай бір арманым орындалды.

- Қазір Ғабит Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істейсіз. Сізді әнші дейік пе, актер ме?

Бала күнімнен әншілік мен үшін бірінші орында. Әкем әншілікке дайындап, бала күннен байқауларға қатыстырды. Қаншама халықаралық байқауларда төбе көрсетіп, жеңіспен оралдым. Жеңемін деп ойламасам да еңбегім мен дарыным бағаланды. Осы уақытқа дейін әншілік жолмен келдім. Эстрада жағын бала күннен мектепте жүріп меңгерген соң әкем актерлік шеберлік мамандығын ұсынды.
Бұл мамандықты болашақта шығармашылығыма үлесін қосады деген оймен таңдадым. Өзімнің бойымда ұшқыны байқалған басқа бір қабілетті ашқым келді.
Әнші әрі театр актері Ерден Жақсыбеков
- "Маска" жобасында "Арқар" рөлінде өнер көрсеттіңіз. Бұл кейіпкерді өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде ұйымдастырушылардың шешімі ме?
Өнер адамы болған соң жобаға қатысатынымды естігеннен бастап қиялдап, елестететіп жүрдім. Арасында маған қандай кейіпкер бұйырар екен деп ойладым. "Барыс" болғым келді. Алайда жобада мұндай кейіпкердің бар-жоғынан хабарсыз едім. Хабарласып, "Арқар" кейпінде өнер көрсететінімді естігенде қабылдай алмадым. "Барыс" образында шыққым келгенін айтқанымда сахналық костюмдердің тігіліп қойғанын, өнерпаздарға бөлініп қойғанын айтты.
Арқарды теледидардан көргендер қошқар немесе қой деп, оның арғы жағында "баран" деп те айтуы мүмкін ғой деген ой болды. Бұл күлкі шақыратын образ деп қабылдадым. Ертең байқауда салмақты ән айтсаң, көрермен қабылдай алмай қала ма деген іштей уайым болды. Кейіннен бағыма бұйырған образ екеніне көзім жетті.
Қазір тек барыс қана емес, арқар да биікте жүретін жануар екенін, оның да қазақтың болмысын көрсететін символ екенін байқап отырмын.

- Жобада жеңімпаз қалай анықталды?
Жоба жеңімпаздарын әділқазы алқасы анықтады. Олар масканың артындағы өнерпаз арасынан өзіне ұнағанын параққа жазады. Қазылар бірлесіп, бір кейіпкерді жобадан шығаруды шешпейді, керісінше әрқайсысы өзіне ұнағанын таңдайды. Әр кезеңнің соңында ең аз дауыс жинаған қатысушы жобадан шығады. Бұл жобаға көрермен өкінішке қарай қатыса алмады, сол себепті жеңімпаздарды қазылар алқасы анықтады.

- Қазылар тарапынан "Арқар" образында Ерден Жақсыбек деген болжамдар айтылды ма?
Иә, айтылды. Тек "Арқар" образына ғана емес, басқа кейіпкерлерге де бірнеше рет айтылды. Диапазоны кең әндер орындалса, бірден менің атым аталатын. Оған мен қуандым. Ал менің образыма қатысты финалға дейін қазылар алқасынан нақты шешім болған жоқ. Ара-арасында "болуы мүмкін" деп айтты. Менімен қатар бірнеше нұсқа ұсынып отырды. 100% сенімді болған жоқ. Ерден немесе "Заман" тобындағы Ерген Айтымбетовтың аты қатар аталды.

- Жобада "Бүркіт" образы қызу талқыланды. Ойыңыз қандай? Ол образда өнер көрсеткен әнші Әміре финалға жетуі керек пе еді?
Әміре өте дарынды жігіт, өз жұмысына ыждахатпен қарайды. Мен сияқты ол да байқаулар арқылы өсіп келе жатыр. Бұл жобаға қатысты түрлі пікір айтылуда. Бағдарлама алдын ала түсіріліп қойды. Біткен іске сыншы көп. Ал жалпы әнші де, халық та қай әннің хит болатынын білмейді. Әміре де халықтың осындай қошеметіне бөленемін деп ойламаған да болар...

Әр адамның өнеріне жанкүйер табылады. Менің де, басқаның да өз тыңдарманы бар. Әмірен көпшіліктің жақсы көріп қалғанын байқадым. Соған қатысты неше түрлі әңгіме айтылады, оған уақыт өте мән бермейтін болдым. Жоба әділетсіз өтті дегенде қынжыласың... "Әділетсіз шешім" деп айтады, халық жобаның қалай өткенін білмейді ғой. Мен өзімнің жеңімпаз болғаныма таңғалдым. Әділқазыларға әртүрлі жанрдағы әнім мен өнерім, биім мен көрсеткен шоу ерекше ұнап, осындай баға берді. Әрі қарай "бүркіт" жеңсе де, басқа жеңсе де, менің де жанкүйерлерім шешімге қарсы шығуы мүмкін.

Жоба әділетсіз өтті дегенге қатысты айтарым – мені сол жерде қолдап, қолпаштайтын продюсерім де жоқ. Бағдарламаға қатысуға көмектескен танысым да жоқ. Менің осы жүлдені сатып алғаным туралы да айтылып жатыр. Осындай сөздерге таңғаласың...

- Жобаға қатысушылар "маска" артында кім тұрғанын білді ме?
Жоқ, соңына дейін білген жоқ. Себебі жоба түсірілген ғимаратқа қатысушыларды жеке-жеке шақырады. Ал жоба басталмай тұрып әр қатысушыға арнайы киім тіктірген. Спорттық киімге "менімен сөйлеспеңіз" деп жазылған. Сондай-ақ тек қара киім киюге рұхсат берілген. Жүзімізді жауып тұратын бетперде берді. Бір-бірімізді сахналық нөмір ауысқан кезде маскамен жүрген кезде көрдік.

- Жобада жеңіске жететініңізге сенімді болдыңыз ба?
Ең алдымен қандай да бір байқау, жобаға шақырту алғаныма қуанамын. Елеп-ескеріп, өнерімді бағалап, сеніп отыр деп қабылдаймын. Оның өзі жетістік. Ал кез келген байқауда жеңемін деген ой болады. Жеңіске деген сенімділік бірде 5%, бірде 10% болуы мүмкін.

Жеңіске жеткен кезде өзім де сенбей қаламын. Себебі психологиялық жақтан өзімді кез келген шешімге дайындаймын. Кез келген жобада финалға жетсем екен деп армандайтынмын. Сол сияқты бұл жобада финалға жеткім келді. Әрі қарай жүлдені алу-алмаудан бұрын финалға жету - мен үшін жетістік.

sputnik.kz
07 маусым 2021 ж. 191 0