Меңей батыр

Саналы ғұмырында аттан түспей Тәуелсіздік жолында жаумен күрескен баһадүр батырларымыздың ерліктерін насихаттау мақсатында тың деректер іздестіре бастадым. Сондағы байқағаным, ақын-жазушылар мен зерттеушілердің еңбектерінде кейбір батырлар мен би-шешендердің аттары аталып, кімдермен соғысқаны ғана айтылады. Одан өзге деректер жоқтың қасы. Батырдың кескін-келбеті, ерекше қасиеті, көрсеткен ерліктері жазыла бермейді. Қолда бар құжаттардың жетіспеушілігінен ел тарихында ойып орын алатын қаншама тарихи тұлғаларымыз назардан тыс қалуда. Соның салдарынан біз әлі күнге дейін қазақ елінің азаттығы үшін қан майданда күресіп, жанын құрбан еткен бірқатар бабаларымызды толық танып біле алмай келеміз. Дегенмен сол ата-бабаларымыздың өнегесі, өсиеті ауыз әдебиеті арқылы тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Демек ел аузындағы әңгімелер мен ақындардың жыр-қиссаларын оқып та көп нәрсені болжап, бағамдауға болады.

«Ұлы жүзді қауға беріп малға қой, орта жүзді қамшы беріп дауға қой, кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген ғой дана халқымыз. Шынында, кіші жүзден Отанын жаудан қорғаған батырлар көптеп шыққан.
ХVIII-XIX ғасырда өмір сүріп, ел тəуелсіздігі жолында жанын сала күрескен батырлардың бірегейі – Меңей Мәлінұлы. Сондықтан оның ерлігі халықтың есінде мəңгі сақта­­лып қалған.
Сыр шайырларының ішінде ақын­дық пен ахундықты қатар ұстаған, араб-парсы тілдерін жетік меңгерген Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Ел қамын жеген ерлер» атты толғауында:
“...Дос күтіп, дұшпан сыйлаған,
Бəшеке, Жаңай, Меңейді.
Жұрт тегіс желдей тынушы ед,
Қозғаса олар көмейді.
Уақытында олардың,
Күннен-күнге күшейіп,
Өрісі елдің кеңейді.
Қалайынша айтқанмен,
Қайратты туған қанды көз,
Азды көпке теңеді, – деп жырлап, ол батырлардың шешен тілді болғанынан да хабардар етеді.
Сонымен Меңей Мәлінұлы 1750-1753 жылдар шама­сында туып, 1847-1850 жылдарда Қуаңдария бойында өмірден өтсе керек. Батыр өмір сүрген кезең Ресейдің Сырдария өзенінің төменгі ағысына бойлай еніп жатқаны, қарақалпақтардың Қуаңдария мен Жаңадария өзендерінің бойына, Хиуа бегі Қожанияздың «Құртөбеге» бекініс салып, сол маңдағы қазақ ауылдарына билік жүргізіп, зекет алып, елді шулатқан оқиғалары болған уақыты. Міне, осы кезеңде замандастары Бəйтік-Тоғанас, Қыстаубай, Шағырай, Қорен, Жылқыайдар батырлармен бірге тізе қосып, елін, жерін қорғап, есімі халық жадында мəңгі қалған батырлардың бірі. Сондай- ақ Өтетілеу, Пірəлі, Жанай билермен сыйлас болған деседі.
Меңей батыр алғашқыда ру аралық барым­ташы­ларды жеңіп, таныла бастаса, келе-келе əртүрлі ұрыс-шайқастарда шыңдалып шын мəніндегі батыр атанған. Ресей жерінен шұбыра көшкен Еділ бойының қалмақтары мен башқұрттар қазақ жеріне еніп, бірнеше рет ұрыс болғанда Меңей батырдың қолбасылық қасиеті анық байқалады. Ол негізінен Əбілхайыр ханның ұлдары Нұралы хан мен Ералы сұлтанның қарамағында болып, құба қалмақтармен Жем, Торғай өзендері, Қызылжыңғыл маңында соғысқан. Қалмақтардың көші 40 мың əскердің қорғауымен қазақ жері арқылы өтіп, жол бойындағы қазақ ауылдарын шауып, тонағаны белгілі. Бұл ұрыс «Шаңды жорық» деп аталған.
Қазіргі Қармақшы ауданындағы Тәйімбет Көмекбаев ауылы орналасқан жер бұрын «Аша» деп аталған. Осы тұста Меңейдің қыстауы болған екен. Ол тек қол бастаған батыр ғана емес, сонымен қатар елдің егін егіп, диқаншылыққа бейімделуіне ұйытқы болған жан. Қуаңдарияның бойында Меңей атты көл де бар. Дүниеден өткенде оны ұрпақтары мен туыстары сол жердегі биіктеу төбеге жерлейді. Кейін осы маң Меңей аталып кетті. Бұл жерде батырдың мавзолейі де тұр. 2013 жылы батырдың ұрпақтары мен елдегі ағайындар баба кесенесіне граниттен тас белгі қойды. 2018 жылы Қармақшы ауданындағы бір көшеге Меңей батыр есімі берілді.
Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Меңей ұзын бойлы, тау тұлғасымен дараланып тұратын жауырынды, қалың қасты, қаба сақалды кісі болған. Атқа мінгенде үзеңгіге салған екі аяғының тізесі атының құлағына жетеғабал болған деседі. Қылыш сермеп, найза түйреудің әдіс-айласын шебер меңгерген батыр жауға қарсы ұрандап бір өзі шабады екен. Шалт қимылы соншалық, жуандығы білектей ұзын найзамен карсы келген жауын түйреп өткенін әп-сәтте ешкім аңғармай қалатын көрінеді. Қоқан, қалмақтардың әскер басыларымен бірнеше мәрте жекпе-жекке шығып жеңіске жетіп, шайқас тағдырын шешкен батыр бабамыз ержүрек өжеттілігімен қазақ хандарының сеніміне ие болған.
Меңей сырт жауына қатал, қайтпас қайсар батыр болған. Жорық жолдарында жүріп әскер құрамына жаумен қарсыласудың айла әрекеттерін үйретуден жалықпаған қазақ батырларының өр мінезін қалыптастыруда ерлікке бастайтын жалынды сөздерімен намысын оятып, жігерін қайрау бірінші кезектегі міндеті болса керек. «Дөйт» ұранын айтып, атойлап жауға шапқанда арыстандай айбаттанып қаһарланып кетеді екен.
Балалық шақтан ерте кезінде ат аударыспақтың неше түріне машықтанып өскен батыр сол заманға лайық атқа да мығым болыпты. Аттың күтіміне, жорыққа шыққанда ат әбзелдерінің бекемдігіне айрықша көңіл бөлген. Атты ай бақсаң тұлпар, жыл бақсаң «дүл-дүл» демекші, атына қатты сенген. Батыр шайқас кезінде қару жарағының бірін жауына сілтегенде астындағы аты қарсыласының атына ауыз салып шайнайды екен. Сөйтіп ер қанаты – аты батырға қосымша күш қайрат беретін сенімді серігі болыпты.
Көтерілістен кейін Меңей батыр өмір сүрген уақыт ел ішінде саяси-экономикалық жағдай шиеленіскен күрделі кезең еді. Ол заман бұрынғы айрандай ұйыған қазақтың басынан бақ береке қашып, «балапан басына, тұрымтай тұсына» тараған заман болатын. Ол жылдары ел ішінде екі жақты шапқыншылық пен барымта, жер дауы, жесір дауы секілді ру аралық және тайпа аралық қақтығыстар көп болды. Сол кездері батыр бабамыз билікке араласып, даулы мәселелерді әділ жолмен шешілуіне, елдің береке-бірлігінің сақталуына атсалысқан. Қолымызға тиген деректерге сүйенсек, бабамыздың өз жеке басының пайдасын күйттемей, халықтың мүддесі үшін күрескенін байқаймыз. Қазақ жерін сыртқы жаудан қорғап, ерен ерлік көрсетіп, бүкіл ғұмырын азаттық жолында арпалыспен өткізген батыр.
Меңей батыр діни оқу орнын оқып бітірмегенімен салт-дәстүр мен ислам дінін берік ұстанған. Бес уақыт намазын қаза қылмай Аллаға сыйынып, дәстүріне адал, қарапайым еңбекқор жан болған. Үнемі шариғат айтып бірлікке шақырған. Хан-сұлтандардың сенімді серігі, бір рулы елдің қорғаны болған. Ел арасындағы дау-дамайларға араласып хан демей, қара демей мәселенің ақ-қарасын айтып, турашыл әділдігімен танылған тұлғалардың бірі. Қайратты қайсар бабамыздың батырлығы мен батылдығын өзге ру-тайпалардың сұлтандары мен билерінің де мойындап құрмет тұтқан жөнінде әңгімелер көп.
Ақындардың жыр-дастандарында Меңейдің ХІХ ғасырдың басында қазақтың танымал батыр-билерімен тізе қосып, бірге ел қорғағаны айтылады. Демек, сол заманда Ресей патшалығы мен Хиуа-Қоқан хандығының үстемдігіне қарсы күресте Пірәлі Өтетілеуұлы, Қожеке Мырзабайұлы, Арғынбай Таңатұлы, Бұқарбай Естенбайұлы, Жанқожа Нұрмұғанбетұлы секілді Сыр өңіріне танымал тұлғалармен бірге жауларына тойтарыс беріп отырғанын, сөйтіп ұлт азаттық көтерілісіне белсене қатысқанын аңғаруға болады. Қазақ тарихында халқымыздың көрнекті тұлғалары аумалы төкпелі кезеңдерде, қиын қыстау күндерде халық алдындағы міндетін абыроймен орындап, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп қалдырды. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген тұлғалар қазақ жерін жоңғар, қалмақ, башқұрттардан қорғап күрессе, ХІХ ғасырда олар орыс, хиуа, қоқан басқыншыларының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырды. Сыртқы жаулармен шайқас кезінде хан-сұлтандармен бірге қазақ қоғамындағы беделді әлеуметтік топтың бірі – батырлар үлкен рөл атқарды. Солардың қатарында Меңей батыр да елін, жерін сыртқы жауларынан қорғады. Енді ел аузынан естіген Меңейдің батырлығы мен ерекше қасиеті жайлы әңгімелерді баян етейік.
Меңей батыр балаларды өте жақсы көрген, балажан кісі болған. Қартайған шағында ауылында «Қарақ» төбеге шығып өткендерін еске алып отырады екен. Бірде сол төбе маңында асыр салып ойнап жүрген ойын балалары Меңей батырды көріп:
– Ата басыңдағы, ішіңдегі жара іздері неден қалған? – деп сұрайды.
– Менің жорығымда қалған жарақат ізі. Мынау қоқандармен айқаста «Қызылжыңғылбас» жорығынан. Мынау «Шаңдыжорық» үлкен жорық болған қалмақтармен айқаста алған жара ізі, – деп тізбектей жөнелді батыр баба. Осы соғыста көп жоңғарлардың ортасында қалып, найзаларымен түйреп атымның үстінен атқанда найзаларынан аққан қанды көріп, «Меңей өлді» деп тастап кете берген. «Ақкөбе сауытым сөгілді. Найза тигесін, қарным бір жағы жарылып, сыртқа шыққасын, дулығамның ішінен сәлдемді алып қарнымды байлап сауытымды қайта киіп алып нөкерлеріммен жауға қайта от қойдым, шаптым. Сонда жау аруақ көргендей қаша жөнелді», – деп Меңей батыр балалардың басынан сипаған екен.
Меңей батыр елін, жерін жаудан қорғаған, намысты қолдан бермеген от жүректі, сом білекті батыр болған. Соны дәлелдейтін оның бала кезіндегі батылдығы мен батырлығы жайлы мынадай әңгіме бар.
Бір күні жайлауда шетте отырған Торыбай ауылының күнкөрісі ірілі-уақты малын көрші ауылдың жігіттері барымталап, айдап кетеді. Бұл кезде Меңей он бестер шамасындағы балаң жігіт болса керек. Үлкендерден бата алған ол тәуекел деп әлгі мал айдаушылардың соңынан қуады. Артынан қуып келген ат үстіндегі қаршадай баланы көрген барымташы жігіттер қарқылдап күліп, мазақ қылады. Сол жерде ұрыс басталады. Меңей батыр қарсы келген 3-4 жігітті соққыға жығып, аттан құлатады. Біреуін сол жерде мерт қылады, қалғандары қашып құтылады.
Содан көрші ауылдың билері өлген азаматтың құнын сұрап, Торыбай ауылына келеді. Осы даудың билігін айту үшін екі ауылдан екі би шығарылады. Олар бір бітімге келгенше ауылдың шетіне барып, оңаша ойласады. Ел ағалары екі жақ бітімге келгенше көрінбей-ақ қой деп Меңейді ауылға қалдырып кетеді. Бірақ «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді» демекші, бұған намыстанған Меңей қылышын асынып атқа қонады.
Әдеттегідей дау шешілгенше ортада ақ боз үй тігіліп, екі жақтың билері өзара ақылдасып жатыр екен. Меңей батыр ақ боз үйге кіріп келіп, “Ассалаумағалейкум” деп билерге жағалай сәлем беріп, сол жақ босағаға отыра кетіпті. Билердің бірі бұл қай бала деп сұрағанда, екіншісі кісі өлтірген осы бала дейді. Сонда әлгі би «Бетінен қаны шығып тұр екен, болса болар» деп әңгімесін жалғастыра берген екен.
Көрші ауылдың жігіттері оған:
– Сені қатын секілді қашып кетті ме деп отыр едік, неге келдің? – деп сұрайды. Сонда Меңей:
– Сыртта жүріп өлсем өлігім жат жерде қалады. Енді өлсем денемді алып кетпейсіңдер, туған жерімде жерлейсіңдер. Сосын өзім алдарыңа келіп отырмын, –деген екен.
Көрші ауылдың биі басымдық көрсетіп, құнға жасауымен екі қыз беруге көндіріп жатса керек. Сонда Меңей әлгі бидің иегінің астындағы салбырап тұрған алақандай ұраны ұстап қысып тұрып әлі бітімге келген жоқсыңдар ма, жасауымен бір қыз беретін боламыз, –дейді.Екі жақтың биі осыған келіседі.
Кешкілік тамақ пісіп, табақ тартылады. Сонда көрші ауылдың биі Меңейді сынамақ болып, мына қойдың бел омыртқасын етімен асатамын, егер осыны асасаң құн дауламаймын, – дейді. Сонда Меңей қойдың бел омыртқасын шайнамай, қылғытып жұтып жібереді. Осыдан кейін екі жақ та татуласып, бітімге келген.
ХІХ ғасырдың басында Жаңадария мен Қуаңда­рияның орта және төменгі ағысында мекендеп қоныстанған ауылдарға хиуа мен қоқандар сан мәрте шабуыл жасайды. Халықтың ар-намысына тиіп шексіз озбырлық жасаған хиуалықтармен болған ұрыста Меңей батыр оннан астам жау сарбазын жер жастандырып, ерлік көрсетеді. Ол кездегі соғысу дәстүрінде адам шығынын азайту мақсатында екі жақтың бас батырлары жекпе-жекке шығатын болған. Қай жақтың батыры жеңілсе, сол жағы жеңіліс тапқан болып қала береді. Екінші ауыр түрі жаппай шабуылға шығып, найзаласу, шоқпар сілтеу, қылыштасу, тағы бір әдісі айнала қоршап алып жойып жіберу.
Бірде Жанқожа бастаған қазақ қосындары хиуаның қалың қолына тап болады. Адам шығынын болдырмау үшін екі жақтан екі батыр жекпе-жекке шығатын болады. Бұл жолы екі жақтың келісімі бойынша жекпе-жекке хиуа жақтан Қарабас батыр, Жанқожа жақтан Меңей шығады. Екі батыр ортаға шауып шығып, айқаса кетеді. Қарабас батырдың ірілігіне сай қайраты да бар екен. Қарсыласын тез жеңудің әдісі болуы керек, найзасын адамға емес, аттың шылауына қарай сілтей бергенде, Меңей шалт қимылдап кіндік тұсынан түйреп өтеді. Найзасы қолынан ұшқан жау атынан төңкеріле құлап, сол жерде жан тапсырады. Көп ұзамай хиуа ханы Аллақұл Қожанияз басқарған алты мыңнан астам қолды Сырдың жағасындағы жазалау үшін жібереді. Жанқожа бастаған жасақтар хиуалықтарды тас талқан етіп, олардың бекінісі «Жаңақаланы» басып алады. Осы шайқаста ерекше көзге түскен Меңейге дән риза болған Жанқожа батыр: - «Басқа батыр бір төбе, Меңей ағам бір төбе» деп құрмет тұтқан. Бұның себебін сұрағандарға – Батырдың қайраты мен қайсарлығын, әскери шеберлігін айтпағанда, ұрандап жауға бір өзі шабатын қырғиы ғой, ол ердің» деп жауап береді екен.
Зерттеушілердің еңбектері мен ақындардың жыр толғауларында Меңей батырдың XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бас кезінде өмір сүргені және жоғарыда аталған қазақ батырларымен замандас, жорықтарда сапарлас болып, қалмақ, хиуа-қоқандармен болған шайқастар кезінде ерен ерлік көрсеткені айтылады. Ал одан өзге жазбаша түрде деректер жоқтың қасы екенін айттық. Сондықтан көргенімізді емес, естігенімізді әңгімеледік. Әрбір ай­тылған әңгіменің астарында ашылмаған бір шын­дық­тың жататыны анық. Айтылып жүрген аңыздан барып ақиқат шығады. Демек Меңей қайталанбас ерліктерімен ел есінде қалған батыр екені анық. Сол себепті батыр бабамыз жайлы қолыма тиген мәліметтерді жинақтап жазып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды жөн көрдім. Тегін, тілі мен дәстүрін, тарихын білген, бабаларын ұлықтаған ұрпақ ұтпаса, ештеңеден ұтылмайды.

Серік Бертаев,
ардагер-журналист
27 тамыз 2019 ж. 190 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

№87 (9563)

05 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 217

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 274

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930