» » » ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУДА САПАҒА МӘН БЕРГЕН АБЗАЛ

ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУДА САПАҒА МӘН БЕРГЕН АБЗАЛ

Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру кімге тиімді? Елбасы мақаласында осы мәселе көтерілгелі бұл сұрақтың жауабына қатысты қоғамның пікірі қақ жарылды. Тіпті зиялы қауым өкілдері мен тіл мамандарының әліпбиге қатысты бір арнада ойлары тоғыса алмаған кездері де болды.

Рас, егер біз әліпби ауыстырсақ, қаншама мектеп оқулықтары мен әдеби кітаптарды латын қарпімен қайта басуға тура келеді. Әзірге халық кириллицаға дағдыланғандықтан бұл жұмыстарды кейін жүргізе жатармыз. Десе де әліпбиді латын графикасына ауыстыруды шын қаласақ, түптеп келгенде қордағы еңбектерді қайта басып шығуымызға тура келеді. Ол кезде кейбір қоғам белсенділері айтып жүргендей қыруар қаржы көзі қажет болады. Бірақ біз кемел келешекке ұмтылу үшін қаражатты емес, болашақты ойлағанымыз жөн сияқты.
Латын графикасының бізге берер пайдасы не? Әуелі осы сұрақтың түйінін тарқатып алайық. Қазіргі қолданыстағы әліпбиді латын таңбасымен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық білдіріп отырғандар бар. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді әлемге әйгілейтін және тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды бастама деп ойлаймын. Тіл мамандарының сөзіне құлақ түрсек, әліпби ауыстыру бірінші кезекте тіліміздің тазалығына оң әсерін тигізетінін айтады. Латын әліпбиіне көшу, түптеп келгенде ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын кеңейтуге жол ашары хақ.
Латын әліпбиіне көшу қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосады. Осы орайда «Әліпби ауыстырудың осынша пайдасы болса, неге бұл жұмысты жеделдетпейміз, осыдан 2-3 жыл бұрын жазылған бағдарламалық мақалада 2025 жылға дейін біртіндеп көшетініміз айтылған. Алдағы бес жыл тым ұзақ мерзім емес пе?» деген сауал туындауы мүмкін. Десе де өзге тиімділігін айтпағанда қолға алынған жобаның бірінші кезекте тіл тазалығын сақтауды орайластырып алмай асығыс шешім қабылдауға болмайды. Бізге дейін әліпби ауыстырған өзбек жұртының тәжірибесінен сабақ алған абзал.
Жаңа әліпбидің тіл тазалығына берер жемісіне келсек, біз латын әліпбиіне көшу арқылы өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезіндегі сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ еліміз үшін әлдеқайда маңызды.
Әлемдегі бүкіл ақпараттың 70 пайыздан астамы латын әліпбиінде таратылады екен. Осы тұрғыдан алғанда дамушы мемлекет Қазақстан үшін латын графикасына көшудің пайдасы зор. Сондай-ақ бұл өзгеріс қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосады деуге болады. Бір алфавиттен екінші алфавитке көшу мәселесі тек тіл білімі, ғылымына ғана әсер етпейді, бір ұлттың немесе мемлекеттің саяси-мәдени бағытын да көрсетеді. Әлемде латын әліпбиі ең көп қолданылатын алфавит қана емес, демократия мен дамудың жазуы деп айтсақ қателеспейміз. Сондықтан Қазақстанның латын алфавитіне көшуі еліміздің болашағы қандай бағытта дамитынын көрсетеді десек болады.
Қазақ халқының сан ғасырлар бойы түрлі алфавитті қолданып келгені бәрімізге белгілі. Сондықтан латын қарпі кириллицамен ерекшеленетін бөгде бір жүйедегі алфавит емес. Жалпы түрінде, жазылуында ортақ ұғымдар бар, айырмашылықтар да жоқ емес. Еліміздің саяси, экономикалық, ғылыми, халықаралық маңызы бар мәселелер тоғысында ғаламтор мен ұялы байланыстың жазар­мандары мен пайдаланушылары көбейген тұста интернет желісін пайдаланушылардың латын тіліне қажеттілігі артпаса, кемі­мейтіні анық. Бір жағынан бұл идея түркітілдес халықтарды бірік­тірудің басты көзқарасы болып табылады.
Қазақстан аумағында араб әліпбиі де қолданылды. 1929 жылы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби, яғни «Біртұтас түркі әліпбиін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кирилл әліпбиіне ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден кирилл графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Осылайша қазақ тілінің алфавитін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді. Сондықтан әліпбиімізді латын графикасына негіздеуде айтарлықтай қиындық бола қояды деп ойламаймын. Алайда бізге дейінгі жазу үлгісінің бұл түріне көшкендерден сабақ алған жөн. Бұл тұста уақыттың жеделдігінен сапаға мән берген абзал. Себебі әліпби ауыстыру тек тіл біліміне ғана әсер етпейді, тұтас мем­лекеттің өсіп-өркендеуіне сеп болады.

Ақтоты Кенжеғұлова,
№119 орта мектептің мұғалімі


01 наурыз 2020 ж. 91 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9604)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (9603)

31 наурыз 2020 ж.

№23 (9602)

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930