» » » АУДАН ӘКІМІНІҢ РАМАЗАН АЙЫНЫҢ БАСТАЛУЫМЕН ЖАЛАҒАШТЫҚТАРДЫ ҚҰТТЫҚТАУЫ

АУДАН ӘКІМІНІҢ РАМАЗАН АЙЫНЫҢ БАСТАЛУЫМЕН ЖАЛАҒАШТЫҚТАРДЫ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті аудан тұрғындары, қадірлі ағайын!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2020 жылғы діни күндер күнтізбесін бекітті. Кестеге сәйкес, биылғы Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Ораза айт мерекесі 24 мамыр, ал Құрбан айттың бірінші күні 31 шілдеге сәйкес келеді.
Жалпы Рамазан айы мұсылмандар қауымының үлкен мерекесі. Бұл – ислам жолын ұстаған күллі мұсылман қауымы үшін жақсылықтар айы, рухани жаңару айы. Қазақ халқы да осы қасиетті Рамазан айында Алладан жақсы тілектер тілеп, болашақтан үлкен үміт күтеді. Елімізде өтпелі қиын жағдай қалыптасып тұрған бүгінгі күні біз де Сіздермен бірге Жаратушы Алладан еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тілейік, ағайын.
Мұсылманның бес парызының бірі ораза ұстап, ауыз бекіту болса, қазір ауданда қарияларымыз, ақ жаулықты аналарымызбен бірге жастардың да ораза ұстауы бізді қуантады. Уақыт өткен сайын ораза ұстаушылардың қатары көбейіп келеді. Биыл да аудан бойынша қаншама адам ораза ұстауға ниет етіп жатқаны белгілі. Мұның өзі аудан халқының мұсылманшылыққа, имандылыққа бет бұруы деп түсінуіміз керек. Бұл – құптарлық жай, себебі имандылыққа бет бұрған адам жаман істерден аулақ болады, қылмыс-қиянат жасамайды, ол адам рухани жағынан да тазарады.
Қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған жамағат үлкен сауапқа кенеледі. Сіздердің осы істеріңіз жақсылықтың бастауы болып, баршаңыздың ниеттеріңіз қабыл болсын!
Ислам діні халықты ұлтына, нәсіліне, тегіне, тіліне қарап бөлмейді. Ақ ниетті адамды алаламайды. Олай болса, Алла тағала бізге діни бірлік, имандылық, салауаттылық, татулық берсін. Отбастарыңызға қуаныш, береке, бірлік тілеймін. Қасиетті Ораза айында әрдайым аманшылықта қауышайық.
Елімізде қалыптасып отырған жағдайға байланысты мына мәселеге аудан тұрғындарының назарын аударсам деймін. Ораза ұстап, ауыз бекіткен ағайынды ауызашарға шақыру – қазақ халқының ежелден келе жатқан салты. Бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрімізден әрине, біз де аттап кете алмаймыз. Дегенмен, жұқпалы індетке қарсы жаппай күрес жүріп жатқан мынадай сындарлы сәтте бұл дәстүрдің, ағайынның бір-біріне деген сый-құрмет қалыбын уақытша өзгертуіміз қажет. Ауыз бекіткен ағайынға ауызашар беремін деген азаматтар көпшілікті отбасына жинамай, «Ауызашар қоржынын» өзі ниет еткен ағайынға жолдасын. Бұған мынадай қиын жағдайдағы сақтық шаралары ретінде түсіністікпен қабылдауларыңызды сұраймын. Себебі бүгінгі таңда бізге аудан тұрғындарының амандығы, өмірі бәрінен қымбат.

Қадірлі ағайын, қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Пайғамбарымыз өсиет еткендей, тазалық пен имандылықты ту етейік. Халқымыз рухани жаңарып, кемелдікке жетіп, елде береке мен бірлік салтанат құрсын! Мұраттарыңыз асыл, ниеттеріңіз қабыл болсын!

Құрметпен,
Жалағаш ауданының әкімі А.Шаменов
24 сәуір 2020 ж. 241 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

№38 (9617)

23 мамыр 2020 ж.

№37 (9616)

19 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031