» » » «БЕТАШАРДЫҢ» МӘНІНЕ ҮҢІЛСЕК...

«БЕТАШАРДЫҢ» МӘНІНЕ ҮҢІЛСЕК...

Беташар – ықылым заманнан ата-бабадан жеткен дәстүрлердің бірі. Бұл дәстүрдің мән-мағынасы тереңде жатыр.

Ұғым бойынша беташардың астарында рухани тазару жатыр. Келін – қыз кезінде белгілі бір рудың адамы. Ал әрбір рудың бойында өздеріне ғана тән қасиеттері болатын болғандықтан, бір рудың бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді екінші рудың бойына өткізбеуге тырысқан. Сол үшін келіннің бетіне орамал жауып әкелген. Тағы бір себебі, бұрын тұрмыста болмаған қыз бала беташар рәсімінде жаңа өміріне қадам басады, бұрынғы оң жақтағы қыз енді бір елдің, бір әулеттің ұрпақ жалғастырушысы, шаңырақтың отанасына айналады. Беташарда келіннің қолтығын жесір әйелдер, бала таппаған әйелдер ұстамайды. Көп бала тапқан, шаңырағының ұйытқысы болып отырған жеңгелері демеген.
Бұл дәстүрдің ең негізгі мақсаты келінге өзінің міндеттерін насихаттау. Мәселен, беташарда келін есте сақтауға тиісті қазақ дәстүрлері таныстырылады, ел-жұртына жағымды, ата-енесіне сыйласымды, туыс-туғандарына қайырымды болуды, босағаны, шаңырақты сыйлауды, оған дақ түсірмеуді, ибалы болуды, берекелі отбасын құрып, ата-бабасының отын өшірмей, ұрпағын жалғауды айтады. Сондай-ақ, сол әулеттің, рудың үлкендерінің атын атап, сәлем салғызады. Кейін сол кісілердің жолын кес өтпеу үшін, көрген жерде иіліп сәлемін салуы үшін жасалады. Ал, қазіргі қоғамда «Беташар» дәстүрі мәнін жоғалтуға сәл қалған секілді. Өйткені, бір елге алғашқы рет келін болып түскен жаңа келіннің ғана емес, екінші рет тұрмысқа шыққан келіншектің де бетін ашып жатады. Бұл салтымызда жоқ нәрсе. Көзіміз көріп жүргендей, ата-баба дәстүрінің мәніне үңілместен, бұл дәстүрді қара шаңырақта емес, ойын-сауық, той-думанның мекені мейрамханаларда орындап жүрміз. Тіпті, кеш қарайғанда да салттан аттап, қымсынбай жаңа келіннің бетін ашамыз.  
Бұрынғылар бет ашатын адамға да қатты мән берген. Қазір келіннің бетін көбіне асаба ашады. Беташар жырының да бізде көне нұсқасын қолданатындар азайды.  Той-думанның, жеңіл әзілдің ортасында жүрген тәжірибесі аз кей асабалар заманауи әндерді беташар жырының орнына қолданады. Көнеден жеткен жырдың орнына әзіл-қалжың араластырып заманауи мақаммен келіннің бетін ашады. Ескілікте олай болмаған. Келіннің бетін ашатын адам сөзге шешен, ақындығы бар немесе сол рудың, сол елдің  белгілі адамы болған. Біздің бүгінгі беташар рәсімінде жіберіп жүрген тағы бір қателіктеріміздің бірі – қамшы немесе оқтауды кім көрінгенге ұстата салуымыз. Ата-баба дәстүрінде қамшы, оқтауды келіннің үйленбеген қайнысы ұстаған. Қазақта «Ерден кетсе де, елден кетпейді»  деген сөз бар. Жолдасы қайтыс болса, келінді қайнысына ол болмаса қайын ағасына қайтадан некелестіретін болған. Өйткені, келін сол рудың меншігі болып есептелген.  

Заманның өзгеруі бізді қазақы болмысымыздан, ата-баба дәстүрінен, ұлттық құндылықтарымыздан алыстатпауы тиіс. Желісі үзіліп қалған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру, сол арқылы ұлттығымызды ұмытпау өз қолымызда.

Нұр НАУАН
09 наурыз 2020 ж. 68 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

№38 (9617)

23 мамыр 2020 ж.

№37 (9616)

19 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031