» » » ТАС ЖАРМАҒАН ТІЛДІҢ БАС ЖАРАРЫ АНЫҚ

ТАС ЖАРМАҒАН ТІЛДІҢ БАС ЖАРАРЫ АНЫҚ


Ерте бір замандарда елді билеп отырған патша уәзіріне дүниедегі ең тәтті тағамды әкелуді бұйырады. Уәзір болса кәдімгі тілді дәмді етіп пісіріп әкеледі. Патша тілден жасалған тағамды жеп, уәзірге алғысын жеткізеді. Күндердің күнінде әлгі патша уәзіріне дүниедегі ең ащы тағамды әкелуді тапсырады. Уәзір тағы да сол тілді әкеледі. Патша таңырқап: «Мен саған дүниедегі ең тәтті тағамды әкел дегенімде тілді әкелдің. Енді соны ең ащы ас ретінде ұсынып отырсың. Мұны қалай түсінуге болады?» дейді. Уәзір болса: «Бұл дүниеде тілден тәтті де, тілден ащы да нәрсе жоқ» деп жауап беріпті.

Мақаланың әлқиссасын тіл туралы әңгімеден бастауымыздың өзіндік себебі бар. Ана тілін арына балап өскен халықтың ұрпағымыз. Домбыраның күйін келтірмей тартпайтын бабаларымыз сөздің жүйесін келтірмей сөйлемейтін болған. Тілде буын болмайтынын білсек те, кейде артық сөйлеп жататынымыз жасырын емес. Оны қылыштан да өткір деп жатамыз. Бірақ сілтесең түйрейтін, шапсаң кесіп түсетін семсердің өзінен, пышақтың жүзінен өткір саналатын тілімізді қалай болса солай пайдаланып, елдің бірлігіне сызат түсіргісі келетіндер көбейді бұл күнде.
Әлеуметтік желіде отырып, айрандай ұйыған жұрттың берекесін алатындар аз емес. Компьютердің ар жағында кім отыр? Ол қандай адам? Жұдырықтай жұмылған жұрттың бірлігіне селкеу түсіру үшін айтпағанды айтты, жасамағанды жасады дейтіндер неліктен мұндай қадамға барады? Осындай арам пиғылды жанның жазбасын оқып, астына неше түрлі пікір жазатындар сол қадамдары арқылы көптің психологиясына әсер ететінін ойласа нетті…
Кешегі Арыс оқиғасы кезінде жалған ақпарат таратқандардың елді дүрліктіре жаздағаны жасырын емес. Онан соң көпшілікті қайта-қайта көтеріліске шақырушылардың да ар жағында кімнің тұрғанын, түпсаналарында нендей ойдың жатқанын ешкім ашып айта алмайды.
Әңгімені әріге созып, ойды қойыртпақтаудың қажеті жоқ. Тек тілдің – ақылдың өлшемі екенін, мидың ойлағанын тілдің сындыратынын естен шығармасақ болды. Тілді құйтырқы тірлікке емес, ымыра-бірлікке пайдаланған жөн. Тіл сүйексіз болса да сүйектен өтетінін бәріміз жақсы білеміз. «Жақсы сөз жарым ырыс» деп жатамыз, жақсы сөйлеп үйренейік. Әйтпесе, тас жармаған тілдің бас жарары анық.



Азиз БАТЫРБЕКОВ
10 шілде 2019 ж. 177 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (9537)

06 тамыз 2019 ж.

№60 (9536)

03 тамыз 2019 ж.

№59 (9535)

30 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031