» » » Жаңалығы бар жаңа әліпби

Жаңалығы бар жаңа әліпби


Елбасымыз 2018 жылдың 19 ақпаны күні латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің өзгеріс енгізілген нұсқасын бекіту туралы жарлыққа қол қойды. Өздеріңізге белгілі 2017 жылдың желтоқсан айында латын әліпбиінің емле ережелерін жасауға арналған жұмысшы топ құрылған болатын. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және сараптамалық-техникалық бағытта белсенді жұмыс жасап жатқан жұмысшы топтың мүшелерін Тіл білімі институтының ғалымдары құрайды. Редакцияланған жаңа нұсқада аппробация қорытындысы және ғалымдардың ұсыныстары ескеріліп, қайта сарапталғаны байқалады.
Ең алғашқы нұсқадағы акут белгісін қою нұсқасы ә,ғ,ң,ө,ү және у әріптерін таңбалауда сәтті берілген. Көпшіліктің дау туғызған ш және ч әріптерін диграф арқылы таңбалағаны өте орынды әрі латын әліпбиіне қатысты туған пікірлер қайшылығына қойылған нүкте болары сөзсіз. Жазуда көзге қораш көрінген апострафпен таңбалау нұсқасын өзгертіп, дәйекше және диграфтармен таңбаланған бұл нұсқа халықаралық латын негізді әліпбилерге өте жақын, қолдануға ыңғайлы әрі жазып үйренуде көп қиындық туғызбайды. Әліпби түзу кезінде емлелік қағидаттарымен қатар сараптамалық-техникалық комиссияның да ережелері қатар ескерілді. Мысалы: àlem, rýhanɪ jańǵyrý. Алайда бұл нұсқаға да алдағы уақытта өзгерістер енгізілетінін ескерте кеткен жөн. Себебі жұмысшы топ шілде айына дейін емле ережелерін жасау үстінде кей тұстарды өзгертуі әбден мүмкін. Сондықтан бүгінгі нұсқамен де көз үйрену жұмыстарын жүргізгеніміз абзал.


Нұрсәуле Дүйсенбайқызы,
Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының директоры
21 ақпан 2018 ж. 89 0