» » » АДАМЗАТТЫҢ РУХАНИ ҚАЗЫНАСЫ

АДАМЗАТТЫҢ РУХАНИ ҚАЗЫНАСЫ


Тамыз айының 10-шы жұлдызы қазақтың біртуар ақыны, халық дана деп қадірлеген, дара деп құрмет тұтқан Абай Құнанбайұлының өмірге келген күні.
Қазақ екі адамды хәкім деп атайды. Соның бірі – әңгіме арқауы­на айналған Абай атамыз. Ол кісі 1845 жылы Шығыс Қазақстан облы­сындағы Шыңғыс тауының бау­­райында дүниеге келді. Абай – үлкен тақырып. Оның филосо­фия­лық әлемі, өлеңдегі табиғаты, лирикасы, әндері тағысын-тағы тау­сыл­майтын қыры мен сыры көп. Бұған дейін газетімізде Абайдың қара сөздерін беріп келдік. Бүгін “Ақылдың кілті” айдары арқылы 45-ші сөзін жариялап отырмыз. Қазір республикалық, тіпті халықаралық деңгейде Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасы жүруде. Газетіміз дана Абайдың туған күнімен қабат­тас шығуына орай ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қысқаша тоқталғанды жөн санадық.
Хәкім Абай Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медре­сесіне оқуға барған. Ол жерде араб, парсы тілдерін үйренді. Сонымен қатар Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули секілді басқа да шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Мұнан кейін Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, А.С.Пуш­кин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Тол­стой, И.А.Крылов, Ф.М.Дос­тоев­ский шығармаларын оқып, Гете, Байрон мұраларына ден қойды.
Абай Құнанбайұлының өмір жолымен таныс адам оның 13 жасында әкімшілік билікке аралас­қанын жақсы біледі. Ел ішінде жүріп, отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өсті. Сол себепті, қайтсе де елмен бірге болуды жөн санады. Ол 1875 жылы Қоңыркөкшеде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген Абай уақыт өте келе алаңсыз шығармашылықпен айналысуға бел буады. Ол «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыры» сынды өлеңдер жазып, табиғаттың төрт мезгіліне бірдей қалам тартқан алғашқы қазақ ақыны. Оның «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» секілді өлеңдерінен сол кездегі әлеуметтік жағдайды көруге болады. Абай Шығыс елдерінің әдебиетін терең меңгереді. Соның нәтижесінде Шығыстың екі хикаясының желісімен «Масғұт» және «Ескендір» деген поэмалар жазды. Орыс классиктерін оқып, оларды қазақ тілінде сөйлетеді. Абай Крыловтың мысалдарын, Пушкиннен «Евгений Онегиннің» үзінділерін және Лермонтов, Бунин­нің шығармаларын аударған. Абай­дың ән шығармашылығы қазақ­тың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» сияқты әндерін халық жақсы біледі.
Абай өмірінің соңғы жылдарында «...кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі...» деп қара сөз жазуды қолға алды. Оның қара сөздері алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарияланды. Сонымен қатар орыс, қытай, француз сынды көптеген әлем елдері тілдеріне аударылды.
Қазақ әдебиетінде бүтін бір­­ дәуірдің басында тұратын ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебайға қойылды. Оның есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Себебі оның әдеби мұрасы бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

10 тамыз 2019 ж. 82 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (9537)

06 тамыз 2019 ж.

№60 (9536)

03 тамыз 2019 ж.

№59 (9535)

30 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031