» » » МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ МІНБЕРГЕ КӨТЕРІЛУІ ҮШІН...

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ МІНБЕРГЕ КӨТЕРІЛУІ ҮШІН...


Жаз қызығы тарқады, тамыз да түгесілуге таяу. Дүниенің реңін сары түске малған қыркүйек айы біз үшін берекелі мезгіл. Әсіресе осы қыркүйек айы ұстаздар қауымы үшін қарбалас кезең. Таяу күнде жаңа оқу жылы басталады. Бірақ өз кәсібін сүйетін, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын қандай мамандық иесі де еңбек демалысынан соң жұмысқа сергек серпінмен, жаңаша бастамаларымен кіріседі. Солардың ішінде арадағы аз ғана үзірлі мезгілде өз кәсібін сағынып қалатын осы ұстаздар қауымы. Өйткені олар тек білім беру саласының қызметкерлері ғана емес, баланың екінші ата-анасы, тәрбиешісі, қоғамды қалыптастырушы тұлғалар. Бұл сөзімізбен қоғамның қисық кеткен тұстарының барлығына осы ұстаздар қауымы жауапты деуден аулақпыз, әрине. Десе де, қоғамды қалып­тастыратын адамзат баласы екенін ескерсек, бұл мәселеден сол қоғамды жасайтын жеке тұлғаға білім беруші мен тәрбиелеуші шетін қалмайды. "Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы" деген тәмсіл де осыны меңзейді.
Сонымен әне-міне, өздерінің талғамы бойынша әке-шешелері қалада бір жұма базарлап жүріп сатып әперген су жаңа оқушы формасын киген барша бала қолдарына шоқ-шоқ гүл алып, сөмкелерін асынып, мектепке беттейді. 1-қыркүйек­тің әсерін, алғашқы қоңыраудың дауысын, сырланған есік-терезенің иісі жайлаған сынып ішінің саф ауасын сезінбейтін оқушы жоқ. Бұрынырақта, ұстаз бен шәкірттің ара­сын­дағы байланыс қандай еді?! Мектеп ережесі – темірдей тәртіп. Шеңберден шықсаң, жазаланасың және бір емес, екі мәрте. Алдымен, мұғалім құлағыңнан тартқылап, бір сазайыңды берсе, бұзықтығың үшін мектепке шақы­рылып, баласының тәртібі үшін ұятты болған ата-анаң үйге барған соң тағы да "сыбағаңды" беретін. Бір таңға­лар­лығы, сол кездегі ата-аналар оқушы ере­жесін бұзып, мұғалімнен сөгіс алған баласына ара түсіп, мектепте тая­ғын сүйретіп, ұстазға қаһар төндіріп кел­мейтін-ді. Керісінше, ата-анасын жер­ге қаратқан баласын кінәлап, өздері Тәңірдей табынатын ұстаздан мың қай­та­ра кешірім сұрап, баласының тәртібін түзеуге тырысатын. Молдаға баласын берерде "Еті – сенікі, сүйегі – менікі" деп аманаттаған кешегі ата-бабаларымыз да бауыр еті – балаларын жаман болсын деген жоқ еді, қара танып, оқып, білім ал­сын, көкірек көзі ашылсын деген ниеті еді.
Келер жылға дейін "мұғалім мәртебесі" туралы арнайы заң қабылданады. Оған дейін аталған заң жобасы қоғамда талқыланады. Бұл орайда халықтың, мұғалімдердің, ата-аналардың ұсыныс-пікірлері ескеріледі. Жалпы Білім және ғылым министрлігі қабылдаған заңмен ғана мұғалімдердің мерейі үстем болып, мәртебесі биіктей ме? Біз осы төңіректегі сауалдарымызды ұстаздарға және ата-аналарға қойып көрген едік.

Айқын ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
№201 мектеп-лицей мұғалімі:
– Бүгінде ұстаздарға қойылатын талап өте жоғары және біз сол талаптарға сай қызмет етуге тиіспіз. Жаңа заманның ұстазы ең алдымен жаңашыл бағыт ұстануы керек. Әлем жылдан жылға дамып, ғылыми-технологиялық прогресс адамзат санасында дүмпу туғызып келеді. Біздің мемлекетіміз әлемнің дамыған елдерінің қатарынан орын алуды мақсат етті. Сондықтан біз өркениеттің көшінен қалмауға тиіспіз. Сол үшін де біздің, яғни ұстаздардың алдында ғылым-білімдегі жылт еткен жаңалықты меңгеріп, оқушыларға жаңа заманға сай сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Ұстаз білімді, білікті болмаса, шәкіртті кінәлай алмайсың. Ұстаздық – біздің кәсіби мамандығымыз. Ал, әрбір адам өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарағанда ғана оның еткен еңбегінің, істеп жүрген жұмысының нәтижесі болады. Демек мамандықтың мәртебесін арттыру ең алдымен сол салада қызмет етіп жүрген маман иесінің тікелей өзіне байланысты. Рас, бүгінде мұғалімдерге деген қоғамдағы көзқарас өзгерген. Бұрындары ұстазын ұлық тұтатын шәкірті бүгінде өзіне білім үйретіп, тәрбие берген мұғаліміне дөрекі қылықтар көрестіп жүр. Мұны біз жаңалықтардан да, ғаламтор желісінен де көріп жүрген соң, көзіміз үйреніп, көңіліміз көндігіп қалған. Әйтпесе, ұстазына қарсы сөйлеп, тіпті қол көтеруге дейін барып жүрген ұрпақтың ертеңінен не күтуге болады? Тәуелсіз елдің біз сенген ертеңгі тіректері осылар ма еді? Тағы да қайталап айтайын, бұл орайда ұстазды немесе ата-ананы кінәлауға болмайды. Екі тарап та: ата-ана баласының надан болғанын, ұстаз шәкіртінің болымсыз болғанын қалайды дейсіз бе?! Әрине қаламайды. Оның үстіне қазақ жаратылысынан ұрпағы үшін өмір сүретін халық. Әйтсе де, қазіргі қоғамда кейбір отбасындағы ата-ана рөлінің әлсіреп кетекенін жасырып, жаба алмаймыз. Бұл жағдайға бұдан бірнеше ғасыр бұрын әлем ұстазы атанған Фараби бабамыз: "Тәрбиесіз берілген білім түбінде адамзатқа қасірет алып келеді" деп ескертіп кетті. Ұрпақ санасына білім сәулесін түсірмес бұрын, оның бойына тәрбие мен тәлімнің дәнін егуіміз керек екен. Ал тәрбиелі адам – парасатты адам. Әрине ұстаз да өзінің атына кір келтірмей, білім-білігімен бірге ізденіп, үнемі өзін педагогикалық тұрғыдан дамытып отыруы қажет. Бір сөзбен айтқанда, ұстаз бойында адамшылық қасиеттің барлығы тоғысып, шәкірті көретін түймедей де мін болмауы тиіс. Керісінше, ол шәкірітінің мінін түзеуші. Қоғамда талқыланып жатқан "Мұғалім мәр­те­бесі" туралы заң жобасы қабылданса, мұғалімнің функциясына жат­пайтын қоғамдық жұмыстардан мұға­лімдерді босату, оларға кезексіз баспана беру, жалақыларын көбейту, зейнет жасын ұзартпау, қағазбастылықтан арылту секілді мәселелердің шешілуіне сеп болады деп сенемін.

Жанар МӘЛІКҚЫЗЫ,
кент тұрғыны:
– Мұғалім қай қоғамда да өзінің орыны бар ардақты мамандық иелері. Барлығымыз да ұстаздан сауат аштық, білім алдық, адам санатына қосылдық. Әлі күнге дейін оқыған мектебіміздің жанынан жүре қалсақ, бүйрегіміз бұрып, бір тағзым жасамай өтпей­міз. Көшеде кездесіп қалсақ та ұстаз­дары­мыздың алдын кеспей, шәкірттік ілтифатымызды білдіріп тұрамыз. Бұдан біздің ұстазға деген құрметімізден бұрын, өзіміздің адами болмысымыз айқындалып тұрады. Сондықтан да халқымызда "Ұстаз көрген" деген сөз қалыптасқан. Сонымен бірге кешегі даналардан "Шәкіртсіз ұстаз тұл" деген сөз де қалыпты. Ұстаз қарымды болмаса, шәкірті алымды болмайды. Өкініш­ке қарай бүгінде ұстаздардың бе­делі, мұғалімдердің мәртебесі өз мінбе­рінде тұрған жоқ. Ата-ана ретінде мен де бұған қатты қынжыламын. Меніңше, қай мамандықтың да мәртебесі сапалы мамандарға байланысты. Мұғалім мәр­тебесі тек заң жүзінде олардың құқын қорғаумен, мемлекет тарапынан көр­се­тілген түрлі қолдаулармен көтеріліп кетпейді. Мұғалімнің бойында толысқан білім-білігі, көркем мінезі, телегей ақылы, парасат-пайымы, қарым-қабілеті, мейі­рімі, ішкі мәдениеті, отбасынан алған мораль­дық тәрбиесі, киім киісі, жүріс-тұрысы, қалыптасқан сөйлеу мәдениеті, дауыс ырғағы, айналасымен қарым-қаты­насы, ұлтжандылығы, сабырлылығы, еңбек­қорлығы, ыждағаттылығы, ізденім­паздығы, талапшылдығы болмаса, ол мұғалім мәрте­бесіне ие бола алмайды. Сондықтан да бізге осы қасиеттердің барлығы болмысына байланған ұстаздар қажет. Сонда ғана мұғалім мәртебесі артады.


Қуат Ахетов
31 тамыз 2019 ж. 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30