» » » Ана қуанса, дүние гүлденеді

Ана қуанса, дүние гүлденеді


Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, сол елдегі әлеуметтің әлеуетінің жақсаруымен байланысты екені белгілі. Халықтың тұрмыс сапасы, табысы артса, күнкөрісі де жақсарып, алға ілгерілеушілік процесі қарқын алады. Қазақстанның қазіргі саясаты тура осыған бағытталып отыр. Тұңғыш Президент бұған дейін жариялаған Жолдауында халықтың табысы мен тұрмыс сапасын арттырудың негізгі бағыттары мен тетіктерін атап көрсетті. Бүгінде жүйелі жұмыс нәтижесін беруде.
Халықтың, әсіресе көпбалалы отбасылардың қуанышын еселеген қолдау мен көмек ауыз толтырып айтарлықтай. Бәрімізге белгілі қазіргі таңда атау­лы әлеуметтік көмектің мөлшері артты. Әр балаға жиырма бір мың теңгеден беріліп отыр. Бірнеше айдан бері «Батыр аналар», көпбалалы отбасылар осы көмекке қол жеткізіп, мемлекеттің қолдауын сезінуде. Сонымен бірге ең төменгі жалақы мөлшері де жиырма сегіз мыңнан қырық екі мыңға дейін өсіп, біраз қызметкердің табысын арттырды. Кеше ғана бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығы тағы да көтерілді. Мұнан бөлек, түрлі бағдарламалар арқылы берілетін тұрғын үй көмегі де біршама тиімді болды. Ұлт Көшбасшысының Жолдауда айтқан төменгі, яғни 2-3 процентпен берілетін тұрғын үй көмегі бірінші кезекте көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларға қолжетімді болып тұр. Мемлекет тарапынан кең қолдау тапқан осы бастаманы ең алғаш болып Қызылорда облысы қолға алғанын мақтанышпен айтып өтуіміз керек. Рес­публика көлемінде алғашқы болып көпбалалы отбасыларға көппәтерлі тұрғын үй құрылысын бастады. Уақытында пайдалануға беріліп жатса, көптеген отбасы пәтермен қамтамасыз етілетін болады.
Атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген көпбалалы ана Мейрамкүл Байтұрғанованың шаңырағында болып, азын-аулақ әңгімелестік. Кентке қарасты Ақсу жолында тұратын кейіпкеріміз 6 баласының несібесіне орай мөлшері артқан әлеуметтік көмекке ілігіпті. Балаларының алды он бесте, кенжесі үш жаста екен.
– Менің алты балам бар. Шүкір, барлығы мектепте білім алуда. Бұрын балаларға он үш мың теңгедей ғана алатын едім. Ол кезде қиын болды. Өзім жұмыссызбын. Ал қазір атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері артып, 140 мың теңгедей аламын. Балаларымның несібесі шығар, олардың қажет­тіліктеріне жетіп отыр. Мем­ле­кет­­тің бұл көмегі мен сияқты көп­­ба­­лалы ана­лар­ға үлкен қолдау болды деп есептеймін, – дейді М.Байтұрғанова.
Кейіпкеріміз жалғызбасты ана. Алты балалы ананың тұрып жатқан үйі анау айтқандай кең емес екен. Аядай ғана үйін әктеп-сырлап кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Естеріңізде болса, жақында ғана кентте дауыл болып, біраз үйдің төбесін ұшырып әкетті. Сондай шығынға ұшыраған жандардың қатарында Мейрамкүл апамыз да бар. Үйдің осы жағдайын көріп сұрағанымда тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтты. Мейрамкүл Байтұрғанова балаларының қамы үшін бір мезгіл базарда жүгері сатып, керек-жарағына ақша табады. Балаларының үлкені ерекше күтімді қажет етеді. Айта кету керек, қазір Қазақстанда 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде 88 мың бала 17 жасқа толмаған. Осындай ерекше күтімді қажет ететін балаларға төленетін жәрдемақы 1 шілдеден бас­тап 30 процентке өседі. Яғни, ата-аналар енді айына 31 мың емес 42 мың теңге алатын болады. Балаларды асырап-бағуға берілетін әлеуметтік көмектердің мөлшерінің артуы көпбалалы ананың көңіліне қуаныш сыйлайды. «Көмек пен қолдаудың артып отырғаны балаларымның несібесі болар» деген жалғызбасты ана қуанышын жасыра алмады. Ананың жүзіндегі қуанышты көрген біздер мемлекеттік қолдауға разы болып, жұмысқа бет алдық.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
02 шілде 2019 ж. 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9566)

16 қараша 2019 ж.

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 275

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 316

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930