» » » Ерғали Абдулла: Әбе – нағыз тау тұлғалы талант

Ерғали Абдулла: Әбе – нағыз тау тұлғалы талант

Айдынды Арал жұртының бүгінгі ерекше қуанышқа бөленген күні даңқты жерлесіміз Ә.Нұрпейісовтің көркем сөзбен жасаған әдебиеттегі әз әлеміне қайта бір көз жүгіртіп өттік...
«-Бетім-ай!...Масқара-ай!...
Тырыли арық Қаратын жерқазбаға танаурап сөйлей кірді».
Атақты «Қан мен тер» романы осылай басталмаушы ма еді. Осы бір ауыз сөзден кейін үлкен әлемге-кемеңгер суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кең әлеміне бойлап еніп кеткен едік.
Романның осылай басталуының өзі сол кезде біздерге ерекше көрінетін. Әдетте көлемді шығармалар бірнеше беттік табиғатты суреттеуден басталатын. Ал мына шығармада бірінші сөйлемнен ақ Арал балықшыларының ХХ ғасыр басындағы қым-қуыт та қиын өміріне еніп, жаңа бір дүниені танығандай болғанбыз.
Әдебиет әлеміне жаңалық боп келген «Қан мен тер» романы тек қана Арал балықшыларының қана өмірін емес, бүкіл қазақ халықының, тіпті барша адамзаттың сол дәуірдегі ойы, өмір сүру салты, дүние танымын танытқандай өзгеше кітап болатын. Жазушы бұл көлемді эпопеясын жазуға өмірінің он жеті жылын арнаған екен.
Өз естеліктерінде мынандай бір оқиғаны әңгімелейді. Сонау 50-жылдары ол кезде кемерінен асып жатқан теңіздің батыс беткейіндегі балықшы ауылдан аудан орталығы Аралға арбамен бірнеше күн жүріп келе жатып жас жігіт балықшы ауылдың орындарын көріп, осы өлкеде қаншама ұрпақтар жасағанын, өмір сүргенін, қан төгіп қорғағанын, терін төгіп еңбек еткенін ойлап келе жатып санасында «Қан мен тер» деген тіркес оралады. Сол бір ауыз сөз кейін жазушы қиялынан өрбіп, жылдар бойғы қағаз бен қаламға шұқшиып, өзіне етене таныс балықшылар өмірін жазудан осы әлемге танылған эпопея дүниеге келген болатын.
Аралдықтардың, балықшы қауымының мақтанатын бір тұлғасы, азаматы болса, ол – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Қазақ жерінің бір пұшпағы Арал атын күллі жер жаһан тарабына таныстырған қаламгер.
Өзінің әдебиетке келуі туралы әңгімесінде жазушы былай дейді: «Әдебиеттің жолы мен үшін сәтті жол болды. Бәрі алақанына салды, баладай әлдейледі. Әдебиетті жастайымнан жақсы көріп өстім. Мұғалима Ақерке апайымыздың өзі шала сауатты еді. Өзім сауатсыз болсам да, кейіннен апайдың біреуге жазған хатын оқығанда көз жеткіздім, қатесі көп екен тіл сындыртқан сол кісіге өмір бойы қарыздармын.
Алғашқыда қолыма түскен кез-келген кітапты оқыдым. Тасқа басылғанның бәрін ізтеп, тауып оқып шықтым. Ең қатты әсер еткен кітап С.Мұқановтың «Жұмбақ жалауы» еді. Есімде қалғаны: «Мына жазушы әр кейіпкерімен бірге жүріп жазады ма екен?» деп ойлағаным. Оныншы сыныпта «Балуан Шолақ» повесін оқыдым. «Соцалистік Қазақстанға» шыққан С.Мұқановтың оқырмандарына жазған жауабы көп сабақ болып, көзімді ашты. Жазудың қиындығын ерте түсіндім. Соғыстан кейін оқушы дәптеріне он екі бет етіп «Куляндия» деген роман жаздым.
Міне осы романның алғашқы нұсқасын жазып әкелгенде белгілі жазушы Сәбит Мұқанов күллі қазақтың зиялы қауымына:
-Нұрпейісов әскерден келді, роман жазып жатыр, талантты, менің қазақ әдебиетімде жиырма жыл күткен адамым енді келді, - деп жар салды.
Талантты таланттыны ғана танитыны шындық. Осылайша «әу» дегеннен аты қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары М.Әуезовтің, Ғ.Мұстафиннің назарына ілігіп, аты барша жұртқа бірдене белгілі болды.
Қазақ әдебиетінде ойдан өрнек тоқып, қара сөздің майын қалқыған жүздеген ақын-жазушылар болған шығар. Алайда, «Әдебиет-ардың ісі» деп қағазбен қаламды жылдар бойы бір сәт те қолынан түсірмей, әр шығармасын қайта-қайта түзеп, өңдеп, бір жазғанын бірнеше қайтара қарап, ерекше еңбекқорлығымен ерекшеленетін жазушы-осы Ә.Нұрпейісов. Содан да оның әрбір жазған дүниесі қалды қазақ, озды әлем әдебиетінің шедеврлері санатында тұр. Көзі тірісінде-ақ классик атанып отырған жазушы.
Аз жазса да саз жазатын жазушының «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романы бүгінде әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылып, қазақ әдебиетінің, мәденитенің мақтанышы болып отыр. Жазушы дүниеге келген, өскен Беларандағы киелі топырақ пен саф таза ауадан өрілген сөздің әуезділігі бүгінде тек қана қазаққа емес, өзге ұлттарға да белгілі болып отыр. Ол қолына қалам ұстау арқылы ерінбей-жалықпай туған халқының бойындағы рухани нәрді жинап, мол қазына байлық жасап келеді. Ол-өз елінің тарихына терең үңіліп, үлкен толғаныстарға барған жазушы.
Тарих деген ол ең алдымен халық. Оның тағдыры мен тебіренісі көркем әдебиетте тарихтың сырын кемеңгер суреткерлер ғана жан-жақты ашып көрсете алады. «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары- сол халықтың жаңа бір қырынан ашылуы және жақсысы мен жаманы, жаңасы мен көнесі, барша бітім тұлғасы. Бірнеше ұрпақ қаламгердің осынау туындыларын оқып, өткен тарихымыздың қатпарлы тарихына үңіліп, өмірдің мәнін, адам жанының тереңдерін бойлап түсінді.
«Жазушы-адам жанының инженері» деген аксиома Әбең шығармашылығының бүкіл болмыс-бітіміне, суреткерлік әлеміне сай келеді. Оның кітаптарын оқыған сайын дүниеге келген әр адам бір-бір ашылмаған жұмбақ әлем екендігіне көз жеткізгендейсің. Қаншама қиындықтарды басынан өткерсе де адамдық қалпын жоймаған, рухы мықты Еламан, аумалы-төкпелі заманның құрбаны аяулы Ақбала, өмір жолы әп дегенде түзеу көрінгенімен, ақыр соңында адасып барып жығылған Тәңірберген – ешқашан ұмытылмайтын бейнелер.
Айдынды Аралдан шығып, аты күллі әлемге танылған абыз жазушы Әбең-Әбдіжәміл Нұрпейісов міне тоқсан бестің төріне шаршамай, шалдықпай шығып отыр.
Ел Президентінің қаулысымен көркем сөздің мэтріне Қазақстан Республикасының Еңбек Ері атағының берілуі аралдықтардың абыройын асқақтатты. Шынымен де, Әбеңнің еңбекқорлығы ғаламат. Сөз өнерінде, біздің әдебиетте мұндай дара құбылыс болған емес. Соның арқасында Ә.Нұрпейісов тек қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетіндегі жарқын жұлдызға айналды. Десе дегендей, атақ абыройдың, өлшеусіз еңбектің бақ жұлдызы өр жазушының кеудесіне алтын жұлдыз боп тағылды. Барша аралдықтар үшін бұл айтулы күн.
Болашақ ұрпақтар ішінен де осындай тау тұлғалы таланттар туа берсе екен деген игі тілегіміз бар.

Ерғали АБДУЛЛА,
Халықаралық Жазушылар одағының және
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
kyzylorda-news.kz
28 қазан 2019 ж. 144 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

№87 (9563)

05 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 215

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 269

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930