» » » ҰЛТТЫҚ ӨНЕР – ЖАҢҒЫРУДЫҢ ӨЗЕГІ

ҰЛТТЫҚ ӨНЕР – ЖАҢҒЫРУДЫҢ ӨЗЕГІ

Ұлттың ерекшелігі, халықтың үні дәс­түрлі өнер. Олай болса, қазақтың киелі сахна­сының мәнін, өміршеңдігін сақтау маңызды. Табиғи таза, рухты оятып, жан­ға азық сыйлайтын ұлттық өнер өз құнын жоғалтуға тиісті емес, керісінше әлем сахналарында қазақ халқының болмысын, ерекшелігін айқындауы шарт. Дегенмен рухани жаңғыру үрдісі бірден бола қоятын дүние емес. Бұл ту­ра­сында өз кезегімен жұмыстар жүзеге асуда. Жаңа әліпбиді қолданысқа енгізу арқылы артық таңбалардан, тіліміздегі кей терминдерден арылу жоспарланды. Бұл бастама көптің көңілінен шықты, қоғамның қарсылығын тудырмады. Рухани жаңғыру жолындағы ең өзекті мәселе – ұлттық дәстүрлі өнерді қайта дәріптеу, өміршеңдігін жоғалтпау. Елі­міз­де даталы күндер қатарына «Ұлт­тық домбыра күні» енгізілді. Бұл де­геніңіз әрісін айтпағанда, кешегі Ақан сері, Біржан сал сынды сал-серілеріміздің заманындағы домбыраға деген құр­метті, дәстүрлі ән-жыр өнерін бүгінгі ұрпақ санасында қайта жаң­ғыртуға мүмкіндік туды деген сөз. Қоғамда заманның ағымына қарамастан, ұлттық домбырамызды жанына серік еткен өнерпаздар бар. Олардың еңбегі, өнері еленсін-еленбесін олар дәстүрлі ән шырқап, қос ішекті домбыра шанағынан күй төгуден қол үзбей келеді. Атадан балаға жеткен мол мұрамыздың ізін жалғаған жас ұрпақтың бар екені де көңілге медеу болады.
Солардың қатарында №201 орта мектеп-лицейіндегі бала кезінен домбыраны жа­нына серік етіп, ерекше ынтамен ұлттық аспапты меңгерген «Мұрагер» сыныбы да бар. Қаймағы бұзылмаған киелі өнердің жал­ғаушысы, ауданда насихаттаушы осы өрендер десек те болады. Ұлттық аспапта ойнауды үйрететін сынып 2007 жылдан бері «Мұрагер» бағдарламасы аясында жұмыс жасап келеді. Осы уақыт ішінде көптеген жетістіктерге жетті. Домбыра сыны­бындағы балалардың барлығы оның қыр-сырын ұғып, технологиясымен танысып, қос ішектен төгілген күйлерді аса ұқыптылықпен орындайды. Табиғат берген дарынды ынта-жігерімен ұш­тас­тырған өнерпаздар мектебінің мақ­танышы, ата-ананың үкілеген үміті. Жас болса да рухани бай, өнер деген мөлдір әлемнің қыр-сырын, қызығы мен қиындығын бала жанымен түсінеді. Бой­ларында табиғи талант та, оны шыңдайтын күш-жігер де жетерлік.
Жалағаш жұрты қолөнерден де кенде емес. Әсіресе, ұмытылып бара жатқан текемет, ат жабуларын, қыз жасауын, киіз үй жабдықтарын, тоқыма өнерін меңгергендер де біздің ауданда. Мәселен, ұлттық өнерді дәріптеп, қолөнердің қыр-сырын меңгерген шебер қолды Мейрамкүл Романқұлова осыдан бірнеше жыл бұрын «Айзере» деп аталатын цех ашып, бүгінгі күні кәсібін дөңгелетіп отыр. Арнайы аппаратпен малдың қылы мен жарамсыз саналған мақтаны қайта сүзгіден өткізіп, өңдейді. Одан шыққан өнімнен ұлттық дүниелер жасайды. Яғни өңделген қылды иіріп жіп қылады, киіз, текемет бастырады, құрақ көрпеше, қыз жасауын жасайды. Қазақы киіз үйдің жабдықтары мен тұрмыстық бұйымдарды жасап шығарады.
Аудандық оқушылар үйінің ди­зай­н үйірмесінің жетекшісі Динара Тілеумбетованың қолөнер туындылары да ерекше. 2010 жылдан бері жоғары сынып оқушыларына кесте өнерінің қыр-сырын үйретіп келеді. «Дизайнер-суретші» мамандығын алған ол сурет салады және сол суретті ағашқа керілген матаға кестемен өрнектейді. Сонымен қатар қағаз қалдықтарынан ұлттық тұрмыстық заттарды жасау да, ақ матаның, әйнектің бетіне «батик» деген арнайы бояумен сурет салу да Динараға таңсық дүние емес. Суретті матаға түсіргенде инені пайдаланады. Кезінде газет бетіне бір мәрте шығып, көптің таңдайын қақтырған тоқымашы әжей де ұлттық құндылықтың қадірін білетін жан. Ол кісі де жасы сексеннен асса да, қолы қалт еткенде ұршық иіріп, тұрмыстық бұйымдар тоқиды. Үй шаруасында немерелеріне жей­де, шұлық тоқып береді.
Айта берсек, Жалағаш –ұлттық өнерден, қолөнерден қол үзбеген киелі мекен. Елбасы ма­қаласында айтылған рухани жаңғыру нақ осын­дай ұлттық өнерді дәріптеуден бастау алады. Тек көпке үлгі қыларлықтай дүниелерді кеңінен насихаттап, бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіруге күш салсақ, жаңғырудың алғашқы баспалдағынан өткен боламыз. Өйткені ұлттық болмысын сақтаған бала, заман ағымы қай жаққа бет бұрса да құндылығын, тектілігін жоғалтпайды.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
14 наурыз 2020 ж. 138 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (9628)

30 маусым 2020 ж.

№48 (9627)

27 маусым 2020 ж.

№47 (9626)

23 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031