» » » ҚЫРЫҚ БЕС ҚАРА СӨЗДЕ ҚАЗЫНА БАР

ҚЫРЫҚ БЕС ҚАРА СӨЗДЕ ҚАЗЫНА БАР

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың қай шығармасын алып қарасаңыз да жас ұрпаққа берер тағылымы мол. Мұны кешегі жыл басындағы мақаласында Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Расында Абай атамыз бізге қара сөзбен де, өлеңмен де үлкен мұра қалдырды. Ал оны кейінгі буынға насихаттау – сіз бен бізге міндет. Еліміз бойынша соңғы жылдары жастар арасында «Абай оқулары» деген сайыс ұйымдастырылып келеді. Қуантарлығы аталған шара қатысушылардың өтінішімен дәстүрге айналып, әлі күнге жалғасын тауып жатыр. Бұл Абай мұрасына деген жас ұрпақтың қызығушылығы басымдығын білдіреді. Ұлы ақын шығармаларын жастанып оқитын жастар Жалағашта да жетерлік. Олардың қатарында Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің оқушысы Ақниет Мінәж да бар.
Аталған білім ошағының 9 сынып оқушысы осыған дейінгі Абай оқуларында бірнеше рет бас бәйгені қанжығасына байлап үлгеріпті. Қарындасымыз бүгінде ұлы ақынның 45 қара сөзін жатқа біледі.
– Кешегі Мемлекет басшысының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын толық оқып шықтым. Бұл Абай атамыздың мұрасына берілген лайықты баға деп ойлаймын. Расында біздің ақын шығармасынан алатын тағылымымыз көп. Мен осыдан 3-4 жыл бұрын қара сөздерін жаттап алдым. Менің түсінігімде Абай атамыздың 45 қара сөзінде қазына бар. Соны біз санамызға сіңіруіміз керек. Ал өлеңдері о бастан сені тек алға жылжуды, алдыңа мақсат қоюға өз-өзіңді тәрбиелеуге жетелейді. Биыл ұлы ақынның туғанына 175 жыл толып отыр. Әрбір қазақ кемінде абай атамыздың 10 өлеңі мен 3 қара сөзін жаттап, оның мағынасын терең түсінсе, біздің мерейтойға қосқан үлесіміз сол болар еді. Сонда ғана біз Мемлекет басшысы айтқан межеден шығамыз, сонда ғана бұл шараның тек той тойлаумен шектелмейтініне көз жеткіземіз, – дейді Ақниет Мінәж.
Оқу озатының бұл ұсынысы өзіме үлкен ой салды. Расында бірнеше өлеңі мен 3 қара сөзін жаттап, мерейтойға өз үлесімізді қосуға болады ғой. Одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Былтыр ғана Ләйлім деген қарындасымыз Қасым-Жомарт Тоқаевқа Абай өлеңдерін оқудан эстафета жолдаған еді. Бұл да жақсы бастама. Ақниет Мінәж да бұл рухани жолдамаға өз үлесін қосып үлгеріпті. Осыған дейін қара сөздерін толық жаттап алған кейіпкеріміз енді өлеңдерін толық жаттауға, мағынасын терең түсінуге бел буып отыр.
Аудан мақтанышы осыған дейін бірнеше рет Абай оқуларының аудандық және облыстық кезеңдерінде бай бәйгені олжалады. Тіпті Семей қаласында өткен республикалық кезеңінде де арнайы жүлдеге лайық деп танылды. Былтыр да Абай оқуларының аудандық кезеңінде бас жүлдені қанжығасына байлаған еді. Ал облыстық кезеңнен денсаулығына байланысты бас тартқан болатын. Сөзбе-сөз 45 қара сөзді жатқа айту оңай емес, екеуара әңгіме барысында ұлы ақынның қара сөздер жинағын қолға алып, әр жерінен оқып жалғай әкетуді өтінген едім. Қарындасымыз қарап қалған жоқ. Ешқандай мүдірместен қай жерінен баста десеңіз, сол жерінен бастап жатқа айта жөнеледі.
Талай саңлақты түлеткен мектеп-лицейдің оқушысы алдағы уақытта БАҚ саласында халыққа қызмет етсем деп алдына мақсат қойып отыр. Талабы таудай, ал үнемі ізденіс үстінде жүретін Ақниеттің алдағы уақытта тілдік қоры молаймаса, жұтамайды деп білемін. Ұстаздарының айтуынша, сабақ үлгерімі қай пәнді алып қарасаңыз да жоғары екен. Сондықтан мектеп ұжымы Ақниетке үлкен сенім артады. Айтпақшы Ақниет айтқан әлгі ұсыныс әрқайсысыңызды ойландырмай қоймас. Әлі мектеп бітірмеген оқушы 45 қара сөзін жатқа айтып тұрғанда азғантай өлеңін жаттап алу сіз бен бізге қиындық тудыра қоймас. Мерейтойға өз үлесімізді қосуда қарап қалмайық қалың оқырман.

Білім ордасы жайлы материалдарды әзірлеген
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

14 қаңтар 2020 ж. 225 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

№38 (9617)

23 мамыр 2020 ж.

№37 (9616)

19 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031