» » » МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР – ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ АЙНАСЫ

МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР – ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ АЙНАСЫ

Жуырда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтті. Онда алдымен бейнеролик арқылы мәдениет бөлімінің тарихы мен тіршілік тынысы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар таныстырылды. Аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев сала қызметкерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтап, Жалағаштың киелі топырағынан көптеген өнер адамдары шыққанын айтты. Өнер төрінде жүрген сондай тұлғалармен жерлестері мақтанатынын жеткізіп, ауданымыздың мәдениет саласында орын алған оңды өзгерістер мен жағымды жаңалықтарды тілге тиек етті.
– Ауданның мәдени-рухани әлеуетін көтеруде «Алтын арай» ансамблі, Еңбек ауылындағы «Батыр аналар» ансамбльдері, сондай-ақ «Халық» театры ұжымының ерекше еңбегін атап өткім келеді. Халықтың рухани қажеттіліктері мен сұраныстарын қамтамасыз етуде аудан кітапханашыларының ерен еңбегі де құрметке лайық, – деді өңір басшысы.
Өнерлі ел – өрісті ел. Туған топырақтан шыққан таланттарымыз бұл күнде өрісімізді кеңейтіп, туған жеріміздің мерейін арттырып жүр. Қыдыр дарып, құт қонған Жалағаш топырағынан шыққан ұл-қыздарымыз Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкерлері елімізге танымал актерлер Сағат Жылкелдиев, Ғани Құлжанов, ақын-сазгер, әнші Елена Әбдіхалықова, Батырхан Шөкенов, Құдайберген Бекіш, айтыскер ақын, талай додалардың жеңімпазы, «Алтын домбыраның» екі мәрте иегері Мұхтар Ниязов, «Республикалық радио» ЖШС бас директоры Мәди Манатбек, «Тұран» университетінің профессоры, "Кино өнері" кафедрасының меңгерушісі, өнертану PhD докторы Гүлзат Көбек және тағы басқалары Жалағаш топырағынан тұмар таққан – бүгінгі Сыр елінің мақтаныштары. Сонымен қатар, Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет қайраткерлері төсбелгісінің иегерлері Тынымбай Мәдиев, Баян Төлегенқызы, Роза Боранбаева аудан мәдениетінің дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Аталған азаматтар аудан мәдениеті мен өнерінің ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан өміршеңдігінің жарқын көрінісі десек қателеспейміз.
Соңғы жылдары мәдениет саласының дамуы тұрақты оң сипатқа ие болып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша Аққұм ауылдық клубы мен Бұқарбай батыр ауылындағы тарихи мұражай жаңадан салынса, 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, Мәдениет елді мекеніндегі 150 орындық ауылдық клубының құрылысы биыл аяқталып, 1-2 ай көлемінде пайдалануға беріледі.
Өңір басшысы құттықтау сөзінен кейін мәдениет саласының бір топ қызметкерлеріне облыс, аудан әкімінің «Алғыс хаттарын» тапсырып, қызметтеріне шығармашылық табыс тіледі.
Салтанатты жиын соңынан аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары мерекелік концерт қойды.

Серік КӘРІБАЕВ.

28 мамыр 2018 ж. 622 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№83 (9559)

22 қазан 2019 ж.

№82 (9558)

19 қазан 2019 ж.

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031