» » » Несие аларда нақты жоспар қажет

Несие аларда нақты жоспар қажет


Қазірде көшеде екі адамның басы қосыла қалса айтылатын әңгіме несие жайында болып тұр. Жоқ, олар бұрынғыдай банктерден жоғары пайызбен несие алып және оны төлей алмай жүргендерін айтып, бірі-бірне мұң шақпайды. Керісінше көңілдері көтеріңкі, жүздерінде қуаныш бар. Несиелерін мемлекет жауып бергенін айтып, марқаяды.
Иә, қазірде халықтың көбінің басында бір-екі несиеден бар. Қаржы керек кезінде банктерді жағалап жүріп алып, қажетіне жаратқан. Жалпы халқымыздың қонақжайлылығы, аста-төк шашпалығы әу бастан қанында бар әдет. Өмір бойы жиған-терген қолындағы дүниесін қуанышына бір сәтте шашып жіберетін сол мінезі әлі де қалмаған. Біз несие ресімдеп отырғанда оның артындағы қалтамызға, бүтін отбасымызға түсер салмағын ойламаймыз. Банк қызметкерінің алдыңа қойған банкпен арадағы келісім-шартпен де жөнді таныспай, топырлаған қағаздың белгіленген жеріне қолымызды қойып, ақшамызды алғанша асығамыз. Қош, тіршілік болған соң қаржы кімге де болса керек қой. Айлық жалақыңнан там-тұмдап жинағаныңды тұрмыстық қажеттілігіңе жеткізе алмайсың. Сосын амалсыздан өз еркіңмен барып банктің тұтқынына айналасың. Әрине қазір тұрмысыңды түзеп алуға несиенің көп көмегі бар. Бірақ тек ойыңа алған ісіңді нақты жоспарлап алған жағдайда ғана банктерден алған несие сізге қызмет ете алады. Өйткені жоспарланған істің артында шығыны болмайды, барлығы өз орындарына, рет-ретімен жұмсалады. Ал енді жоспарсыз жасалған қандай істе де береке болмайды. Қазір біз болмашы жағдайлар үшін де несие алып шығынға ұшырап, қарызға белшемізден бататын болып жүрміз. Ойланбай, кеңеспей, отбасылық бюжетті жоспарлап алмай отбасымызға тиесілі нәпақамызды банктерге өз қолымызбен ай сайын апарып беріп отырмыз. Міне осындай жағдайлардың салдарынан талай шаңырақ шайқалды, талай адамдардың тағдыры ойрандалды. Халық ай сайын айлық жалақысының жартысымен сол несиелерін жылдар бойы жауып қиналып кетті. Әсіресе бұл жағдай көпбалалы отбасыларға қатты әсерін тигізді.
Осыдан бірнеше ай бұрын ел арасында "Үкімет халықтың кредитін жауып беретін болыпты" деген сөз тарады. Әрине, бұл қаңқу сөз болса да елді қуантты. Бірақ, ел ішіндегі жел сөзге біреулер иланғанымен, біреулер сенген жоқ.
Иә, мемлекет халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеру бағытында бұрыннан да бірнеше бағдарламалар қабылдап, ел тұрғындарын әлеуметтік қамсыздандыруды назардан тыс қалдырған емес. Десе де, биылғы жылдың көктем айларынан бастап Мемлекет Басшысының бұйрығымен еліміздегі көпбалалы аналарға ерекше қам­қорлық көрсетіле бастады. Отбасындағы әр балаға үкімет 21 мың теңгеден жәрдемақы тағайындады. Бірақ, бұл тұрғыда әрбір көпбалалы отбасының тұрмыстық жағдайы ескерілді. Егер, үйіңізде төрт немесе одан да көп балаңыз болғанымен, айлық жалақыңыз, яғни тұрмыстық әлеуетіңіз өз отбасыңызды қамтамасыз етуге жетсе, ондай жанұялар мемлекеттің бұл көмегін ала алмайды.
– Мен алғашқылардың бірі болып тиісті орындарға құжат тапсырдым. Қазір үш айдан бері төрт балама 21 мың теңгеден, ай сайын 84 мың теңге жәрдемақы алып отырмын. Әрине, тұрмысыма көп көмегін тигізді. Балаларымның киімі мен тамағына жетеді. Бұл мемлекет тарапынан бала болашағы үшін жасалып отырған үлкен көмек әрі қамқорлық, – дейді көпбалалы ана Анар Мәлікқызы.
Расында көпбалалы әлеуметтік аз қам­тылған отбасылар үшін мемлекеттен көрсетіліп отырған бұл қолдаудың жөні бөлек. Ал әңгімеміздің негізгі тақырыбына көшсек, еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен, түрлі себеппен өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отырған азаматтарға мемлекет бір жолғы көмек бере бастады. Онда да бұл қам­қор­лығын: көпбалалы отбасылар, асы­­рау­­шысынан айырылу жағдайы бойынша төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар аталған қарыздар бойынша борышкерлер ғана көре алады. 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борыш пен ол бойынша есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспауы тиіс.
– Бір үйден менің де және күйеуімнің де атымызда несиеміз бар еді. Төлем күндеріміз кешіктірілгенімен, тапқан ақшамыздың жартысынан көбіне несиемізді жауып отыр едік. Бірақ, қатты қиналдық. 5 баламыз бар. Жуырда банктен "несиелеріңіз толығымен өтелді" деген хабарды естіп қуандық. Мемлекеттің мұндай көмегін сезінген біз ғана емес екен, тұрмысы төмен көптеген отбасылар несиенің қамытынан босапты. Біздің Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымыз шексіз, – дейді көпбалалы ана Мира Қиланова.
Мемлекеттің бұл бір жолғы көмегін дұрыс түсінбей жүргендер де жоқ емес. Жақында бір танысым жылдар бойы төлей алмай келе жатқан несиесінің аталған науқан аясында жабылғанын қуана жеткізіп және өзінің атынан тағы да несие алатынын айтты. Жұмыссыз жүрген танысыма оны қалай өтейтінін сұрағанымда, "Мемлекет жауып бермейді ме?!" деген жауап естідім. Бұл қате түсінік. Тіпті тоғышарлық. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бұл көмек – бір реттік ғана акция. Мемлекет өмір бойы азаматтардың алған несиесін жауып отырса, халықты нағыз масылдыққа үйретеді. Сондықтан азаматтар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осы бір жолғы көмекті тиімді пайдаланып, келер жолы несие алатын болса отбасылық бюджеттің кіріс-шығысын есептеп алып, қадамға барғандары жөн.

Қ.ЖАНАЙ

10 қыркүйек 2019 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30