» » » ТЕКТІЛЕРДІҢ ІЗІ ҚАЛҒАН КИЕЛІ МЕКЕН

ТЕКТІЛЕРДІҢ ІЗІ ҚАЛҒАН КИЕЛІ МЕКЕН


Егемендiк алған алғашқы жылдардан бастап тарихымызды саралап, елге қорған болған батырларды, би-шешендерді, табиғаттың таңғажайып құпияларының сырын бiлген әулие-әмбиелер мен ахун-ишандардың есімдері қайта жаңғырды. Жалағаштың әр төбесінде айтылмаған сыр, жазылмаған шежіре жатыр. аттандап жауға қарсы шапқан Сәрке, Бәйтен, Ағайдар, Бегайдар, Байқадам, Сейіл, Бұқарбай, Тоғанас, Қайқы батырлардың, қара қылды қақ жарған Жүзбасар, Құба, Қырғи, Үбіс билер мен Өмірбай, Бостай, Шортанбай шешендердің кіндік қаны тамған киелі өңір.

Түмен әулие
кесенесі
Халық емшісі, тәуіп Түмен әулие Қаражігітұлының кесенесі М.Шәменов атын­дағы ауылдың оңтүстік-шығысында 5-6 шақырымдағы «Кеңтүбек» деген жерде орналасқан.
Кесене Сыр бойында тұратын қазақ­тардың «үйтам» үлгісі бойынша қам кесектен қаланған. Бір камералы, порталды-күмбезді құрылыс. Кесене есігін оңтүстік-батысқа қа­ра­тып, арка тәрізді үшбұрышты етіп, иіп қалаған.
Кесененің жалпы өлшемі: 8,4х8,4 метр. Іші-сырты қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Ішкі қабырғасының төрт жағында жебенің ұшы тәрізді қуыс-тесіктер қалдырылған. Кесененің ішінде төрт қабір жатыр.
Бұл кесенеге 2011 жылы облыстық бюджеттен 10,5 млн теңге қаржы бөлін­іп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Мәмбет әулие
Мәмбет әулие Олжабайұлы шамамен 1862-1883 жылдарда қазіргі М.Шәменов ауылына қарасты «Көктонды» асарының маңында дүниеге келген. Шыққан тегі Кіші жүздің Табын тайпасының Тоқберлі аталығы.
Аңыз бойынша, Мәмбетке әулиелік және ұсталық қасиет бала шағында, яғни 7-8 жасында қонған. Бір күні осы ұстаханасы тұрған жерде мал жайып жүрген бала Мәмбет қасындағы балаларға: «Ананы қараңдар, ұстахана ішінде көрік басылып, төстегі темірді біреулер балғамен ұрып жатыр, дауысын естідіңдер ме?» – деп сұрайды. Балалар аң-таң. Бұл жәйт ертеңіне де, одан кейінгі күні де қайталанады. Бұл «Кереметтен» қорыққан Мәмбет мал бағуға шықпайды. Әкесі Олжабай одан мән-жайды сұрап біліп, ауыл ақсақалдарына айтады. Олар жиналып Мәмбетті ортаға алып, әлгі жерге келеді. Мәмбет баяғы көрген ғажаптарын қайтадан көреді. Сонда қарттардың бірі: «Мұндайда мал шалып, құрбандық беретін», – дейді. Сол арада Олжабай астындағы мініп жүрген ақбоз атын құрбандыққа шалып жібергенде, әлгі гүрсілдеген көрік, жалаңдаған от, шақылдаған балға, төстердің бәрі маңындағылардың көзіне көрінген екен. Содан ауыл ақсақалдары «Мына ұста дүкенінің иесі Мәмбет болады» деп бала Мәмбетке баталарын беріпті...
Сол кезден бастап Мәмбет өзінің ұстаханасында көк темірден қазан, кепсер, балға, балта тағы басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен зергерлік бұйымдар жасай бастайды. Әулиенің пірі жеті қазан, аққу, жолбарыс, қасқыр, жылан болған деседі. Ұстахана гүрсілдеп соғылып жатқанда аққу төбеде қалықтап, дүкеннің төрінде жолбарыс, екі босағаның оң жағында қасқыр, сол жағында жылан жатады екен.
Мәмбет әулие туралы ел аузында аңызға айналған әңгіме көп. Мысалы, ол кісі жарылған қазанды қалпына келтіру үшін темір балқып жатқан отқа қолын сүңгітіп алып, қазанды сипағанда жарық бітеліп қалады екен. Таз адамның басын қолымен бір сипағанда жазып жіберетін де кереметі болған. Жалпы ұсталық өнерді қазақ халқы қашанда киелі санаған. Ұста дүкеніне таза киініп барған. Ұстахананың айналасын тап-тұйнақтай етіп таза ұстап, лас нәрсе төкпеген. Қайтыс болар шағында өзінің көңілін сұрай барған Тартулының игі жақсыларына Мәмбет: «Ақырдан Мәмбет болып өтермін. Басыма үйтам салмаңдар, ашық төбенің басына қоярсыңдар», – деп өсиет айтып кетіпті.
Мәмбет әулие жерленген төртқұлақ Бұқарбай қорымының оңтүстік-батысында 7-8 шақырым жердегі ескі қорымның ішінде орналасқан. Төртқұлақ қам кесектен қаланған. Төртқұлақтың ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Заманында бұрыштарына қабырғадан биік етіп қаланған төрт бағана тұрғызылған болуы керек, бірақ қазіргі уақытта жауын-шашынның әсерінен олар құлап қалған. Қабірдің бас жағында жалпы формасы ұзынша болып келген мрамордан көктас көмілген. Бас жағында сегізбұрышты жұлдыз-таңба қашалған. Көктастың қас бетінде араб тілінде қашалып жазылған эпиграфиялық жазулар аңғарылады.
Қазіргі уақытта Мәмбет әулие ұста­ханасының маңына зиярат етушілер келіп түнейтін қонақүй салынған. 2001 жылдың маусым айында аудан жұртшылығы Мәмбет әулиенің рухына ас беріп, ұстаханасының орнына ескерткіш белгі орнатты.

Беркінбай кәлпе кесенесі
Беркінбай кәлпе 1909 жылы қазіргі Ақсу ауылы аумағындағы «Ақбөгет» деген жерде дүниеге келген. Кеңес заманының өзінде ел ішіне әулие, әруақты болып танылып, емшілік қасиеттерімен аты мәшһүр болған кәлпе халық жадында мәңгі жасайтын тарихи тұлға.
Беркінбайдан бес ата ілгері өткен Сәрке де, үш ата ілгері өткен Байқадам да әрі батыр, әрі әруақты кісілер болған. Ел арасында «Беркінбай 2 пұттай қара тасты арқалап үйге жиі соғып тұратын. Содан мені ертіп алып, жұрттың көп жиналған жерлеріне барып, әлгі тасты аспанға лақтырып қолымен, не жата қалып кеудесімен қайта қағып алып, небір керемет өнер көрсетуші еді. Көп қабатты үйлерге әп-сәтте өрмелеп шығып, қайта түсетін. Алдына келген сырқат жандарды әбсәтте дертінен айықтырып жіберіп отыр­ған» деген аңыз әңгімелер бар.
Кәлпе алдына келген сырқаттардың көпшілігін дем салған маймен, қып-қызыл боп балқып тұрған кетпенмен ұшықтаған. Ақыл-есінен ауысқан адамдарды сегіз өрім етіп өрілген қамшысымен емдеген.
Беркінбай кәлпе 1977 жылы қайтыс болды. Кесенені өзі қайтыс болғаннан кейін балалары тұрғызған. Қазіргі уақытта кәлпе есімі халыққа имандылық тәрбиесін беруде үлкен қызмет атқарады. Оның басына салынған төртқұлақты күмбезді кесене архитектуралық жағынан ерекшеленбесе де зиярат етушілердің құрмет сезімін оятатын қасиетке ие.
Кесене маңдайшасына кәлпенің көзі тірісінде қолданған дәрет құманы мен адам емдеу мақсатында пайдаланған диірмендей қара тас қойылған.

Елемес би
Елемес би Жаңадария өзенінің бойында шамамен 1798 жылы туылып, осы жерде 1872 жылы қайтыс болған. Орынбор шекаралық комиссиясының құжаттарында Елемес бидің аты аталып, оның таңбасын (мөрі) басқан құжаттар да кездеседі.
Ол кісі шешендік өнерімен қатар батыр болған. Бірде Жаңадария бойындағы Қожанияз бек пен Бабажан сарттың жаса­уыл­дарымен болған ұрыста бір өзі бұзау тіс­ қамшымен 6 хиуалықты аттан ұрып жыққан екен. Елемес би ел ішіндегі тентектерді тезге салып, көрші елдермен бейбіт саясат жүргізген. Жаңадарияның арғы бетіндегі қарақалпақтарды ығыстырып, босаған жер­­лерге егін ектірткен. «Елемес түбегі», «Елемес құдығы», «Елемес қырғыны» деген жерлер Қарақұм мен Қызылқұмда әлі де кездеседі.
Көнекөз қариялардың айтуы бойынша Елемес қайтыс болған кезде қыстың суық, ызғарлы болып, қара жердің тоң болып қатқандығы сондай, адамдар ол кісінің көрін 7 күн бойы қазып, Елеместі тек 8-ші күні ғана жерлеген. Елемес кесенесі 1873 жылы Жаңадария ауылының оңтүстік-батысында 14 шақырымдық «Боран құмы» деп аталатын жерде қам кесектерден қаланған, порталды-күмбезді құрылыс.
Аңыз бойынша бұл кесене Елеместің балалары Баубек, Кетеғұл, Боран, Төтеғұл, Өтеғұл, Күзербай, Қосбармақтың ұйымдастыруымен салынған. Кесененің ішкі-­сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Кесененің ішкі бетіндегі сылақтың кейбір жерлерінде суреттер мен ою-өрнек­тердің ізі айқын аңғарылады.
Жалпы формасы квадратты 8х7,4 метр болып келген. Жалпы биіктігі 6,90 метрге жуықтайды.

Қырғи би
кесенесі
Қырғи кесенесі ХІХ ғасырдың екінші жартысында қам (шикі) кірпіштен салынған бір камералы, порталды-күмбезді құрылыс. Аңыз бойынша, Қырғи елге сөзін тыңдатқан, жомарттығымен аты шыққан, дауға билік айт­қан кісі. Қырғи айтты деген сөз ел аузында көптеп сақталған.
Бірде Бұқарбай батыр өз еліне егін ектірмек болып «Бегі» көлінен саға алып, арық қаздыртуға рұхсат алу үшін бидің ауылына жолаушылап барады. Сонда Қырғи би: «Жиеннің (Бұқарбай батырдың шешесі Зағипа Жақап – Табын Бәйтен батырдың қызы) назасы жаман болады деуші еді, өзің де тегін кісі емес, батырсың ғой, мәселеңді қайтармайын, бердім сағаны», – деп батырға батасын берген екен.
Сарыұлы Қырғи бидің еліне, халқына жасаған ізгі жұмыстары, ғибратты өмір деректері жайлы кезінде Сыр өңірінің көнекөз, тарихшы, абыз ақсақалдары Камал Бердәулетовтің «Бұқарбай батыр», Мәдібай Баймахановтың «Байқадам батыр» кітаптарында жарық көрген болатын. Бүгінде ардагер-жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рысбай Кәрімов Қырғи бидің ерлігін зерттеп және ел есінде сақталған аңыз-әңгімелерді жинақтап келеді.
Заманында әділ сөзімен қара қылды қақ жарып, үлкен беделге ие болған Қырғи биге халқы «Төбе би» деп атақ берген. Ол 1774 жылы дүниеге келіп, сексенге жақындаған шағында Қараөзек бойында дүниеден өтті. Би бабамыз дүниеден өткеннен кейін артында қалған ағайындары сол кездің белгілі тұлғаларына сай үрдісімен үйтам салған. Кесене Қаракеткен елді мекенінің солтүстік шығысына қарай 29, Құлжан қыстауынан 9 шақырым қашықтықта орналасқан. Кесененің салынғанына бір жарым ғасыр уақыт өтсе де, үйтам құрылысы жақсы сақталған.
Айта кетейік, 2014 жылы тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі Қырғи би кесенесін мемлекет қорғауына алып, белгі қойған. Өткен жылы кесененің ауласы қор­шалып, көктас-белгі қойылды. Сондай-ақ өт­кенді ұлықтаған ұрпақтары Бұқарбай батыр ауылына Қырғи биге арнап зәулім ескерткіш тақта орнатты.

Байбақты
мұнарасы
Байбақты мұнарасы Қуаңдарияның сол жақ жағалауында, қазіргі Аққыр ауылының Шәргелтай бөлімшесінің оңтүстігінде 6 шақырым жерде орналасқан. Аңыз бойынша, Байбақты деген кісі бір аталықтың белгілі биі болған. Аталған мұнара сол кісінің бейітінің басына тұрғызылған.
Мұнараның жалпы пішіні домалақ шеңбер нысанында. Іргесі қам кесектен тұрғызылып, сабан сылақпен теп-тегіс етіп сыланған. Оның жалпы биіктігі 5,30 см. Жоғарғы жағының пішіні конус тәрізді сүйірленіп біткен. Күмбездің төбесінде ішіне жарық түсу үшін арнайы тесік қалдырылып, ішкі бетінде төбеге қарай баспалдақ салынған.

Сарман батыр
кесенесі
Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, Сарман Жантілеуұлы шамамен 1771 жылы Жаңадария өзені бойында туған. Ол кісі ХІХ ғасырда Бұқарбай, Сейіл, Тоғанас батырлармен бірге Қоқан, Хиуа басқыншыларына қарсы күрескен тарихи тұлға. Ел аузында Сарман батыр туралы аңыз-әңгімелер көп. «...Атақты Сарман батыр шайқастарда, Көрсетті жауға талай ғаламатты...» деген жырдың үзіндісі соның куәсі.
Кесенені Сарман батырдың үлкен баласы Қожакелді салғызған.
Сарман батыр кесенесі Аққыр ауылының солтүстік-батысындағы «Қаракөл» деген жерде орналасқан архитектуралық ескерт­кіш. Кесене қам кесектерден қаланған порталды-күмбезді құрылыс. Ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Жалпы пішіні квадратты, 8,3х7,3 метр болып келген. Порталдың ортасында оның жоғары биіктігіне дейін жететін терең жебе тәрізді қуыс қалдырылған. Оның ішінде кесенеге кіретін жартылай циркульді аркалы, оңтүстікке қаратылған есік орналасқан. Төрт бұрышына жоғарғы жағы сүйірленіп кететін төрт бағана (гульдаста) тұрғызылған. Кесене ішінде екі қабір жатыр.
ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарының басында Қоқан бектері Сарманның үзеңгісіне у жағып, қастандық жасаған. Сарман батыр 1843 жылы Аққыр тауы маңындағы «Қаракөл» деген жерде қайтыс болған.

Сәтбай кесенесі
Сәтбай кесенесі Сыр бойы қазақтарының «үйтам» үлгісі бойынша салынып, көлемі 25х25х6 см ортағасырлық күйдірілген қыштан тұрғызылған. Іргетасы мен табаны да сол кірпіштен өрілген. Есігі батыс жаққа қараған. Төрт бұрышына 4 мұнара (гульдаста) тұрғызылған. Әрқайсысының биіктігі 3,60 метрден.
Кесене бір камералы. Ішінде төрт қабір жатыр. Төрдегі үлкені Сәтбайдікі де, қалған үшеуіне немерелері жерленген.
Кесененің ішкі беті (интерьері) орта­ғасырлық сылақтың бір түрі «ганч» ерітін­дісімен сыланған. Қазіргі кезде ол сылақ опырылып түсіп қалған, бірақ әр жерлерде сілімдері сақталған.
Кесененің іші киіз үйдің жабдықталуына ұқсатып безендірілген және ол үшін архи­тектурамен тығыз байланысты мону­мен­тальды живописьтің бір түрі «сграффито» (қабырғаға салынған неме­се­ сызылған су­реттер) техникасы пайдаланылған. Қабыр­ғаларға сол кездегі қазақтардың көшін бейнелейтін суреттердің фрагменттері пано­рама үлгісінде майлы бояумен салынған. Суреттерде қой, жылқы айдалып, жүк ар­тылған түйелер, сол сияқты, сәйгүлік ат жетектеген ат сейістер мен шабандоздар, қыз-келіншектер мен жігіттер көрінеді. Та­биғат көріністері, киік, қасқыр және тағы басқа да жабайы аңдардың суреттері тұтас композицияда панорамаға енген.
Суреттер толық сақталмаған, көп жерлері өшіріліп, түсіп қалған. Қабырғалардың кейбір жерлерінде қызыл және көк түстермен салынған ою-өрнектердің фрагменттері де ұшырасады. 2005 жылдың сәуір айында кесенеге Қорғау тақтасы орнатылды.

Шойбас байдың кесенесі
Шойбас байдың кесенесі Жаңадария ауылының оңтүстігінде 25-27 шақырымда «Шойбас» деген жерде орналасқан. Са­лынған уақыты шамамен XIX ғасырдың екінші жартысы.
Кесене Сыр өңірінде тұратын қазақтардың «үйтам» үлгісі бойынша, көлемі 30x21 x 7,5 см болатын қам кесектерден салынған. Кесене бір камералы, порталды-күмбезді құрылыс. Кесененің ішкі-сыртқы беттері қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Жебе тәрізді етіп қаланған қуыстың ішінде есігі бар, батыс жаққа қарап тұр. Кесененің кіреберіс есігі арка тәрізді ұшбұрышты етіп жасалған.
Жалпы пішіні парабола тәрізді күмбез цилиндрлі, күмбезбасты барабанның үстінде орналасқан. Күмбез мықты болып шығу үшін арасында сексеуілдің бұтақтарын қоса қалап жіберген. Төбесінде ішке жарық түсу үшін бірнеше арнайы тесіктер қалдырылған. Квадрат пішінді камераның жоғарыдағы күмбездің шеңберіне қарай жалғасып кетуіне жебе тәрізді үшкір «парустардың» камера бұрыштарынан сытқа қарай бірте-бірте шығыңқы, яғни көлбеу етіп қалау арқылы қол жеткізілген. Бұл «парустар» камера еденінен 2,1 метр биіктікте бастау алады. Камераның оңтүстік және солтүстік қапталдарында бір-біріне қарама-қарсы жебенің ұшы тәрізді етіп жасалған қуыс-тесіктер қалдырылған. Кесененің дәл ортасында бір қабірдің орны жатыр. Заманында кесененің төрт бұрышында жалпы формасы домалақ болып келетін төрт бағана (гульдаста) тұрғызылған. Кесене Сыр өңірінің Жаңадария және Қуандария өзендерінің кепкен арналары аумағында жиі ұшырасатын жергілікті тайпалардың мемориалдық күмбезді құрылыстарының бір үлгісі ретінде құнды архитектуралық нысан.

Қазақ халқы мемлекет болып қалыптасуда ғасырлар бойы ата-бабаларымыз түйенің қомында, аттың жалында жүріп, ұлан-ғайыр жерді бүгінгі ұрпаққа аманаттап кетті. Біздің өңір ел мен жерін сыртқы жаудан қорғаған батырлар, ел бірлігін пәтуалы сөзімен ұйыстырған шешендер мен билерден кенде болмаған.

Дайындаған
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

14 тамыз 2019 ж. 301 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (9584)

21 қаңтар 2020 ж.

№4 (9583)

18 қаңтар 2020 ж.

№3 (9582)

14 қаңтар 2020 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 758

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 706

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031