» » » АХУН АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

АХУН АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ




Жуырда ғана ауданымызға қарасты бір ауылдан жаңа мешіт ашылғанын сүйіншілеп жазғанбыз. Сол игілікті іс жалғасын тапты. Кеше Мырзабай ахун ауылынан бой көтерген тағы бір жаңа мешіт жамағатқа есігін айқара ашты.


Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң жұртшылықтың дінге деген сенімі оянды, имандылық жолына түсіп, құбылаға бет түзеді. Хақтың барына күмәнсіз сеніп, жүректеріндегі иманы күшейген қайырымды азаматтар ауылдардан өз қалталарындағы қаражатқа мешіттер салып, ұзақ жылдар бойы санамызда көмескіленіп қалған дәстүрлі дініміздің қайта өркендеуіне үлес қосты. Міне, сондай иманды, атымтай жомарт азаматтардың бірі, жеке кәсіпкер, "Әділет" студиясының директоры Әділет Байнашев жақында өз қаржысы есебінен Мырзабай ахун ауылына сәулетті мешіт салып берді. Бұл ауылдан есім-сойы иісі қазаққа мәшһүр Мырзабай ахун шыққан. Бұқарада "Көкілташ" медресесінен діни іліммен бірге астрономия, математика, медицина, философия пәндерін де оқып шығып, "ахун" деген діни лауазымдық атаққа ие болған. Елге келген соң да мешіт, медресе салдырып, бала оқытқан, халық санасына Ислам дінінің сәулесін түсірген.
Міне, осындай ғұлама ғалым, атақты дін қайраткері шыққан ауылдан жаңа мешіттің бой көтеруі аудан жұртшылығы үшін аса қуанышты жаңалық болды. Мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне ауыл халқы және алыс-жақыннан ат арытып келген мәртебелі меймандар қатысты. Игі шарада сөз сөйлеген ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы: "...Хадисте: мешіттен азанның дауысы естілгенде шайтан малғұндар құлағын басып, аулаққа қашып кететіні туралы анық айтылған. Ендеше, мешіт салудың сауабы мен оған жамағат жиылып, намаз оқудың маңызын осыдан-ақ біле беруге болады", – деді. Бас имамның бәтуалы сөзін қостаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев игі шараға жиылып тұрған барша жамағаттың атынан және аудандағы ардагерлердің атынан Әділет Нәбиұлына алғысын жеткізіп, жастарды бауырмалдыққа, халықты бірлікке тәрбиелеуде мешіттің атқарар рөлі зор екенін атап өтті. Сонымен бірге Мырзабай ахун ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасым Кәрімбаев және айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жаңа мешіттің іші жамағатқа толып, ауыл жұртшылығының жүрегіне иман ұялататын құтханаға айналсын деген алғаусыз тілектерін айтты.
Ауыл жастары құлшылық үйін салған кәсіпкерге ер-тұрманы сайлаулы арғымақ мінгізді. Шараға елімізге белгілі өнер жұлдыздары қатысып, әсем әндерімен ауыл тұрғындарына және қонақтарға әсерлі көңіл-күй сыйлады. Олардың қатарында Серік Ыдырысов, Қанат Әлжаппаров, Жігер Ауыпбаев, Әбдіжаппар Әлқожа және Серік Ибрагимовтер бар.


Қуат АДИС
03 тамыз 2019 ж. 206 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9573)

10 желтоқсан 2019 ж.

№96 (9572)

07 желтоқсан 2019 ж.

№95 (9571)

04 желтоқсан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 553

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 538

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031