Қаламгер келбеті

Жүзінде мейірім шуағы тұнып тұратын, үнемі жайдары жүретін осы кісіге сыртынан қарап адами болмысына риза болатынмын. Қашан көрсең үлкенмен де, кішімен де баладай әзілдесіп, өн бойынан ылғи жайдарылықтың лебі есіп тұратын.
Ең бірінші таныстығым қалай басталғаны әлі күнге көз алдымда. Қалада республикалық «Ақ маржан» деген газет ашылған болатын. Бас редакторы белгілі журналист, кезінде біздің облыста басшылық қызмет атқарған Марат Дәдікбай еді. Сол жерде мен әңгіме қозғағалы отырған Кенжалы Ерімбетов ағай бас редактордың орынбасары қызметінде болды. Өзімнің мамандығым мұғалім болғанмен, қай жерде газет ашылса сонда барып, мақала беріп, осы журналистік мамандыққа құмарлығым артып жүрген кезім еді. Содан бас редактор «Қазір орынбасарым сізге бірнеше тақырып ұсынады. Сол кісімен сөйлесіңіз» деп қысқа қайырып, Кенжалы ағайға жіберді.
Ол кісінің қашанда адам жатырқамайтын кең пейілділігінен болар, кабинетіне жүрексінбей еркін кірдім. Ол кісі де «Кел-кел, қарындасым. Отыра ғой» деп бәйек қағып жатыр. Содан менімен шамалы әңгімелескен соң ұзақ-сонар тақырыптар тізбесін берді. «Осының қайсысы жаныңа жақын, соны жазып кел» деді. Газетті парақтап отырсам, сын мақалаға көп мән беріледі екен. Ішімнен оны бір тоқып қойдым. Осы күннен бастап мен редакцияға күнара келіп тұрдым. Сын мақала, өлеңдер жаздым.
Байқаймын, бас редакторға ұнаған сыңайлы. Бірінен соң бірін жариялап жатты. Кем-кетігі болса, Кенжалы ағай тігісін жатқызып, өңдеп берді. Міне, менің қаламгерлік жолға келудегі алғашқы ұстазым, қиын жолдағы ақылшым Кенжалы Ерімбетов ағайым болды.
«Жақсыда жаттық жоқ» деген сөзді қазекем тереңнен толғап қалай айтқан десей. Қазір байыптап қарап отырсам, өмір жолымда осындай мейірімді, шуақты, ақылшы адамдардың сая болғанын Алланың сыйы деп білемін.
Кенжалы ағай 40 жылға жуық қаламгерлік еңбек өтілінде мен секілді қаншама журналисті дайындағанын кім білсін? Ол кісі қазір зейнет жасына келсе де қоғамдық жұмыстан бір сәт алшақтаған емес. Бүгінде «Сыр медиа» ЖШС-да ардагерлер ұйымын басқарады. Қолы қалт еткенде лирикалық өлеңдер, әңгімелер, мақалалар жазады. Оның өмірге деген құштарлығы әр жүрекжарды жырларынан сезіліп тұрады. Қалам мен қағазын қолынан тастамаған ағамыз өз отбасында да өте сыйлы, қамқор әке.
Абзал ағаның балалары өте тәрбиелі, өнегелі, білімді, өмірден өз жолдарын адаспай тауып, бүгінде қоғамның гүлденуіне үлес қосуда. Иә, айта берсем ол кісі туралы жылы әсерлер таусылмайды. Ең бастысы ол кісінің даладай дархан көңілінің терезесін кірлетпеу шәкірттік парызым деп білемін.

Гауһар Асқарқызы

29 маусым 2021 ж. 973 0

№60 (9740)

31 шілде 2021 ж.

№59 (9739)

27 шілде 2021 ж.

№58 (9738)

24 шілде 2021 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2021    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031