» » » Баба есімі ұлықталды

Баба есімі ұлықталды


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақаласында елімізді жарқын болашаққа бастайтын мә­се­ле­лер көтерілгені белгілі. Жалпы бұл бағдар­лама өткенімізді ұлықтап, бүгінімізді бағалауға, та­рихымызды келешек ұрпаққа аманат етуге мүмкіндік берді.
Ел тәуелсіздігі жолында XVII-XVIII ғасыр­лардағы Ұлт азаттық қозғалысында қолбасшы болған Өмірқұл баласы Сәрке батыр – күллі қазақ халқына ортақ тұлға. “Ақтабан шұбырынды” атанған қазақ халқына келген нәубетті басынан өткеріп, әдепкі күннен бастап жаумен айқасқа түскен баһадүр бабамыз өмірінің соңына дейін қаруын тастамаған қазақтың хас батыры.
Батырдың әкесі Өмірқұл байдың малы Шыршыққа келіп құлағанда өзеннің суы бір сәтке тартылып қалады екен. Сол Өмірқұл бай заманында қазақ даласы, әз Тәуке хан ордасы “Күлтөбе” деген жерге тұрақтаған-ды. Өмірқұл байдың қисапсыз көп жылқысынан Әз Тәуке ханның әскеріне ат даярланатын.
Ол кісінің Құлшық, Қареке, Қараман және Сәмеке деген балалары болған. Алайда елді қорғайтын бала сұрап, құдайға құлшылық етіп, Арыстан баб әулиеге барған. Онан кейін Мүсірәлі софы Әзиз әулиеге келіп: «Шүкір, малсыз емеспін, жансыз емеспін, ел қорғайтын жерге, елге ие болатын ұл болса» деп, әуелі Алладан, сосын өзіңнен қоштау бола ма деп келдім» дейді. Сонда Мүсірәлі әулие: «Алладан сұрадым, Алла тілегімді берді. Көш бастайтын Қарқара қыз берді, жауға қарсы қол бастайтын Сәрке атты ұл берді» депті.
Шыршықтан бері Сыр бойына көшкен аңыз әңгіме желісі бойынша Сыр өңірінде Сәрке дүниеге келіп, Өмірқұл бай ұлан-асыр той жасаған екен. Баланың мінезі күн өткен сайын өзгеріп, күрделене түседі. Киелі аңның жүрегіне жерігі қанып, нәр алған анадан туған Сәрке жеті жаста көзге түсіп, он екі ұрыс тәсілін меңгерген. Жайдақ атқа қарғып мініп, жүгенсіз шауып кете беретін болған.
Уақыт өте келе Сәрке батырдың көріпкел әулиешілігі де байқала бастайды. Сәрке 16 жасында нағашыларына барып, бір-екі жұмадан кейін келсе, қаруланған қалмақтар малдарды айдап кетіпті. Дария бойындағы бір түбекте қалған жылқыларының ішіндегі нағашылары ырымдап «бәсіре» тартуға алған шұбар құнанын алдырып, ерттеп мініп алады. Көп жылқының ізімен қуып отырып, жетінші күні ерулеп отырған қалмақтардың үстінен түседі. Жау жалғыз келген жас балаға онша назар аудармай, тамақтарын жеп отыра береді. Осы сәтті пайдаланған Сәрке көп жылқыны елге қарай айдай жөнелген.
“Ақтабан шұбырынды” атанған қазақ халқына келген нәубетті басынан өткеріп, әдепкі күннен бастап жаумен айқасқа түскен Сәрке батыр – өмірінің соңына дейін қаруын тастамаған қазақтың хас батырының бірі. Шамамен 1720-1730 жылдары қалмақ бектері Жоршын мен Тайшы бастаған 35 мыңдық қалмақ қолы шегінген қазақ қолын өкшелеп, қазіргі Жезқазған өңіріндегі Білеуті, Бұланты өзендерінен өтіп, Қарақұмның “Ұлы құмындағы” жықпыл-жықпыл құмға дендеп кіреді. Қазақ қолын басқарып келе жатқан Әбілхайыр ханның қалмақты құмға енгізу арманы еді. Әбілхайыр хан кеңес жүргізе отырып, оң шешімге келеді.
Әбілхайыр хан бұйырады: “Сәрке батыр, мына қалың қалмақты он екі күн осы жерден жылжытпайсың. Құдай қалап, амандықта болсам, мен де жетермін” дейді. Сонда Сәрке: “Хан, он екі күнің ұзақ қой, біздің жаназамызды шығарып кет” дейді. Хан Әбілхайыр осы жердегі молдаға жеті мың адамның жаназасын тірілей шығартады.
Сәрке батыр өзі тосқауылда қалған “Шилі” деген жерде қалмақтың сілесін қатырып, қаша ұрысқа салып, құмға обықтырып, артынан орағыта тиіп, бірден көп әскер жұмсауға мүмкіндігі жоқ төбе-төбеге тығып, үлкен жеңіске жетіп, әбден мейманасы тасыған қалмақты тоба қазығына таяйды. Қазақтың шексіз көп әскеріне жолықтық деп құмға кіріп, арандап қалғандарын Жоршын мен Тайшы кештеу сезеді. Енді қалмақтар құмдағы әскеріне Бұланты, Білеуті өзендеріне қарай шегінуге бұйрық береді. Сәрке батырдың әскербасы батырлары қалмақтың алдын орап, еркін шегінуіне мүмкіндік бермейді. Осылай күні-түні жүргізілген соғыста он екі күн өтеді. Қалмақтар қырғынға ұшырап, содан кейін бұл жер «Қалмаққырылған» деп аталып кетіпті.
Сәрке бастаған қазақтың да қатары сиреп, күнбе-күн, сағат сайын әлсірей бастайды. Арада он бес күн өтеді. Қалмақтар бас-көзге қарамай шегініп, Бұланты өзенінің жағасындағы биік төбенің басынан Жоршын мен Тайшы майдан даласына қарап тұрып Сәркенің соғыс өнеріне, ат төбеліндей қазақтың қалмаққа бөрідей тиіп жүргеніне таңдай қағады. Сонда қалмақ қолбасшысы: «Сәркеге қарсы келер ешкім қалмады, қайтсек те оның көзін құртуымыз керек» деп, бір топ мергендерін қалың қамыс арасына жасырып, Сәркенің келуін тосады. Бұл Сәркенің қалмақтармен болған он жетінші күнгі шайқасы еді. Сәрке жарықтық ақырғы шабуылына шығып, қалмақтың қалың әскерін бұза-жара Сары төбенің басындағы қалмақ бектеріне тура салады. Төбе басында тұрған Жоршынның қақ жүрегінен көк сүңгіні қадап үлгерген Сәрке батырды қалың қамыстың артына жасырынған қалмақтың арнайы жасақ мергендері бабамыздың арқа тұсынан атып, мойын омыртқасына тигізеді. Кейін Бұланты өзеніндегі Сары Төбе “Сәркенің сары төбесі” делініп, басына ақ тас қойылады.
Он жетінші күнгі айқас кезінде Әбілхайыр хан да қалың қолмен жеткен еді. Сәрке батырдың серіктерінен санаулы адам тірі қалады. Әбілхайыр хан жетісімен батырға қарсы келуге батылы жетпей, ту сыртынан оқ атқан қалмақ атауын (Қалмаққырылған) жарға жығып, қынадай қырады.

Жау оғынан Сәрке батырдың жағдайы күннен-күнге нашарлай берді. Батырдың айналасындағы сарбаздар қатты қайғырып, қамығып тұрып, «Уа батыр, бізді кімге тастап барасыз» деп қоштасқанда, Сәрке батыр бар күшін жиып, сабырлы үнмен айналасына көз тастап «Бар сарбазды Жүзжасарға, ал Жүзжасарды бір Аллаға тапсырып барамын» деген екен. Кемеңгерге кеңесші керек дегендей батыр әрдайым Жүзжасармен ақыл­дасып отыратын болған. Мешін жылының шілде айында Сәрке батыр Қарақұмның «Сәрке Ақшиінде» 44 жасында дүниеден өтті. Қайран қазағымның білгірлігі де орасан зор ғой. Ми қайнаған күннің ыстығында дененің бұзылмауы үшін, киізге орап, сыртын терімен қаптап, қыл арқанмен ауа өтпестей етіп ораған дейді. «Ақшиде» аманаттап жерлеп, күзде Жүзжасар би мен Бәйтен батыр бастаған азаматтар бабамыздың денесін Қорқыт баба зиратына апарып жерлегенде дене сол қалпында сақталған екен дейді. Бүгінде Қорқыт ата қорымында Сәрке батырмен бірге оның баласы Ағайдар, немересі Байқадам мен шөбересі Сейіл батырлар мәңгілікке мекен тапқан.
Сәрке батыр бабамыз жайында бұған дейінде біраз естелік, аңыз-әңгімелерді жазған едік. Енді батыр бабамыздың ел тәуелсіздігі жолында жасаған ерлігін өскелең ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатында жасалып жатқан игілікті шараларға аз-кем тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. Киелі Қорқыт бабамыздың қасына жерленген Сәрке батырдың басына 2001 жылы белгі қойылып, мырамырлы көктас орнатылған еді. Бұл игілікті шара сол кезде аудан әкімі болған Қожахмет Баймахановтың қолдауымен жүзеге асқанын да айта кеткен жөн. Сол жылы Ақсу ауылында Сәрке батыр мен Бостай биге арнап, ұрпақтары ас берді. Республикалық деңгейде өткен шараға алыс-жақыннан ағайындар келіп, сол жылы Ақсудағы ірі шаруашылыққа батыр бабамыздың есімі берілді. Сонымен бірге, қазір Жосалы пен Жалағаш кентінің орталық көшелері батыр бабамыздың есімімен аталады. Батыр есімін ұлықтаған ұрпақтары Сәрке батыр ескерткішінің маңынан күмбезді сағана тұрғызып, бұл жұмыстар биыл да жалғасын тапты. Биылғы игілікті шараға бастамашы болған ақсулық ардагер Тынымбай Берлібекұлы үйтамның маңдайшасына батырдың есімін жазып, батыр ұрпақтары атынан көктас қойылды. Өткенге құрмет деген осы шығар.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ
10 қыркүйек 2019 ж. 135 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30