» » » ЫНТЫМАҚТЫ АРТТЫРАТЫН МЕРЕКЕ

ЫНТЫМАҚТЫ АРТТЫРАТЫН МЕРЕКЕ


Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Қадірменді мұсылман бауырлар, құрметті отандастар!
Баршаны қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт­-бе­ре­келі, мұсылман қауымының ұлық ме­ре­кесі – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла таға­ла­ға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Әлемнің әр түкпірін мекендеген мұсыл­мандар бұл күні Жаратушы Иеміздің разы­лы­ғы үшін құрбан шалып, Алланың мейі­рім-шапағатына бөленуге тырысады. Адам осын­­­­дай ізгі амалы арқылы Раббысына жақын­дай түседі. Ал «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Бұл күні қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз, отандастарымыз жүздерін Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқы­мыз­дың бірлігін тілеп, екі дүниенің бақытын сұрап, Жаратқанға жалбарына дұға жасайды.
Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті, Нұрсұлтан Назарбаев Құрбан айт мейрамын Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Бұл – ұлық мерекені халықтық деңгейде атап өтуге, көпұлтты Отанымызды мекен еткен халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Ең бастысы, біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген құрмет деп білеміз.
Биылғы жылы құрбан айт тамыздың 11-нен басталып, үш күнге созылады.
Құран Кәрімнің 108-кәусар сүресінде: «(Ей, Мұхаммед!), Біз саған кәусарды (білім, ырыс, игілік) сыйладық. Тәңір жолына намаз (Құрбан айт намазын) оқы, құрбан шал». Анығында сенің дұшпандарыңның артында атақ, белгі қалмайды» делінген.
Айт намазы «Иманқұл» мешітінде таңертеңгі сағат 07:00-де оқылады. Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл алып, таза киініп, ешнәрсе ішпей мешітке келіп, айт намазына қатысады. Қайтарда басқа жолмен қайтады. Құрбан айтқа дейінгі жаманшылық артта қалып, мешіттен таза пейіл, ізгі үмітпен шыққан соң жаңа таза жолмен жүрген абзал.
Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағынасы зор. Алланы бір, пайғамбарды хақ деп білген мұсылмандар мешіттерімізде айт намазын оқып, дұға жасап, бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болғаннан кейін құрбандық шалады. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектерге таратылады. Осылайша адамда мейірім, қамқор, кешірім, қайыр-шапағат, сабыр сынды көркем мінез қалыптасады.
Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланысты күшейтуге итермелейтін ұлық мейрам. Өйткені Алла тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді болуға шақырған. Құрбан айт күні ағайын-туысты, дос-жаран мен көршілерді айтпен құттықтап, дастарқан басында Алланың бұйырған ризық-несібесінен, құрбандық етінен дәм татқан абзал.
Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анаға, Құдай қосқан жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беру, жаңа киім әперу – мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.
Құрбан айттың мұсылман жамағатын, ұлыстар мен ұлттарды біріктірудегі, өзара бауырмалдықты арттырудағы рөлі орасан зор. Адамдар бір-біріне: «Айт құтты болсын», – деп аман-саулық сұрасып жатады.
Бұл күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, хош иіс себініп, мешітте айт намазын оқу – сауапты іс. Құрбандық етінен дәм тату, Аллаға мадақ, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту – сүннет амал.
Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сында мүбәрак мерекені жоғары деңгейде өт­кізу үшін бірқатар игі шара мен ізгі істерді жүзеге асыру ұйғарылды. Уағыздарда діни тұ­рақ­­тылық пен бейбітшілік, халқымыздың бір­лігі мен ынтымағын нығайту мәселелеріне мән беріліп келеді.

Құрбан шалу айт намазынан кейін айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Егер бұл талап орындалмаса, онда ол садақа саналады. Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп, ортақ шалуды шариғатымыз құптайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және (жілік майы жоқ) өте арық малдар құрбандыққа жарамайды», – деген.
Қадірменді ағайын, бауырлар!
Алла тағала шынайы ниеттеріңізді, ізгі амал­да­рыңызды және шалған құрбан­дықта­рыңыз­ды қайырымен қабыл еткей! Жаратушы Иеміз баршамызға екі дүниенің бақытын нәсіп етіп, жүзімізді жарық еткей! Еліміздің мерейі үс­­тем, тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі тыныштығы мәң­гілік болғай!

Айбек МӘДИЕВ,
аудандық «Иманқұл» мешітінің
бас имамы
10 тамыз 2019 ж. 218 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9573)

10 желтоқсан 2019 ж.

№96 (9572)

07 желтоқсан 2019 ж.

№95 (9571)

04 желтоқсан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 553

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 538

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031