» » » АБАЙ МҰРАСЫ – қазақтың алтын қазығы

АБАЙ МҰРАСЫ – қазақтың алтын қазығы

Биыл қазақтың біртуар ақыны, халық дана деп қадірлеген, дара деп құрмет тұтқан Абай Құнанбайұлының өмірге келгеніне 175 жыл толып отыр. Қазақ екі адамды хәкім деп атайды. Соның бірі – әңгіме арқауына айналған Абай атамыз. Ол кісі 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңғыс тауының баурайында дүниеге келді.

Абай – үлкен тақырып. Оның философиялық әлемі, өлеңдегі табиғаты, лирикасы, әндері тағысын-тағы таусылмайтын қыры мен сыры көп. Бұған дейін газетімізде Абайдың қара сөздерін, оның шығармашылығына үңілген, фи­лософиясынан терең ой іздеген ғалым­дар мен қаламгерлердің мақалаларын беріп келдік. Бүгін ақынның өмір жолы мен шығар­машылығына қысқаша тоқталғанды жөн сана­дық.
Хәкім Абай Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесіне оқуға барған. Ол жерде араб, парсы тілдерін үйренді. Сонымен қатар Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули секілді басқа да шығыс классиктерінің шығар­маларымен танысады. Мұнан кейін Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский шығармаларын оқып, Гете, Байрон мұраларына ден қойды.
Абай Құнанбайұлының өмір жолымен таныс адам оның 13 жасында әкімшілік билікке араласқанын жақсы біледі. Ел ішінде жүріп, отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өсті. Сол себепт, қайтсе де елмен бірге болуды жөн санады. Ол 1875 жылы Қоңыркөкшеде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген Абай уақыт өте келе алаңсыз шығармашылықпен айналысуға бел буады. Ол – «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыры» сынды өлеңдер жазып, табиғаттың төрт мезгіліне бірдей қалам тартқан алғашқы қазақ ақыны. Оның «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» секілді өлеңдерінен сол кездегі әлеуметтік жағдайды көруге болады. Абай Шығыс елдерінің әдебиетін терең меңгереді. Соның нәтижесінде Шығыстың екі хикаясының желісімен «Масғұт» және «Ескендір» деген поэмалар жазды. Орыс классиктерін оқып, оларды қазақ тілінде сөйлетеді. Абай Крыловтың мысалдарын, Пушкиннен «Евгений Онегиннің» үзінділерін және Лермонтов, Буниннің шығармаларын аударған. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музы­касында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» сияқты әндерін халық жақсы біледі.
Хәкім Абай өмірінің соңғы жылдарында «...кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі...» деп қара сөз жазуды қолға алды. Оның қара сөздері алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарияланды. Сонымен қатар орыс, қытай, француз сынды көптеген әлем елдері тілдеріне аударылды.
Қазақ әдебиетінде бүтін бір дәуірдің басында тұратын ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебайға қойылды. Оның есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Себебі оның әдеби мұрасы бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды.

Е.ӘНУАРҰЛЫ


08 қыркүйек 2020 ж. 305 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9652)

22 қыркүйек 2020 ж.

№72 (9651)

19 қыркүйек 2020 ж.

№71 (9650)

15 қыркүйек 2020 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930