» » » Жалағаштың бастауы – Аламесек

Жалағаштың бастауы – Аламесек

Сыр бойында сонау 1920 жылдан құрыла бастаған болыстықтар, соның негізінде ұйымдастырылған аудандар бірде қосылып, бірде таратылып келген. Солардың бірі – тарихы алыс жылдардан басталатын Аламесек болысы, соның негізінде аудан болған Аламесектің 1939 жылы құрылған Жалағаш ауданының бастауы болғандығы. Сондықтан да Жалағаш ауданының құрылғанын 1939 жылдан емес, 1925 жылдан бастау керектігін айта отырып, оқырмандарға ой тастамақпын.
Кеңестік кезеңнің алғашқы жыл­дарында Түркістан Республи­касының құрамындағы Сырдария облысына Перовскі және Қазалы уездері қараған. Сырдария облыстық әс­кери революциялық комитетінің 1920 жылдың 2 қаңтардағы шеші­мімен уездік, болыстық ревком­дар­дың төрағаларының және 2 шілде 1920 жылғы Перовскі уездік кеңес, жұмысшы, солдат, шаруалар мен мұсылман депутаттарының қау­лы­сымен 24 болыстық құрылады. Қазіргі Қызылорда облысының Жалағаш ауданына катысы бары –Жалағаш, Байзақ, Қаракөл-Қуаң­дария, Қостам, Аламесек, Қышбөгет, Шаған, Көт­кен­шек болыс­тықтары.
1922 жылдың 25 сәуірінде Перовскі уезі Ақмешіт уезі болып атал­ды. 1924 жылдың 27 қаза­нында Бүкіл­одақтық атқару коми­те­тінің ше­шімімен Орта Азия Республи­кала­рының өзара бөлінісі бекітілді. Осының негізінде Сырдария облысы түгелдей Қазақстанға берілді. Онын ішінде Ақмешіт пен Қазалы уездері де бар. Осы жылдың 12 желтоқсанында Сырдария облысы губернияға айна­лады.
Осы жылдары Ақмешіт уезіне 27 болыстық қараған, соның 8 болысы қазіргі Жалағаш ауданында құрылған. 1920-1925 жылдары Жалағаш бо­лы­сының орталығы Жалағаш те­мір­жо­лы стансасы болды.
1925 жылдың 19 сәуірінде Бүкіл­одақтық атқару комитетінің қау­лысына сәйкес Қызылорда уезі Қызыл­орда қаласы болып қай­та аталады. Осы шешімдердің не­гі­зінде Аламесек болыстық ат­қару ко­митеті құрылып, оған 44 ауыл­дық кеңес қараған. 1925 жыл­дың 15 мамырында Жалағаш, Те­рең­өзек болыстықтары Қараөзек бо­лыстығына, Жөлек, Сорқұдык, Те­лікөл Шиелі болыстығына қараса, Қаракөл Қуаңдария, Қостам, Қыш­бөгет, Көткеншек болыстықтары Алам­есек болыстығына қарап, орталығы Аламесек №3 ауылы болып белгіленген.
1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағында Аламесек ауда­нында 3632 шаруашылық, оның отырық­шысы – 2385, жартылай отырықшы – 13, көшпелі 1034 шаруа­шылық есеп­­ке алынған. Ал 1929 жылғы көр­сет­­кіштер: отырықшы, жартылай оты­рықшысы 81,55 пайыз, аудан көлемінде көшушілер 3662, басқа өңір­лерге көшіп жүргендер саны 829 шаруашылық. 1929 жылғы санақта: Аламесек ауданында 4491 шаруашылық, егін егетіндер – 3472, егін екпейтіндер – 1019. Округ­тің жос­парлау бөлімінің (1929 ж.) мәлі­ме­тінде Аламесек ауданы би­дай­дан 62, арпа 62, тары 76, жүге­ріден 100, күріштің әр гектарынан 83 пұттан өнім алған.
Аламесек ауданының жер көлемі – 17568 шақырым, халық саны 19249 адам. Ауыл шаруашылығымен 18395 адам, оның 14221-і егін егумен, 4174-і мал шаруашылығымен айналысқан. 7963 адам колхозға біріксе, 10439 адам жеке шаруашылықтарда еңбек еткен. Ауданда 22 өзге ұлттың өкілі болған. Аудан орталығы – Аламесек қыстағы, онда 100 адам тұрған. 1929 жылы ауданда 24 колхоз, онда 218 соқа, 115 мала, 1 сеялка, 309 омагей болған. Ауданда 5 ауылдық тұтыну қоғамы: Самұрат, Қатынқала, Комсомол, Шаған, Аламесектерде 10 лавкі қызмет еткен. Сондай-ақ ауданда 505 оқушыны қамтитын 10 мектеп, 1 интернат, 1 балалар алаңы, 2 ересектер мектебі мен 1 қызыл отау және 10 төсектік аурухана, медпункт қызмет көрсеткен (1920-30 жылдарда). Аламесек мал шаруашылығы ауданының құрамына Аламесек болысы кірген. Ауданға 605 елді мекен қараған. 1925-1930 жылдарда Аламесек ауданында 6740 жылқы, 9154 мүйізді ірі қара, 13973 түйе, 80490 қой-ешкі, 213 есек есепке алынған.
Аудан жерінен ежелгі Қызылорда-Қарақалпак (Шымбай) керуен жолы өтеді.
Бүкілодақтық атқару комитетінің 1928 жылдың 17 қаңтарында Қы­зыл­орда уезі таратылып, оның құра­мын­дағы болыстықтар Қызылорда окру­гі болып қайта құрылған. Округте Аламесек болысы Аламесек ау­даны, Қараөзек болысы Қараөзек ауданы, Қызылорда мен Сұлутөбе бо­лыс­тық­тары Қызылорда ауданы, Шиелі бо­лысы Шиелі ауданы болып қайта жа­сақ­талды.
1930 жылдың 17 желтоқсанында Бүкілодақтық атқару комитетінің (23 шілде 1930 жылғы) қаулысы негізінде Қызылорда округі таратылып, Аламесек ауданын Қызылорда ауда­нына қаратқан. Аламесек ауданы Алам­есек ауылы болып аталған. Міне та­рихта болған Аламесек ауданының қысқаша жолы осындай. Осы кезеңде (1926 жылы) көршілес Қараөзек болысы да құрылады. Болыстыққа 21 ауыл қараған. Сол болыстың негізінде осы жылы Қараөзек мал шаруашылығы ауданы кұрылса, 1928 жылдың 23 маусымында Қараөзек ауданы Тереңөзек ауданы деп қайта аталады. 2018 жылы тереңөзектіктер ауданның құрылғанына 90 жыл толуын атап өтті. Ал жалағаштықтар 2019 жылы ауданның 80 жылдығын тойламақшы. Не себепті екені белгісіз бес жыл бойы аудан болған Аламесек ауданы ескерусіз қалып келеді. Мүмкін ел азаматтары Жалағаш ауданының басы – Аламесек екенін, болмаса Аламесек жайлы мәліметтері аз болғандықтан бастауын Аламесектен алмаған болар деп ойлап, осы зерттеуімді қолға алып, мақаламды тікелей Аламесек ауданына арнадым.
1925-30 жылдардағы Аламесек ауда­нына қараған болыстықтар ор­­­нын­дағы ауылдарды атасам: Жала­­ғаш пен Байзақ, Шаған және Көткеншек болыстары кейіннен Терең­өзекке қараса, Қаракөл-Қуаң­дария, Аламесек, Қостам, Қышбөгет болыс­тарының аумағы қазіргі Жалағаш ауданына қарайды. Бұл болыс­тық­тарды тереңірек талдасақ: Қаракөл-Қуаңдария, Қостам болыстары негізінде: Аққыр, Жаңаталап, Мә­де­ниет, Мақпалкөл ауылдары, Қыш­­бөгетке:Ақарық, Жаңадария, Ең­бек, Мырзабай ахун, Аққұм ауылдары кір­ген. Демек, қазіргі (2018 жылғы) Жа­­лағаш ауданындағы 15 ауылдың 9-ы Аламесек ауданына қарағанын еск­ерер болсақ, Аламесек – Жалағаш ауданының бастауы. Сондықтан ел азаматтары барша жайларды саралап, келешекте Жалағаш ауданының кұ­рыл­ған уақытын 1925 жылдан бас­тайды деп есептеймін. 2020 жылы Жа­ла­ғаш ауданының құрылғанына 95 жыл болмақ.
Жалпы Жалағаш ауданының бүгінгі ауылдары бірде Қызылорда, Тереңөзек, Қармақшы аудандарына қарап, бір қосылып, бір тараған уақыттарын еске алсақ, ауданның то­лыққанды тарихына селкеу түседі. Аламесек ауданы – бүгінгі Жалағаш ауда­нының негізі. Ал Жалағаш – со­ның жалғасы. Аталған мақаламды Қы­зыл­орда облыстық ҚР Мемлекеттік архиві мен ҚР Президентінің архив қорлары, Бүкілодақтық атқару және ҚазКССР Орталық атқару комитетінің қаулылары және «Кзыл-Ординский и Сырдаринский округа и входяшие в их состав районы» г. Чимкент, 1928 г, «Кзылординский округ и его районы». 1930 г., «Справочник по админис­тративно-территориальному деление Казахстана», 1959 г., «Тереңөзек» 1996 ж, «Жаңадария» газеті 1970 ж. тағы басқа да деректерді пайдаландым.
1939 жылдың 17 қазан айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және Қызылорда облыстық кеңесінің 1939 жылғы 21 қазандағы №56 санды шешімімен Жалағаш ауданы құрылды, 1962 жылдың 24 қазанында Жалағаш ауданы Қармақшы ауданына қосылды. Ал 1965 жылдың 16 желтоқсанында Қармақшы екі ауданға бөлінді. Бөлініп шыққан Жалағаш ауданына: Ақсу, Амангелді, Коммунизм, Қаракеткен, Карл Маркс, 1 Май, Калинин ауылдық кеңестері қарады.
1940-1941 жылдары Жалағаш ауда­нын, С.Кистанов, Ж.Төлепбер­генов, И.Шонин, тағы басқалар басқарған. 1940-1941 жылдардан бастап аудан­ды басқарған азаматтар жайлы оқыр­мандар біледі деп есептеп, бүгінгі күнге дейінгі басшылардың тізімін жазбадым. 1934 жылы Қаракеткен МТС құрылған. 1935 жылы құрылған Аламесек МТС-на 51 ауыл қараған. Қазіргі Жалағаш аудандық газетінің шығуы 10 қаңтар 1934 жылдан басталған. Қаракеткен МТС жанынан «Колхозшы» газеті шығып, содан бері әр жылдары аты өзгерсе де Жалағаш аудандық газетіне 2019 жылы 85 жыл толды. Сонда газетке 85 жыл болғанда ауданның құрылуы неге басқа цифрды көрсетеді. Мен де, оқырмандар да таң.
Қазақ КСР-ының құрылғанына 50 жыл толу қарсаңында көптеген тарихи мақалалар жарық көріп, тіпті жабық мәселелер де көтеріле бастады. 1969-1970 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің тапсырмасымен белгілі тарихшы мұғалім Айтбай Жетібаев аудан тарихын зерттеді. Ол кісі де аудан тарихын Аламесектен бастайды.
А.Жетібаев 1970 жылдың 1-3 қыр­күйектегі «Жаңадария» газетінде «Ау­дан орталығы – Аламесек» деп жазған-ды. Бұған қоса ауданның 60 жылдығына орай 1999 жылы баспадан шыққан «Жалағашым – жасыл бағым» және 2009 жылы «Шежірелі Жалағаш» атты кітаптардың алғы сөздерінде былай жазылыпты. «...1924 жылдың қарашасында Аламесек, Қышбөгет, Қостам, Байзақ, Жалағаш, Ақарық бо­лыс­­тарында советтердің сайлауы өтті. Қызылорда қаласы Республика астанасы болғаннан кейін Аламесек ауданы құрылды. Бұл қазіргі Жалағаш ауданының бастауы болатын» деп тайға таңба басқандай жазылып тұрса да, ауданның 60, 70 жылдық, алдағы уақытта 80 жылдығы аталып өтпек. Мерекелеу дұрыс қой, бірақ тарих таразысына сала отырып, тарихи оқиғаларға сергектікпен қарайық демекпін.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
жазушы, зерттеуші
10 қыркүйек 2019 ж. 80 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30