» » » ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚАЛЖЫҢЫ

ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚАЛЖЫҢЫ


Қаламгерлер жүрген жер әзіл-қалжыңсыз болмайды. Жүрегі жұмсақ, жандары нәзік, көңілдері көлеңкесіз шығармашылық өкілдерінің аузынан шыққан әрбір сәтті қалжыңдар мен бастарынан өткізген қызықты оқиғалары көпшілік арасына лезде тарап кетеді. Біздің осы аудандық басылымда да ауыздары «дуалы» ағаларымыз қызмет істеді. Солардың арттарында қалған езу тартқызар әңгімелері мен жүрек елжіретер оқиғаларын журналистердің төл мерекесі қарсаңында оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.


«СЕН ШАҚЫРСАҢ БАРАМЫЗ, БІЗ ШАҚЫРҒАНДА КЕЛМЕЙСІҢ»

Белгілі ақын, қарымды журналист Кіребаев Асқар ағамыз сексенінші жылдардың ортасында аудандық «Жаңадария» газетіне басшылық жасады. Бірде сол кездегі редакцияның бір жас журналисі редакторға және ұжымдағы бірнеше жігітке үйінен шәй береді. Көңілді дастарқан басында бірнеше шөлмек босайды, қызықты әңгімелердің де тиегі ағытылады. Не керек, ду-ду етіп дүрмекпен отырған жігіттер түн ауа үйлеріне әрең тарасады. Көп «сілтеп» қойса керек, қонақ күткен жігіт ертесіне жұмысқа бармай қалады. Редактор үйіне телефон да шалады, адам да жібереді. Бірақ ол кезде «бас жазып» кеткен жас журналист жұмысқа жарамайтындай жағдайда болады. Бірер күннен соң таңертеңгі «летучка» үстінде редактор әлгі журналистке: «Айналайын, Берікжан-ау, егер жұмыстан сұранатын болсаң, барлығымызды үйіңе шақырып әуре етпей-ақ, менен сұрана салмаймысың?!» – депті. Сосын сөзін одан ары жалғап: «Біз, сен үйіңе шақырғанда сөзіңді жерге тастамай тайлы-таяғымызбен жетіп бардық қой, біз жұмысқа шақырғанда сен неге келмейсің?» – деп кейіген екен.

АУЫЛДАН «АТ МІНІП» ҚАЙТҚАН ЖУРНАЛИСТ

Өмірден ерте озған талантты журналистің бірі Мұстафаев Ізбасар ағамыз еді. Бұл кісі де осы аудандық басылымда ұзақ жыл қызмет атқарып, газет тарихында өз қолтаңбасын қалдырды. Замандас әріптестері ол кісінің ізденімпаздығын, көп оқитынын, көп білетінін және мақаланы екі тілде де жортақтатып еркін жазатынын айтады. Сонымен бірге Ізекең газет жұмысынан тыс уақытта орыс тілінде сканвордтар құрастырып, рес­публикалық басылымдарға беріп тұрады екен. Бұл – ол кісінің журна­листік қарымынан бөлек, жоғары интеллектуалды қабілеттің иесі болғанын аңғартады.
Осы Ізбасар ағамыз бірде Жаңаталап ауылына іссапармен барады. Бұл ауылдың халқы сырттан барған адамның оғаш қылығын көрсе немесе сыртқы сипатынан бір ерекшелікті байқап қалса, бірден айдар тағып жібереді және ол қойған аты әлгінің түр-түсін, іс-әрекетін дөп басады. Сосын әлгі адам өзіне жабысқан аттан өмір бойы құтыла алмайды. Осыны жақсы білетін Ізекең жаңаталаптықтардың тікенек тіліне түйреліп қалмайын деп түзу барып, түзу қайтуды ойлайды. Жаз мезгілі болса керек, ауыл еңбеккерлерінің барлығы егіс басында. Соны шамалаған тілші автобус­тан түскен бойда бірден дала қосына тартады. Бірақ бұл жерде не бригадир не агроном жоқ болып шығады. Бір күрішші жігіт оны үйіне алып келіп, сол жерден жеті-сегіз адаммен бірге оты­­рып түскі асын ішеді. Дастарқан басында да сақтық жасап, көп сөйлемейді. Шәйдан соң аздап тынығып алмақ болып, төр алдына қисаяды. Бір уақытта екі өкпесін қолына алып бригадир жетеді ауылдан. Келген бойда қосқа жақындап үй сыртында жүрген келіншектен: «Ай, аудандық газеттен тілші келді деп еді, осында ма?» – дейді ғой. Сонда әлгі келіншек еш саспастан: «Білмеймін, үйде кепкен қабықтай болып біреу жатыр ғой, сол кісі емес пе?!» – дейді. Бригадир үйге кірсе таңертеңнен бері әбден жолсоқты болып шаршаған Ізекең керегенің жоғары көзіне аяғын айқастыра іліп қойып, қалың ұйқының құшағына кеткен. Расында, өзі арық, жұқа кісі оның үстіне басына биік жастық қойып, аяғын жоғары көтеріп жатқан ағамыздың дәл осы сәттегі кейпі – жазда күн көзінде жатып бүрісіп кеуіп қалған қауынның бір тілік қабығын елестетеді ғой... Не керек, қанша тырысқанымен ағамыз аталған ауылдан ақыры «ат арқалап» қайтады.
Тағы бірде редактор Ізбасар ағайға сол Жаңаталап совхозына барып, егістің жайын жазып келуге тапсырма береді. Сонда Ізекең: «Редактор жолдас, мен ол ауылдан өз сыбағамды алып, атымды мініп қайтқанмын. Тағы барғаным ұят болар, іштегі басқа жігіттер барсын, олардың да сол ауылда сыбағалары бар, мініп қайтатын «аттары» да бар», – депті.

КҮРІШ АЛҚАБЫНА ЖҮГЕРІ «ЕККЕН» ТІЛШІ

Аудандық газеттің отымен кіріп, күлімен шыққан қызметкерінің бірі ақын Аяпов Мәлік ағамыз. Бұл кісі бірер жыл газетке басшылық та жасады. Ағамыздың болмысы барынша қарапайым еді. Алайда, қандай жағдайда да әділдік туын тік көтеретін кісі болды, өлеңдері де отты. Нағыз халық сөзін батыл сөйлейтін өз азаматтық ұстанымы бар журналист еді. «Батыр аңғал келеді» дейді қазақ. Сол секілді ақынның да жүрегі кең, көңілі таза болады ғой...
Бірде сол Мәлік ағамыз газеттің шұғыл тапсырмасымен Коммунизм совхозына (қазіргі Шәменов ауылы) барады. Ол кезде ауылға тілші­лер барса совхоз директорының өзі күтіп алып, шаруашылықтың жақсы жақтарын көрсетуге тырысады. Тілшінің қырағы көзінен ештеңе таса қалмайды ғой. Егер орын алған кемшіліктер сынға ілініп, газет бетінде жарық көретін болса, директор бюроға түседі. Тіпті, қызметінен кетуі де ғажап емес. Сондықтан совхоз директоры тілшіні шаруашылықтың ең жақсы жүгері алқабына апаруды және оны жақсылап күтуді совхоздың бас агрономына тапсырады. Жүгерінің бас салып, собықтап тұрған кезі екен. Агроном мен бригадир әңгіме арасында: бұйыртса, пәлен гектардан, түген тонна өнім аламыз деп өз межелерін де айтып қалады. Ауданнан келген тілші бірер сағат аялдап, қадірлі қонақ болады. Тілші ғана емес, ауылына ақын келгенде қай қазақ қарап қалсын?!. Ауыл адамдарының қонақжай пейіліне риза болған Мәлік ағамыз келесі нөмірге көлемді мақала беретінін айтып, қоштасады. Алайда, мақала кешеуілдей береді. Жаз бітеді, күз де өтеді, қыс келеді, мақала жоқ... Не керек, «түйенің етін жеп қойған» сол мақала газеттің келер жылғы нөміріне бір-ақ жарияланады ғой. Бірақ газет бетіне суретімен шыққан жүгеріші ағамыз, ол кезде күрішші болып кеткенін мақала авторы кейін бір-ақ біледі...

АУДАННАН КЕЛГЕН УӘКІЛ


Аудандық газетті жетпіс-сексенінші жылдары басқарған Салықбаев Зордан ағамыз нағыз зиялы қауымның өкілі еді. Бекзат болмысты дегдар адам болатын. Зордан ағамыздың ақындығы бір төбе. Тіпті, ол кісі өлеңді жанынан суырып салып айта беретін дейді замандастары.
Бірде аудандық партия комитеті газет редакторы Зордан Салықбаевты Мәдениет совхозына уәкіл етіп жібереді. Ағамыз автобустан түскен бойда тура совхоздың кеңсесіне тартады. Аудандық газеттің бас редакторы келе жатқанын кеңсенің терезесінен көрген есепші Тұрсынбек Асқаров пен диспетчер Тоқтасын Әбдіреев за­мандас-құрдастарын қаужаудың ама­лын ойлас­тырып, Зордан ағамыз есіктен кірген бойда Тоқтасын ағамыз:
Амансың ба, Зордан,
Шаршадың ба жолдан? – дейді.
Сонда Тұрсынбек ағамыз оның сөзін іліп алып:
– Ауданнан келген уәкіл ғой,
Алып келген шығар базарлық молдан, – дейді.
Сонда Зордан ағамыз саспастан:
– Ауданнан келген кісіде не болушы ед,
Шығарсаңдаршы «Директорский Қордан», – дейді.
Уәкілден бірдеңе дәметіп отырған екеуі сөзден тосылып, сол күні редакторды өздері қонақ қылып күтіпті.

«БҰЛ ПАРА ЕМЕС, ШАРА»

Бірде Зордан ағамыз аудандық партия комитетінің екінші хатшысы әрі құдайы көршісі Сейілбек Шаухаманов­ты, сонымен бірге аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Аманкелді Құдайбергенов, аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Шыңғыс Айбосынов, аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Төлеш Есқазиев, аудандық соттың төрағасы Кеңесбай Сұлтанов, аудан прокуроры Балтабек Сыздықов және аудандық милицияның бастығы Төлеш Әлиев секілді ағалары мен замандастарын үйіне қонаққа шақырады.
Ол заманда зиялы кісілердің басы қосылса преферанс сызады және ол ойыншыларға үйдің иесі көңіл жомарттығына қарай ақша үлестіретін қазақы үрдіс болған. Әрине, бұл жай ғана үй иесінің қонаққа деген құрметі. Дастарқаннан тұрған соң Зордан ағамыз да сол қазақы жолмен преферанс сызып жатқандарға 100 сомнан ақша береді. Сонда Сейілбек ағамыз әзіл-шыны аралас:
– Ау, білдей бас редактордың үйінде ол аз десеңдер, аудан прокуроры мен аудандық соттың төрағасы және милиция бастығының көзінше пара алғанымыз қалай болды?!» – деп жорта қысылған кейіп танытады. Сонда Зордан ағамыз:
– Сәке, еш қысылмаңыз, бұл пара емес, жұмысты ілгерілету үшін арнайы ұйымдастырылған шара, – деп екінші хатшының сөзінен кейін ыңғайсыз жағдайда қалған қонақтардың көңілін бірлепті.

«БҰДАН КЕЙІН АҢҒА ФОТОАППАРАТПЕН ШЫҚ»

Бірде Табысбек ағамыз аңға шығатын болып, қасына әріптесі ақын Мәлік Аяповты ертіп алады. Тазнұраның тақырында егіз құралайын еріткен қарақұйрық кездеседі. Табысбек ағамыз көлігін жеңілдету үшін артындағы Мәлік ағамызды түсіріп тастап, тұра кеп қуады. Ақбөкендей емес, тақыр жерде қарақұйрық аңшыға оңай олжа бола қоймайды. Желден жүйрік жануар мотоциклдің өзіне жеткізбей қара үзіп кетеді де, тек бір лағы енесіне ере алмай, қалып қояды. Жас болса да бойында қарақұйрықтың қаны бар емес пе, ол да бұлтылдап оңайлықпен ұстата қоймайды. Бірақ, тіке қашпай, тақырды айнала береді. Аңшылық құмарлығы оянған Табысбек ағамыз да артынан қалмайды. Бір уақытта әлгі құралай құйғытып келіп тақырдың ортасында отырған Мәлік ағамыздың қойнына қойып кетеді. Көздері мөлдіреп, тірсегі дірілдеп тұрған жануарды аяп кеткен Мәкең қасына келген Табысбек ағамызға: «Ай, Табыс, көрдің бе, мына кішкентай жануардың өзі менің ақын екенімді, ешкімге зияным жоқ екенін біліп, пана іздеп маған тығылды. Енді мұны өлтірмейік, обал болады. Енесіне қарай жақындатып тастайық. Сенімен бұдан кейін аңға шықпаймын, сен де бұдан кейін аңға шықсаң мылтықпен емес, фотоаппаратпен ғана шық. Ал қазір мына киіктің лағын суретке түсіріп алайық та, жөніне қоя берейік», – дейді әзіл-шыны аралас. «Ай, Мәке-ай, өйтпесең ақын боласың ба?! Жарайды, жіберсек жіберейік, бірақ, мен де енді сені аңға ертіп шықпаймын», – дейді әзілге әзілмен жауап қатып. Газеттің келесі нөмірінен Тазнұраның тақырында қарақұйрықтың құралайын кеудесіне қысып құшақтап тұрған Мәлік ақынның суреті жарқ ете қалады. Әрине, мыңдаған оқырманның жүрегін елжіреткен сол фотоэтюдтің астында сурет авторы – Табысбек ағайдың да аты-жөні тұрады...

ТІРІ АДАМҒА КӨҢІЛ АЙТУ

Ауданның шежіресін суретпен жазған Табысбек ағамыз аудандық газеттің көркемдік сапасына ғана емес, ауданның рухани-мәдени дамуына да мол үлес қосты. Бірде ағамыздың көршісі әрі туысқан ағасы Мешітбай деген кісі қайтыс болады. Әріптес жігіттер ол хабарды «Табысбек қайтыс болыпты» деп жаңсақ естейді. Көңіл-күйлері күрт түсіп, тұнжырап «қаралы» үйге келеді. Оларды Табысбек ағамыздың жары Нәзира апамыз қарсы алады. Бірақ, апамыздың жүзінен қайғы түгіл, мұңның да табы байқалмайды. Әдеттегідей жайраңдап қарсы алып, бұларды төр бөлмеге кіргізеді. Редакцияның жігіттері күйеуінің қазасын әлі естімеген болар деп, Нәзира апамызға көңіл-қосын білдіреді. Ал, ол кісі түкке түсінбей, бұларға таңырқаулы жүзбен қарайды. Шығармашылық адамның жүрегі жұмсақ, оның үстіне Табысбек ағамызбен жақын сыйласып жүрген Мәлік ағамыз көңілі босап, еңкілдеп жылайды. Оған қосылып басқа жігіттер де көз жасына ерік береді. Жұмыстың соңынан шаршағандарын басқан жігіттердің ішінде сол кезде «ащы судың» уыты да бар екен. Сонымен не керек, мәселенің мәнісіне әбден қаныққан соң барлығы көңілдері орнына түсіп, бір күліп алады.
Кейінірек Мәлік ағамыз Табысбек ағамыздың дастарқанында қонақ болып отырғанда сол оқиғаны күліп еске алып Нәзира апамызға: «Ай, не деген қатты адам едің, күйеуіңді жоқтап қанша жыласақ та бір шөлмек арақ әкелмедің-ау», – деген екен.

СУРЕТТІҢ СЫРЫ

Бірде Табысбек ағай бір сауыншы әйелдің жұмысын газетке шығаратын болып, суретке түсіріп алып кетеді. Ертесіне редакцияда суреттерді шығарып отырса са­уыншы әйел барлық кадрда да бір көзін жұмып қалған. Тілші екеуі сауын-базға аздап «ұрттап» барған соң суреттің сапасының нашарлығын кімннен көреді. Редактор білсе жұмыстан шығып кетуі де ғажап емес. Қайта баруға уақыт тығыз, газет кешігеді, амал жоқ, ағамыз бар өнерін салып әлгі әйелдің жұмылып қалған бір көзін қолдан «ашып» жібереді. Ертесіне газет бетінен шелек ұстап тұрған сауыншының суреті мен көлдей мақала жарқ ете қалады. Кейін әлгі келіншек Табысбек ағайды көшеде көріп қалып «Ай, інім, саған көп рахмет. Менің соқыр көзімді «ашып» жіберіпсің», – дейді шынайы ризашылығын білдіріп. Сөйтсе сауыншының бір көзі әу бастан жоқ екен...

ҚҰРДАСТАРДЫҢ ҚАЛЖЫҢЫ

Осы редакцияда қырық жылға жуық қызмет істеп, жуырда ғана зейнет демалысына шыққан Бертаев Серік ағамыз да қалжыңға қара жаяу емес. Бірде Серік ағамыз қызметке өзімен қатар келген редакциядағы жас журналист Әбжамилов Жұмабек ағамызға тілшілер отыратын бөлмеден қоңырау соғады. Жауапты хатшы қызметін атқаратын Жұмекең телефон тұтқасын көтергенде ар жағынан бір шырылдаған ер адамның дауысы естіледі. Өзін Калинин (қазіргі Бұқарбай батыр ауылы) совхозы жұмысшылар комитетінің төрағасы Ким Чан Ен деп таныстырған кісі сол күні совхозда кәсіподақтың үлкен жиыны өткенін, оған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қатысқанын, күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралғанын бастырмалата жөнеледі. Тосыннан түскен ақпаратты жазып үлгере алмай жатқан жауапты хатшының «аға, мына сөзді қайталап жіберіңізші» дегеніне тұтқаның арғы жағынан «Ай, сен өзің қандай журналиссің, айтып тұрғанды жаза алмайтын. Тездетіп дайындап, осы нөмірге беріңдер, мұны хатшының өзі қадағалайды. Себебі бұл маңызды жиын...» – деп тұтқаны тастай салады. Не керек, газеттің кезекті нөмірінің макетін дайындап отырған Жұмабек ағамызды тосыннан соғылған қоңырау әбден састырады. Жүрегі жұмсақ Жұмабек ағамыз бар жұмысын тастап, әлгі үзік-үзік түсініксіз мәліметтерден «тұшымды» мақала дайындауға шұғыл кірісіп кетеді...
Бұл кезде тілшілер бөлмесіндегі Серік ағамыз құрдасын «қатырғанына» масайрап отырады...

«ТАЗША БАЛАНЫҢ» ТАПҚЫРЛЫҒЫ

Осы Серік ағамыз көбіне басына тақия киіп жүруші еді. Оның да мықты себебі бар. Өзінің айтуынша, бала кезінен селдіреп тұратын жұқа шашы жиырмадан асқанда түсіп, маңдайы қасқалана бастайды. Ал отызды толтырғанда төбесі айнадай болады. Бірде Секең бір құдасының тойында болады. Тойды жүргізіп тұрған асаба, белгілі айтыскер Серік Ыдырысов замандасы әрі құрдасы Серік Бертаевқа тілек берерде:
– Маржан сөзді тереңнен қазса бала,
Жалындатар мақала жазса бала.
Құдаңыздың тойына келіп қапсыз,
Кәнекей, тілек айтсын Тазша бала, – деп қалжыңмен қағытады.

Сонда Секең де тосылып қалмай:
– Бұл Серік басымызға қарады да,
Ойланбастан әндетіп барады ма?
Күніне «бір газеттік» жазу жазсаң,
Басыңда бір тал шашың қалады ма?! – дейді жұлып алғандай. «Тазша баланың» тапқырлығына риза болған тойшыл қауым Серік ағамызға орындарынан тұрып қол соғып, қошемет көрсетіпті.

«ШАЛДАР АТЫН АЙТПАЙ ОРЫНДАРЫНАН ТҰРА АЛМАЙДЫ»

Аудандық «Жаңадария» газетінің хат-қоржынын қаққанда Шайланов Бексейіт ағамыздың да қалжыңдары саудырап түседі. Бұл кісі де бар шығармашылық қуатын журналистикаға ғана жұмсамай, өлең өлкесінде де өз өрнегін қалдырған талант иесі. Аудандық газеттен соң, өмірінің соңына дейін облыстық теле-радио компаниясында қызмет істеді...
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгер Тұрақ Ахетов СПТУ-да оқып жүрген кезінде өздерінің оқу ғимараты орналасқан көшенің бойындағы редакцияға жиі баратынын айтады. 15-16 жастағы балалардың ол жерге барудағы мақсаты: қаламгер ағаларына сәлем беріп, қызықты әңгімелерін тыңдап қайту. Ондағы ағалары да үйренген, СПТУ-дың студенті келсе, әңгіме айтуға кәдімгідей уақыт бөлетін көрінеді. Бірде Тұрекең қасына өзімен бір топта оқитын Пірім деген баланы ертіп барады. Аламесек ауылынан келген Пірім Бексейіт ағамыздың туысқан інісі болып шығады. Бекең де сол аталған ауылдың тумасы. Бұл жолы бір емес, екі қонақ келіп, қаламгерлердің арасындағы емен-жарқын әңгіме ұзаққа созылады. Әңгіме арасында Бексейіт ағамыз өзінің ауылдас інісін әріптестеріне тереңірек таныстыра келе: «Қысқасы, бұл жігіттің атын атамай, біздің ауылдың шалдары орындарынан тұра алмайды. Осыдан-ақ, бұның ауылдағы абыройын біле беріңдер» – дейді. Отырғандар алғашқыда Бекеңнің бұл сөзіне түсініңкіремей отырса да, сәлден соң үлкен кісілердің орындарынан көтерілгенде «Ау, Пірім» деп айтатындары естеріне түсіп, ду күледі...

Қуат АДИС.


02 шілде 2019 ж. 183 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9552)

28 қыркүйек 2019 ж.

№75 (9551)

24 қыркүйек 2019 ж.

№74 (9550)

21 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031