» » » Актер – өнердің әмбебап өкілі

Актер – өнердің әмбебап өкілі

Өнердің киелі екенін ол балалық шағынан ұғына білді. Айналасындағы көркем дүниені көріп, көкірек көзімен түйсіне білді. Оның үстіне ата-анасы да өнерден құр алақан емес еді. Әкесі Құлахмет Аманов терме айтып, қолынан қара домбырасын тастамаса, анасы Мейрамкүл Асқарова кезінде Жаңаталап ауылындағы көркемөнерпаздар тобымен ауыл аралап, ән шырқаған еді. Әуелеген ән десе шалықтап кететін әкесінің ұсташылық өнері де бар. Қалай дегенмен де отбасындағы ұлттық тәрбие мен өнердің кәусар бұлағынан сусындаған Олжас Амановтың бойындағы талант әке тәрбиесімен, ана сүтімен дарыды. Жалағаш кентінде дүниеге келген талантты жігіт №202 орта мектепте білім алды. Орта мектепті бітірген соң облыс орталығындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне оқуға түсіп, ән салу мамандығын меңгереді.

«Бала кезден актер болуды ар­ман­дадым. Ата-анама қойылым қойып жүр­дім. Менің көрерменім – ауыл­дастарым, яғни жалағаштықтар. Олар­дың қошеметі мені жігерлендірді. Өнер жолына жетеледі. Осылайша сахна төрі­нен бір-ақ шықтым. Әуелі үйде, аулада өнер көрсеттім. Алғаш сахнаға 9 сыныпта оқып жүргенде шықтым. Сол сәттен бастап сахнадан түспей келемін. Сахна жаныма жақын. Театрда өнер көрсету – әрбір жастың арманы. Мен өз арманыма жеттім деп есептеймін» дейді жас актер.

Бүгінде ол – Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ му­зы­калық драма театрының актері. Өнердің қара шаңырағында 2011 жыл­­дан бері үздіксіз еңбек етуде. Сах­на­дағы 10 жылдық белесінде талант иесі түрлі образдарға еніп, өзінің актер­лік, кәсіби шеберлігін шыңдап келеді. Кезінде актерға марқұм, өнердің май­талманы Қаракөз Ақдәулетова дәріс берген. «Сах­на мәдениеті мен өнердің құ­дыретін маған танытып, шалқар ша­бытымның оя­нуы­на ықпал жасап, тәр­биелеген атақ­ты режиссер, ұстазым Хұсейін Әмір-Темірге, таны­мал актер Бақытбек Алпысбаевқа ал­ғы­сым шек­сіз» дейді кейіпкеріміз ағы­нан жарылып.

Иә, өзі айтып өткендей, сахна саң­лақ­тарынан кәсіби өнер құпиясын үйренген Олжастың сахнада сомдаған образдары көрермендерді тәнті етуде. Бұл да бол­са саф өнердің қасиеті болар. Ол жан-тәнімен өзінің ойнаған кейіпкерінің рөліне кіріп кетіп, өзге дүниені сол сәт ұмытатынын айтады. Шынымен бұл керемет емес пе? Ол дегеніңіз актер­дің шеберлігінің шың­дал­ғанынан ха­­бар береді. Ол­жас­­тың ойнаған «Кем­пір шалдың кен­жесі» комедиясы, «Ар­ман-ай», «Қыз жиыр­маға толғанда» спек­та­клдері көп­шілік көңілінен шықты. Біз­дің кейіп­керімізге мелодрама және дра­малық рөлдерде ойнаған ұнайды екен. Алайда актер болған соң қай рөл­ді жүктесе, соны алып шығуға тыры­са­тынын айтады ол.

Шынында актер өнердің әмбебап өкілі болуымен ерекшеленеді. Ол би де билеп, ән де шырқап, бірде бұлтты күн­дей мұңайып, бірде жарқырап шыққан күндей шаттанып, халықтың жүрегін жаулап алуы керек. Елге рухани азық сыйлайтын өнерпаз болу үшін көп із­де­ніп, көп оқып, таным көкжиегіңді да­мы­тып отыру керек. Міне, осындай із­де­німпаз, еңбекқорлық қасиет актер­дің бойында бары қуантады. Бір сөзбен айт­сақ, ол – «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт.

Сөз арасында Олжас жастар ара­сын­дағы жұмыссыздық мәселесіне пі­кір білдіре кетті.

«Жұмыссыздықпен күрес ұдайы жүр­­­гізілуде. Көптеген бос жұмыс орын­­дары жәрмеңкесі өтуде. Десе де жұ­мысқа тұ­руға өтінішін апарғанда жұмыс тәжіри­бесін сұрайды. Айтыңыз­шы, өзі жұмыс таба алмай жүрген жаста қай­дағы тәжі­рибе? Есігін қақсаң, үш жылдық тәжі­рибе сұраса, оқуды ен­ді бітірген түлек тәжірибені қайдан ал­сын?» дейді жас актер.

Қоғамдағы болып жатқан өзекті мә­­се­лелерге де ол бей-жай қарай ал­майды. Жастар жалындап қоғамға пай­далы жұмыс жасаса дейді.

Иә, тал бойына өнердің парасатын жиған Олжастың бос уақыты көп емес. Десе де, ол қолы қалт еткенде уақы­тының көп бөлігін отбасына арнайды. Балаларын табиғат анамен тілдестіріп, қыдыртады. Оларға әкелік махаббат пен мейірім сыйлауға тырысады. «Спортпен шұғылданып, ширақ, сер­гек, болу, дене бітіміңді қалыпты ұстау сахнада жүрген әртіс үшін өте керек дүние. Арасында кітап оқимын, теледидар көремін. Тіпті кино саласына да қызығушылығым бар. Киноға түс­кен өзіме ұнайды. Ал­да жоспар көп. Оны уақыт еншісіне қал­дыр­ғанды жөн санадым. Білім жетілдіру керек. Ең маңыздысы – кітап оқу. Актер сомдайтын образын ашу үшін көп ізден­ген тиімді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакліндегі Қозының рөлін арман­даймын» дейді кейіпкеріміз.

Ең бастысы, жас актердің бойында буырқанған бұла күш, қайсарлық, та­бан­­дылық, болашаққа деген сенім жар­қырап тұр. Ал өнер адамына керек мі­нез бен келбет те келісіп тұрғаны тіпті жарасымды. Тек сәттілік серігің болғай, Олжас!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА



14 қыркүйек 2021 ж. 122 0

№75 (9755)

21 қыркүйек 2021 ж.

№74 (9754)

18 қыркүйек 2021 ж.

№73 (9753)

14 қыркүйек 2021 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2021    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930