» » » ӨЛЕҢІНЕН ЛЕБІ ЕСЕДІ ӨМІРДІҢ

ӨЛЕҢІНЕН ЛЕБІ ЕСЕДІ ӨМІРДІҢ


“Сырларым бар ашпаған, жан ұқпаған,
Мен қуансам – қуанар барлық ғалам.
Мен қайғырсам – қайғырар қара тас та,
Таңданғанда – есімнен танып қалам…
Менсіз жерде найзағай күркіремес,
Менсіз күлген күлкілер – күлкі де емес.
Ешбір ақын Өмірге ғашықтығын,
Менен артық жырлауы мүмкін емес”.
Бұл – ақын, прозаик, журналист, Жалағаштың аяулы перзенті Зордан Салықбаевтың жыр жолдары. Осы бір өлеңге қарап-ақ оның өмірге қаншалықты құштар болғанын аңғару қиын емес. Іңкәр ойын өлеңмен өрнектеп көпшілікке ұсыну да екінің бірінің қолынан келмесі анық. Аудандық “Жалағаш жаршысы” газетінің байырғы редакторы Зордан ағамыз бір бойына бар өнерді жиған, өзіне талап қоя білетін, таланты арқылы көпке танылған, ел болып ардақ тұтып, жұрт болып құрметтеуге әбден лайық жан. Оны білетіндер қаламға адал болғанын, өмірінің отты кездерін жазуға арнағанын айтып жатады. Биыл мақалаға арқау болып отырған, өлеңінен өмірдің лебі есетін, әңгімелері мен мақалаларынан тіршіліктің алтын тіні жалғанғандай әсер қалдыратын Зордан Салықбаевтың өмірге келгеніне 75 жыл толады.
Ақпарат айдынында желкенін керіп, жасампаздықтың жарқын бейнесін көр­се­тіп келе жатқан аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің жарық көріп келе жатқанына биыл 85 жыл толып отыр. Төл басылымның мерейтойына орай ауданда бірнеше шара өтті. Жыл басы­нан бастап редакция ұжымы байыр­ғы қызметкерлердің жүріп өткен жолы мен өнегелі өмірінен дерек жинады. Мұрағатқа қажетті деректердің ішінде Зордан Салықбаевтың редакцияны, шы­ғар­машылық ұжымды басқаруға қатысты жазылған пікірі де бар. Бү­гінгі редактор ретінде бұл жазба мені ерекше қызықтырды. Бірден газет кор­рек­торы Бақытгүл Ташкенбаевадан бұл мате­риалдың қайдан келгенін сұрадым. Ол қолжазбаның көшірмесін ақынның зайыбы Дина Мейірмановадан келгенін айтты. Жаңа технология тетіктерін пайдаланып, ска­нерлеп, электронды түрде келген қол­жаз­ба көшірмесін өз архивіме ендірдім. Содан соң Зордан ағамыз жайлы жазылған мақа­ла­ларды оқи бастадым. Ақынның өлең­дерін де қарап шықтым. Шынында, өмір­шең жазбаларды көріп, таңғалдым.
Әңгімеге арқау болған Зордан Салықбаев 1944 жылы Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында өмірге келген. Балалық шағын ауылда өткізген болашақ ақын жас күнінде-ақ қатарластарынан оқ бойы озық болған. Онжылдықты бітіргеннен кейін 1-2 жыл колхозда радист болып жұмыс істейді. Осы жылдарда колхоз радио торабынан жаңалық таратып, жұртшылықты жергілікті радио хабарын тыңдауға бағыттады. Жазушы Тынышбек Дайрабай өз естеліктерінде Зордан Салықбаев қай қызметті атқарса да абыройдың биігінде болғанын айтады. 1967 жылы алғашқы мұғалімдік қызметін №188 орта мектептен бастап, кейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. Қайраткер партиялық қызметті де атқарды. Аудандық «Жаңадария» газеттінде бөлім меңгерушісі, редактор болып қызмет етті.
Жалпы Зордан Салықбайұлы туралы замандастары өте жақсы пікір білдірген. Тіпті ерекше дарын иесі екенін айтқан. Елге белгілі жазушы-сыншы Бақыт Сарбалаұлы: “Талант. Талап. Талғам! Тер! Өз бойында осы төртеуі бірдей болғандықтан да ол өлең өрді, әңгіме жазды, аударма жасады. Журналистік еңбектері, сыншылық маржан ой орамдары, күнделіктері, өзге де жазбалары өз алдына. Ал оның қаламгерге ең бірінші және ең басты керек топырақ-құнар: таудай талант иесі болғанының басы ашық. Бұдан кейін керегі – үлкен талапшылдық, нәзік те терең талғам болса, ол да Зорданда көл-көсір. Онда олқылық кетсе, тек жетімсіз тер төгуден, аз жұмыс істеуден кетеді. Құдай бұл жағынан да Зорданды кенже, кенде қылмағанын байқаймыз”, – дейді өз мақаласында.
Қазақ жазба әдебиетінің басында тұрған Абай өлең оқырманға ұғынықты болуы үшін де айналасы теп-тегіс жұмыр келуі қажеттігін назарға салады. Зордан ағаның өлеңдері қандай өлшеммен алсаң да, қайсыбір сыншының көзімен қарсаң да Абай айтқан үдеден шығады.
Есейткен жақсы үмітпен аға қанша,
Мейірі тас жібіткен ана қанша?!
«Кеудесі жақсылардың – алтын сандық»,
Алдым мен сол сандықтан қалағанша”.
Бұл өлең жолдарын Бақыт Сарбалаұлы айтқандай , мөлдір бұлақ десек, қателеспіз. Тіпті бұлақтың бастауы болатындай-ақ шумақ. Асқар Тоқмағамбетовтің айтуынша, ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдарында қатар шыққан 30-ға жуық жас ақынның ішінде Зордан Салықбаев ерекше танылған. Оны өлең әлеміне әкелген өміршең жырларынан да байқауға болады. Зордан ағамыз бірде:
“Өлең, саған мен әрқашан құштармын,
Егер сені жаза алмасам, жасыман.
Бірте-бірте қаламымды ұштармын,
Жыр жазармын әлі талай тасыған”, – деп тебіренсе, енді бірде:
“ Бұл өмiрге келгенiм жоқ текке мен,
Одан алар сыбағам бар ептеген.
Алдымда әлi асулар бар өтпеген,
Оған берер борышым бар көптеген.
Алдымда әлi асулар бар өтпеген,
Алдымда әлi биiктер бар жетпеген”, – деп көңіл түкпіріндегі толқынысын білдіреді.
Қаламгер Шыңғыс Айбосынов “Редактор – Зордан Салықбаев” атты мақаласында оның тумысынан талантты ақын екенін жазған. Кейіпкеріміздің газеттердегі мақалаларынан бөлек «Үміт толқыны», «Жазылып қалған жан сырым», «Армандап өткен ғұмыр» атты туындылары оқырман қолында.
“Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған”, – деп хәкім Абай айтпақшы, Зордан Салықбаев артында өшпес із қалдырған, жыл өткен сайын есімі жұрт жадында жаңғыратын тау тұлғалы жан. Оның өнегелі ғұмыр жолы мен артында қалдырған туындылары өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Азиз БАТЫРБЕКОВ

10 тамыз 2019 ж. 143 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (9537)

06 тамыз 2019 ж.

№60 (9536)

03 тамыз 2019 ж.

№59 (9535)

30 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031