» » » Ислам әлемінің қадірлі мерекесі

Ислам әлемінің қадірлі мерекесі

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Қадірменді мұсылман бауырлар, құрметті жерлестер!
Баршамызды қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт-берекелі, мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Әлемнің әр түкпірін мекендеген мұсылмандар бұл күні Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбан шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысады. Адам осындай ізгі амалы арқылы Раббысына жақындай түседі. Ал «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Бұл күні қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз, отандастарымыз жүздерін Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін тілеп, екі дүниенің бақытын сұрап, Жаратқанға жалбарына дұға жасайды.
Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Құрбан айт мейрамын Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Бұл – ұлық мерекені халықтық деңгейде атап өтуге, көпұлтты Отанымызды мекен еткен халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Ең бастысы, біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген құрмет деп білеміз.
Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағынасы зор. Алланы бір, пайғамбарды хақ деп білген мұсылмандар мешіттерімізде айт намазын оқып, дұға жасап, бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болғаннан кейін құрбандық шалады. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектерге таратылады. Осылайша адамда мейірім, қамқор, кешірім, қайыр-шапағат, сабыр сынды көркем мінез қалыптасады.
Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі – құрбандық шалу. Осы арқылы пенде Алла Тағалаға жақын болады, күнәлары кешіріледі. Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкіршілік білдіреді, бай мен кедейге кеңшілік жасалады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» – деген. Тағы бір хадисте құрбандыққа шалынған малдың әрбір тал қылшығына сауап жазылатыны айтылған.
Өздеріңізге белгілі, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты биыл мешіттерде құрбан шалу рәсімі өткізілмейді. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт мерекесі қарсаңында Qurban2020.kz сайтын іске қосты. Қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсететін жаңа сайттың көмегімен ел тұрғындары онлайн түрде құрбандық малын таңдап, төлем жасап, кейін қаласа фото және бейне есебін сұрата алады. Сондай-ақ сайтта құрбан шалуға қатысты Шариғат және пәтуа бөлімі мамандары дайындаған сұрақ-жауап та бар.
Ғибадатта ниет ету өте маңызды. Ниетсіз іс бітпейді. Нақты ниет етпесе, көзделген мақсат орындалмай, жай бір әрекет болып қалады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты. Кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады», – деген.
Құрбандық дұрыс болу үшін үш шарт табылу қажет: сау мал болу, айт күндері құрбандық шалу және ниет ету. Ниетті тілмен айту шарт емес, көңілде ниет етудің өзі жеткілікті. Құрбандық малын сатып алғанда, біреуге тапсырыс бергенде немесе оны өзі бауыздаған кезде құрбандық ғибадатын ниет етумен шарт орындалады.
Құрбан шалғанда былай ниет ету сүннет: «Бисмилләһи, Аллаһу акбар! Уа, Жаратқан Ием! Мына құрбандықты сен маған рызық етіп бердің. Мен оны Сенің разылығың үшін құрбан етемін. Бұл құрбандықты менен қабыл ет!». Басқа сөзбен айтса да, немесе «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп қысқа қайырып қойса да болады.
Жабир ибн Абдулла (оған Алла разы болсын) бір оқиғаны былай әңгімелейді: «Мен Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге мешітте құрбан айт намазына қатыстым. Ол кісі құтпа оқуды бітіріп, мінберге түсті. Бір қошқар әкелді де, оны өз қолымен бауыздады және «Бисмилләһи, Аллаһу акбар! Бұл құрбандық менен және менің құрбандық шалмаған үмметімнен», – деді».
Қайткенде де ниет құлшылық етушінің санасын бөтен ойдан таза ұстап, дене қимылы мен ақыл-ойының біртұтастығына жетіп, ғибадатын ықыласпен атқаруға мүмкіндік береді.
Жалпы айтқанда Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анаға, Құдай қосқан жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беру, жаңа киім алып беру мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.
Құрбан айттың мұсылман жамағатын, ұлыстар мен ұлттарды біріктірудегі, өзара бауырмалдықты арттырудағы рөлі орасан зор. Адамдар бір-біріне: «Айт құтты болсын!» айтысып, аман-саулық сұрасып жатады.
Қадірменді ағайын, бауырлар!
Алдағы 30 шілде – Арапа күні. 31 шілде мен 1-2 тамыз күндері – Құрбан айт мерекесі. Алла тағала шынайы ниеттеріңізді, ізгі амалдарыңызды және шалған құрбандықтарыңызды қайырымен қабыл еткей! Жаратушы Иеміз баршамызға екі дүниенің бақытын нәсіп етіп, жүзімізді жарық еткей! Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі тыныштығы мәңгілік болғай!

Айбек МӘДИЕВ,
аудандық “Иманқұл” мешітінің бас имамы

28 шілде 2020 ж. 89 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№53(9632) 14

14 шілде 2020 ж.

№52 (9631)

11 шілде 2020 ж.

№51 (9630)

08 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31