» » » АБАЙДЫҢ ӘДЕБИ ОРТАСЫ

АБАЙДЫҢ ӘДЕБИ ОРТАСЫ

ЮНЕСКО-ның (Біріккен Ұлттар Ұйымы Мәдениет басқар­ма­сының) Бас дирек­торы Федерико Майор: «...Абай – әлемдік тұлға... ұшан-теңіз білімімен бүкіл адамзат­тың санасына данышпандықтың дәнін сепкен ойшыл да кемеңгер ақын. Ол – нағыз ғұлама әрі тәңір­дің құдіретімен туған әулие десе де болғандай. Оның поэзиясының өнебойынан адамдарға деген сүйіспеншілік пен аяушылық сезімі есіп тұрады... Ал гуманистік ойлары Еуропаның классикалық философиясымен ғажайып бір үндестік тауып жа­татынына еріксіз қайран қаласың... Абай – әлемдік поэзияның асқарларымен иық теңестіріп тұрған заңғар тұлға» – дейді. («Егемен Қазақстан», 1994 жыл, 20 шілде).


Ақынның өсіп-өнген ортасы, мектебі, мәдени дәстүрлері өз алдына күрделі мә­селе. Мұның өзі алуан-алуан қатпарлы, ас­тарлы, тұңғиық сыр әлемі.
Біріншіден, Абай өскен орта – халық ақындарының, ше­шен­дерінің, шежіре­ші­лерінің, ой мен тіл көсемдерінің алтын ор­дасы. Әкесі Құнанбай от ауызды, орақ тіл­ді, мұсыл­ман­шылық қағидаларын жүй­рік білетін от жігерлі жан. Әжесі Зере ертек­ші болған.
Ақын Байкөкше (1813-1892) Құнанбай дүниеден озғанда:
Құнан кетті алдынан жарылғасын,
Артында алтын қалды ат басындай, – деген.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «20 жас­қа жеткенде Абай от тілді шешен, халық өмі­рі мен әдет-салтын, қазақ даласындағы атақ­ты билердің әр істі шешкендегі төре­лік­терін жақсы білетін ділмар атанды», – деп жазады.
Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев (1852-1918): «Қазақтың ескі заманы болса, бұрын­ғы қазақтың атақты биінің бірі болмағы анық еді... Абай бір кезі келіп тұрған са­мород еді», – дейді. 1908 жылы «Уақыт» газетінде: «Мәжі­лі­сінде болған кісілердің айтуынша, тілі ләз­затты, араб, парсы, түрік, қалмақ тілде­рі­нен хабардар, тарих, география пәнде­рі­нен мағлұматы кең болып, танымы тұқым­ды еді» делінген.
Абайдың ой-өрісінің өркендеп дамуына әсер еткен елдің жақсылары, Ахмет-Риза мед­ресесі мен орыс мектебінде дәріс берген ұстаз­дары, озат ойлы орыс зиялылары, яғни саяси көзқарасы үшін қуғын көрген интел­лек­туалдық элитаның көрнекті қайрат­кер­лері.
Бұл ретте Петербор университетінде оқы­ған ойшыл Н.Чернышевскиймен дос бол­ған Евгений Петрович ­Миха­э­­­­­­листі (1841-1913) айтуға болады. Педагог, этно­лог, өлке­та­нушы, Семей мұғалімдер се­ми­нариясының ұстазы Б.Герасимов (1872-1937) екеуінің достығы жөнінде жақсы ле­­біз қалдырған. Абайдың «Дүниеге көзімді ашу­ға үлкен се­беп­кер болған кісі – Ми­хаэ­лис» дегені бар.
Сонан соң ұлты поляк Петербор уни­верситетінің заң факультетін 1877 жылы құқық кандидаты дәрежесінде аяқ­таған. 1883 жылы Семейге жер аударылған Севе­рин Гросс (1852-1896) 1884 жылы Абай ауы­лында болып, ақыннан қазақтың әдет-ғұ­рпы мен салт-санасы турасында мағлұматтар алған. Әрхам Кәкітайұлының дерегіне сүйеніп айтсақ: «Абай ағам Гроссті өзі ертіп жүріп, қа­зақ халқының, оның ішінде Тобықты елі­нің салтын, әдетін көрсетіп, ұқтырып жаз­дырды, одан кейін Тобықтыға көрші Ке­рей ішінде Қожакелді, Малдыбай, Матақ дей­тін елді аралатып кел деп Гросске Ма­ғауия екеумізді қосып берді. Оның себебі, ол Керей елінің салты біздің Тобықты елі­нен өзгешерек екен».
Ілімді-білімді және орыстың атақты­ла­ры А.Конимен дос Северин Гросстың кітап­ха­насы бай болған. Абайды Гроссқа таныс­тырған Е.Михаэлис екен.


Сондай-ақ 1885 жылдың жазында Дол­гополов Абай ауылына келеді. Абай Мағауия мен Әрхамды ертіп, Долгополовты «Шың­ғыс хан заманындағы әрбір руға белгіге беріл­ген таңбалар салынған, айтаңба, шө­міш, тұяқ, кілт» сияқты таңбалары мен «бес жүз қойдың орнындай» әрі терең көлі «ке­реует сияқты тастың үстінде адам бей­не­лес қара тасы бар «Қоңыр әулие» үңгірін көр­се­тіп, қыруар деректерді мөлдірете баяндап жеткізеді.
Сонан соң Бақанас өзені бойындағы үң­гірлерді таныстырады. (Әрхам Кәкітай­ұлы. Абай өмірбаянына қосымша деректер. «Жұлдыз» журналы, 1993, № 6.) Өлке та­ри­хы, халықтың әдет-ғұрыптары, ұлттық қо­лөнері, ата-бабалардың дүниетанымы – олардың ортақ әңгімелері. Иә, ғылыми, та­ным­дық, тарихи мәні қандай десеңізші?!
Абай өзінің ақындық, азаматтық, да­ныш­пандық ұстанымын – «Мақсұтым, тіл ұстар­тып, өнер шашпақ», «Білімдіден аяман сөз­дің майын», «Ұстаздық еткен жалықпас, үй­ретуден балаға» деген ұран сөздерінде ай­қын көрініс тапса, ісінен де сондай анық аңғарылады.
Абайдың ұстаздығы, сыншылығы бір ға­жайып байтақ әлем. Халық әдебиетінің біл­гірі Абай: «Қазақтың ескі ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргені: көршілес, күндес елдері қай жұрттар екені; діні, білімі қандайлық кезде шығарғаны, елдің ескі салты, арманы, кәсіп-харекеті не екені кө­рінеді», – дейді.
Мәселен, ертекші Баймағамбет Мыр­за­хан­ұлы Абай Шығыс пен Еуропа халық­та­ры­ның әңгімелерін айтса, ол дереу ­үйре­ніп жатқа айтқан. Атап айтқанда, ертекші Бай­­­­­­­­мағамбет Абайдың кемеңгерлік кеңес­те­рімен «Мың бір түн», «Рүстем-Дастан» шы­­­­ғар­маларын, Александр Дюманың «Үш муш­­­­кетер», «Король әйел Марго», «Он жыл­дан соңғы» және Лесаждың «Ақсақ шайтан» ро­­ман­­дарын, ұлы Петр турасындағы хи­кая­лар­­­ды, А.Пушкин, М.Лермонтов туын­ды­ла­рын жат­қа заулатқан. Ертекші Баймағамбет бел­гілі бір шығарманың мазмұн-мәнін, күй­лі, қуат­ты тол­­­қындарын, мақам-сарын­дарын толық дә­ре­­­­жеде меңгергенде ғана, Абай ел алдында орын­­­дауға рұқсат берген. Ол шығарманың іш­кі әлемін түсініп, оқи­ғаның сарынын терең ұғы­нып, әрбір кейіп­кердің жан дүниесін, бет-әлпет құбылысын, дауыс мәнерін, дене қи­мылын су­рет­теп-сипаттап орындайды екен. Ер­­­­текші елді ба­тырлық рухқа тәрбиелейді, ер­тек­­­шіні өнер­ге осылайша Абай баптайды. Өз ор­­­­та­сы­ның әде­би-эстетикалық дүниетаны­мы­ның, жаңаша, та­маша көзқарасының қалып­та­суы­­на Абайдың сі­ңірген еңбегі, тарихи қыз­меті осын­дай.
Абайдың шәкірті әнші, жыршы Бей­сембай Жәнібекұлы (1858-1917) «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу» жырын он жеті түрлі мақаммен орындаған. Халық дастандарын Мұқаметжан Майбасарұлы (1852-1917), әнші, домбырашы Әлмағамбет Сексенбаев (1870-1930) шебер жырлаған.
1889 жылы скрипкашы Мұқа Әділханов (1857-1927) пен ақын-композитор Әсет Най­ман­баевты (1864-1923) Абай өз қасына ал­ды­рады. Мұқаға орыс музыкасына ынта­лы­лық танытуын қалайды. Әсет «Сәлиқа-Сәмен» поэмасын жа­за­ды. Мұнда Абаймен рух­тастық бар.
«Жеті жаста ән салған, сегіз жаста үлгі алған, тоғыз жасқа толғанда, орысшаға көз сал­ған» Көкбай Жанатаев (1861-1925), Әріп Тәңір­бер­генов (1856-1924), ақын-композитор Уәйіс Шондыбайұлы (1873-1923) Абайдың шәкірттері. Бұлардың білім-білігі, ақындық шеберлігі, аза­маттық тұлғасы айрықша. Мәселен, Уәйіс орыс ақыны П.Ершовтың (1815-1869) «Конек-Гор­бунок» ертегісінің сарынымен «Иванушка-ду­рачок» поэмасын, «Жошы – Алаша хан», «Қырық уәзір» әңгімесінің желісі негізінде «Бір қыз­дың оқиғасы» дастандарын құйқылжытқан.
Абай Көкбайды Мағауиямен бірге Семейге орысша оқуға жіберген. Семейге Абай Яков дейтін композиторды жалдап, оларға нота және скрипка үйреттірген. Мағауия Семейден қайтып келгенде Абай «Дунай толқыны», «Құс маршы» дейтін орыс сарындарын ойнатып отырады екен. (Сәбит Мұқановтың дерегі).
Абай өз балалары Ақылбай (күйшілік өнер­ге де ие екен) мен Мағауияға арнайы тап­сыр­ма беріп, «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым» (Ақыл­бай) және «Дағыстан», «Зұлыс» (Мағауия) поэ­ма­ларын жаздыртқан.
Інісі Халиолла (1847-1870) Омбыдан оқуын аяқ­тап келген соң, «орысша оқуды, жазуды, сөй­леуді үйретіп, онымен бірге орыстың атақты жазушылары Тургенев, Лермонтов, Толстойдың повестерін, романдарын қазақ тілінде айтып беріп, әде­биет кешін өткізіп отыруды әдетке ай­нал­дырады» (Әрхам Кәкітайұлы естелі­гінен). Әубәкір Ақылбай баласы да (1881-1934) от тілді, тапқыр ойлы ақын болған. Абайдың мек­тебінен өткен, алдын көрген, ақыл-кеңе­сін тыңдаған, өнегесін бойына дарытқан бір топ шәкірттеріне Мүрсейіт Бікеұлы (ақын шығармаларын 1905, 1907, 1910 жылдарда хат­қа түсірген), Ғабитхан молда, Шәкәрім, Ыс­қақ, Тұрағұл, Мұхаметкәрім, Махмұт, Са­марбай, Ыбырай, Хасен, Дайрабай дейтін көзді туған көшелілерді қосуға болады.
Абай қолөнер кәсібін үйретуді де жақсы көр­ген екен. Мәселен, Кавказдан айдалып кел­ген черкестерден ауыл жігіті Сағындық де­генге Кавказ зергерлігін үйретіп, сол елге бі­рінші рет Сағындықтан кавказша жа­салған белбеулер, ердің тұрмандары тараған (Сәбит Мұқанов дерегі).
Абайдың әдеби ортасы дегенде өнер, бі­лім, ғылым жолына іңкәрлікпен түскен жас ойшыл Әбдірахманның рухани кесек болмысы қайран қалдырады. Ол 1886-1889 жыл­дар ішінде Түмендегі Александров реал­дық училищесінде оқыған уақытында орыс әдебиетінен «Мәскеу мен Киевтің Россия та­рихындағы рөлі» дейтін тақырыпта шы­ғарма жазған. Сонымен бірге жиһанкез Хрис­тофор Колумбтың саяхаттары жайын­да немісше баяндама жасаған. «Тристан и Изольда», Гетенің «Фауст», «Драматическая поэзия в Германии», «Уиадок рыцарской поэзии ХІV-ХV вв» дейтін тақырыптардан не­міс тілі бойынша емтихан тапсырған.
Орыстың классикалық поэзиясын жақ­сы білген. Бұлар Әбдірахманның көркемдік дү­ниетанымының кеңдігін танытса, ал оның ғылыми ойлау жүйесінің кеңістігін көрсететін көрсеткіштерді атайық: алгебра, гео­метрия, механика, металл технологиясы, жер өлшеу, құрылыс, машина сызбасы, модельдендіру, химия, физика пәндері.
Біліммен барынша қаруланған ғылыми та­нымы қалыптасқан әдепті, мәдениетті Әб­дірахман әкесі ұнатып, қалаған кітап­тар­ды уақытында тауып, жеткізіп күрделі ұғым­ға негізделген сөздердің мән-мағына­сын тү­сіндіріп, жазып жолдап отырған (Архам Ысқақовтың естелігінен).
Әбіштің «өндіріп оқып» өнімді еңбек­тен­гені, кемел, толық, озық білімі, ғылымға көз­қарасы, шебер әңгімешілдігі Абайдың жоқ­тауында айқын көрсетілген.
Ойламадым еш жанды
Өзіңе ердім оңаша.
Рақаттанып, мақтанып,
Қылушы едім тамаша –
Тамаша дағды, әдет қалыптастырды. Әке мен баланың бір-біріне лайықты жара­сым тауып, мәслихат жасап, сыр бөліскені, мейір қандырғаны, жан дүниесін байытқа­ны, кемеңгерлік кеңестері қандай десеңізші!
Жалпы руханият шырақшысы Абай ай­наласындағы өнерлілер Абай мұрасын жат­тап, халық ішіне таратқан, әнге қосып ай­тып, елге жайған. Абай бастаған дарындар дас­таншылдық, әңгімешілдік, шежірешілдік, ком­позиторлық, ақындық өнер түрлерін гүл­дендіріп кемелдендірген. Өркениет пен мәдениетті тең дәрежеде өркендеткен. Сөй­тіп Абай өнегесі, ұстаздық еңбегі, ғұламалық қа­сиеті, тарихи-көркем тәжірибесі ұлттық рух пен ұлттық сананың жетілуіне өлшеусіз үлес қосқаны, халық қазынасын байытқаны дау­сыз.
Абай тұлғасында жалынды ұйымдас­тыру­шылық, тәлімгерлік, жоғары интел­лек­туалдық мәдениет, ішкі тәртіп пен тәжірибе, телегей білім мен ақыл, тілге, дәстүрге, өнер­ге, ғылымға, өркениетке жүйріктік, мақ­саткерлік, таза, ұшқыр, дәл интуиция тән. Абайдың ойы – терең тамырлы, сәулелі, мағыналы. Ол: Единица – жақсысы, Ерген елі бейне нөл, Единица нөлсіз-ақ, Өз ба­сындық болар сол, Единица кеткенде, Не бо­лады өңкей нөл? – деп, ел тағдырын, елді бастаған көсем жайын толғайды «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде. «Единица» – «жал­қы», «дара» деген мағынаны білдіреді. Бұл гректің философиялық ұстанымында «Монада» деп аталады.
Абайдың шығармашылық ғұмырнамасы – қандай заманда болмасын абайтану ғылымының басты мәселесі. «Қазақтың жал­ғызы» (Әлихан Бөкейхан) «жалғыз қол­да жалынды жалғыз шырақ ұстап, халқына өріс атап, бет нұсқап», «мұңлы сырлы бір сәлем» (Мұхтар Әуезов) жолдаған руханият тарихындағы «ерен құбылыс», «өткен за­манның аса бір ғажайып жаратылысы» ой­шылдың ұлы ақынның әлеу­меттік-қоғам­дық қызметі мен өнерпаздық жолындағы жазбаша тарихи жәдігерлерді, әдеби-мә­дени деректерді жинақтап жүйелеуде Кәкітай Ысқақұлы мен Мұхтар Әуезовтің еңбегі ерекше. «Абайдың өмірбаяншылары Кәкітай, ал мен кейінірек болдым. Өз басым Абай өмірбаянының төрт нұсқасын жаз­дым: біріншісі – Абай шығармаларының 1933 жылғы басылымы үшін; екіншісі – 1940 жылғы басылымға орай; үшіншісі – әлі жарық көрмеген нұсқа, 1945 жылы жазыл­ды; ақыр соңында қазір өзім екінші рет ре­дакциялап жұмыс істеп жатқан төртінші нұс­қасы 1950 жылы құрастырылды» – деп жа­зады Мұхтар Әуезов. Абайтану ғылымы үнемі өсіп-өркендеп, жаңғырып-жаңарып оты­ратын алға басатын ғылым болған­дық­тан, соны деректермен, жаңалықты құбы­лыс­тармен, жаңаша пайымдаулармен, бол­жамдармен толығып та отыратыны дау­сыз. Бұл орайда осынау атаулы іске өзін­дік өзгеше істерімен, берекелі ізденістерімен айшықты үлес қосқан қазақтың дарынды тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың «Но­вые материалы к творческой биографии Абая Кунанбаева» дейтін зерттемесіне назар аудару қажет. Себебі мұнда ақынның қай­рат­керлік, санаткерлік іс-қимылдарына қа­тыс­ты мұрағат қорларындағы беймәлім де­ректер мен мәліметтер сараб­далдықпен байыпталған. Архив құжат­тары өмірінің соңғы жылдарында Абайдың қоғамдық-саяси көзқарасын айқындауға көмегін ти­гізетіндігін тарихшы Е.Бекмаханов атап көр­­сетеді. Абай «царизмге қауіпті адам» екен­дігі және отарлау саясатын табанды түр­де жүр­гізуші жергілікті жымысқы, ыс­қаяқ, тыңшы ұлық­тардың ақынның аңысын аң­дып, қалың елге жойқын ықпалын есеп­тейтінін, семейлік полицмейстердің құпия жо­балары бойынша Абай өз халқының бос­тандығы мен бақыты үшін күрескер бол­ғаны айтылады. Бұл ретте Семей оязы­ның жасырын баяндамасында былайша жазылған: «В прежние время Кунанбаев пользовался громадным влиянием среди киргиз как Семипалатинского, так и соседних уездов, неоднократно был выбран от уездов «тюбе-бием», т.е. примирителем в спорах междууездных, что считается между киргизами высшим почетом и доверием к честности избранного судьи». Шынында, Абай 1876-1878 жылдарда Қоңыр Көкше елінде болыстық қызмет атқарған. Алты жыл би болған. 1875-1877 жылдарда Семей об­лыстық әскери губернаторының бұйры­ғымен болыс міндеттерін атқарған. Үкімет алдындағы еңбегі үшін 1876 жылы 3 разрядты кафтанмен, 1890 жылы аңшы мыл­тығымен марапатталған және де «Құр­метті қазақ» атанған. Ата қаздай мойыны озық, құқықтық-саяси дүниетанымы тегеу­рінді Абайдың үстінен болыстық қызметтің 9 жылында бірде-бір арыз-шағым болмаған. 1887 жылдың 26 сәуірінде Семей қалалық бастауыш білім қамқоршылары қоғамына қабылданған. Е.Бекмахановтың көрсетуін­ше, 1886 жылдың 4 мамырында Семей об­лыстық статистикалық комитетіне толық мүше ретінде алынып, Өлкетану музейінің этнографиялық бөліміне қол ұшын берген. Жинақтай айтқанда, Абайдың қоғамдық, ұйымдастырушылық, мәдени-ағартушылық еңбектері ұшан-теңіз. Ол озық ойлы орыс, татар, қазақ зиялыларынан хат алысып, хат жазысқан. Қазақстанның шартарабынан ақыл-кеңес сұраған жандар есепсіз мол бол­ған. Сондықтан да Е.Бекмахановтың жазуын­ша, Семей әскери губернаторы Абай­ға жазылған хат-хабарларға қатаң бақылау қойған. «Үкіметке қарсы үндеулердің» кең таралуына Абайдың қатысы бар деп кінә­лап, Семейдің әскери губернаторы 1903 жыл­­дың 18 сәуірінде шұғыл түрде «тия­нақты тінту жүргізілсін» деген бұйрық бе­реді. Дереу 25 сәуір күні сағат 12.00-де Абай шаңырағы мен Мағауия Тұрағұлдың үш киіз үйіне тұтқиылдан басып кіріп, ақын­ның қолжазбалары мен хат-хабарларды аяусыз тәркілейді. Осы бір мезетте Абай көк­шетаулық Қосшығұловтан келген хатты амалын тауып ұшты-күйлі жоғалтып үлге­ре­ді. Ақын хатты негізгі мазмұнын ішіне бүгіп, тек таза отбасылық сипатта екенін айтып әзер-мәзер құтылады.
Патшалық аппараттың өкілдері Абай­дың «өзіне қатысты емес жайларға өте-мөте сақ екенін» жақсы білген. Бұл орайда Семей оязы былайша мәлімдейді: «В суждениях своих во время беседы Кунанбаев обнару­жи­вает полное понимание государственных интересов и правильные взгляды на циви­лизаторскую миссию России в азиатских владениях и с негодованием осуждает попытки мусульман-фанатиков». Тарихшы-аналитик Е.Бекмахановтың Абайдың шығармашылығына қатысты мынадай құнды деректердің де, иіні келгенде келтіріп отырады. Мәселен, Семей облыстық статис­ти­калық комитетінің хатшысы Н.Коншин Абайдың орыстың тілінде жетік сөй­леп және терең түсініп оқитындығын және ко­митетке қазақ халқының тарихы мен этног­рафиясы туралы сан алуан ма­те­риалдар беруге уәде еткенін айтады.
Семей оязының мәлімдемелерінде Абай­дың тұлғалық қасиеті, ақыл-ой деңгейі және оның әулет, орыс әдебиетіне қызы­ғу­шылығы, сонымен бірге кітаптарды, жур­нал­дарды, газеттерді жаздырып алатындығы жөніндегі мәліметтер бар.
«Абайдың істеп кеткен қызметі әдебие­тіміз­ге асыл іргетас. Бұл асыл іргенің үстіне са­лы­натын ілгергі қазақ әдебиетінің дүкені көрікті, көрнекті, нақысты, өрнекті болуына лайық» – дейді Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов. Демек, ұлт ақынының даңқ­ты әрі қасіретті тағдырындағы алуан жәйт­тер, оқиғалар, күйлер, көрікті-көріксіз су­рет­тер оның шығармашылық өмірбаянын түр­лендіре, ақындық болмысын ірілендіре тү­седі.
Демек, Абай тұлғасы – дара құбылыс, ақыл-ойдың, парасаттың асқар биігі. М.Әуе­зовше айтқанда, «Абай кемесі» кең әлемде сенімді, түзу жол сызып, маңып барады». Абай­дың дәстүрі, мектебі – ұлы дала руха­ниятының жаңарып-жаңғыруына, жас ұрпақ­тың ой-сана­сы­ның жетілуіне керемет әсер сыйлайды.

Серік Негимов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор
“Түркістан” газеті
14 наурыз 2020 ж. 64 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9604)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (9603)

31 наурыз 2020 ж.

№23 (9602)

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930