» » » ӘДЕМІЛІК ҮЙЛЕСІМДІЛІКТЕ

ӘДЕМІЛІК ҮЙЛЕСІМДІЛІКТЕ


Әлемде әр халық пен қауымды басқа халықтардан ерекшелеп тұратын тілі мен дінін айтпағанда, салт-дәстүрі, ішер асы мен киер киімдері болады. Ал, біздің бүгінгі күнгі киім кию мәдениетіміз қандай? Қазіргі уақытта қалай киініп жүрміз?


Киім кию адамның сыртқы дүниесіне ғана байланысты мәселе емес екені анық. Адамның киген киімі оның ішкі жан дүниесінен хабар беріп тұрады. «Адам көркі шүберек», «Таныған жерде өң сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» деген сөздер де осы жайды аңғартады. Ұлттық киім – бай тарихи-мәдени мұра, оны зерттеу бізді өткен ғасырлардағы әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халықтың хал-ақуалынан кең көлемде хабардар етеді. Қазақ халқының киімі басқа ұлттардан өзгеше өзіндік қасиетке толы. Бұл өзгешелігімен халқымыздың мәдениетін, ерекшелігін айқындайды. Ұлттық киім кию мәнеріміз, өзіндік бітім-болмысымызды айқындайтын киімдеріміз қандай болды? Қазақ халқының қыз-келіншектері қалай киінген? Бұл сұрақтардың төңірегінде жауап іздесек, тәлімі мол, дана халықтың тектілігіне қайран қаласыз. Қазақ қыз-келіншектері киімінің негізгі ерекшелігі – тұла-бойды жауып тұратындығында. Әйелдің киімі, әсіресе, баскиімі оның жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты өзгеріп отырған. Ұлттық киімдеріміз аса шеберлікпен, дәлдікпен, әсемдікпен тігілген. Киімде жалпы халықтың болмысы, көшпелі ұлттың қатпарлы тарихы қатталып жатқандай. Қыз етегінің ұзын болу себебі, ибалықты білдірсе, кимешек секілді басты жауып тұратын бас киімдер көшпелі халықты желдің өтінен, күннің ыстығынан, қыстың ызғарынан қорғаған. Қысқасы, жүректеріне имандылық ұялаған халық сонау ықылым заманнан бері өз дәстүрін жоғалтпай, бүгінгі күнге дейін киім кию мәдениетін сақтаған. Киімнің күнделікті тұрмыс-тіршілікке, ортаға, адамның жасына қарай ыңғайлылығына да аса мән берген.

Киімнің негізгі міндеті аты айтып тұрғандай адамды киіндіруі тиіс болса керек. Өкінішке орай, заман ағымына еріп сән қуып жүргендер баршылық, оларға қарап қарның ашады. Кейбір жастарымыздың батыстануға бүйректері бұрып жүр. Біз бұл сөзімізбен көпке топырақ шашқымыз жоқ. Дегенмен, қазіргі уақытта ұлттық ұстанымға келмейтін, көзге ерсі көрінетін, былайша айтқанда, кіндікті көрсетіп тұратын немесе жыртық киімдерді «сәнге балап» жүргендерді көзіміз көріп жүр. Болашақ ана, елдің ертеңі келер ұрпаққа тәрбие беретін қаракөздеріміз мәдениеттен алыстаса, елдің тізгінін ұстайтын ер жігіттеріміз сырға тағынып, қызыл-жасылға бейім болса текті халықтың тектілігі қайсы? Үйдегі ата-ана түздегі ұлына ақыл беріп, жігерін жаныса, қызына қырық үйден тыйым салса намысты жігіт, ұятты қыз өседі.

Жалпы, әдептен озбай-ақ әдемі болуға болады. Сәнді көріну үшін асқан байлықтың да, ашық-шашық киім киюдің де қажеті жоқ. Тек киім түрлерін үйлестіруді білсеңіз болғаны. Өзгені үлгі қылып, еліктемей-ақ, өз ұлтымыздың ұлттық нақыштағы киімін заманға сай үйлестіріп, жарасымды етіп кисек оның өзі елге, ұлтқа, ата-бабамыздан жеткен дәстүрге деген құрметіміз, адалдығымыз болар еді.

Нұр НАУАН.
02 ақпан 2018 ж. 1 921 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

№87 (9563)

05 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 215

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 269

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930