» » » ЕСІМІ ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ

ЕСІМІ ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны болады. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өзінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлғасы. Осы тұрғыдан алғанда ел жадында өзіндік болмысымен, елге еткен қалтқысыз қызметімен дараланып тұратын жандар болады. Сондай жандардың бірі – туған ауыл топырағын түлету жолында ұтқыр ұйымдастырушылығымен ел есінде ерекше тұлғаланып тұрған жан Кенжебек Оспанов болатын.
Ол 1912 жылы Жалағаш ауданының топырағында туылып, нақтырақ айтқанда, бұрынғы «Қазақстанның ХХ жылдығы» колхозында, қазіргі Мырзабай ахун ауы­лында дүниеге келген. Ата-анасынан үш жасында бауыр жазып қалып, қиын күндерді бауырларымен қатар өткізген ол еңбек майданына ерте араласады. 1930-1935 жыл­дары аралығында колхозда қарапайым жұмысшылықтан бастап, өндіріс бригадирі (1935-39 ж), колхоз есепшісі (1939-1942 ж) болып жұмыс атқарды. Ал 1942-1946 жылдары Совет Армиясының қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті.
Атпал азамат ел қатарлы қолына қару алып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралғаннан кейін де еңбекке араласты. 1946-1947 жылдары қайтадан колхозда қарапайым жұмысшылықтан бастап қойма меңгерушісі, қой фермасының бригадирі, 1952-1953 жылдары Жалағаш аудандық су шаруашылығында қызметкер болып жұмыс жасады.
Қашанда өзіне жүктелген әрбір істі ынта-жігерімен орындауды мақсат тұтқан жан білімін жетілдіру мақсатында 1953-1954 жылдары Шымкент қаласындағы Ауыл шаруашылығы училишесінде 3 жылдық білім алып, агроном мамандығын алып шығады. 1958-1959 жылдар аралығында білімін шыңдап келісімен ауылға агроном болып сайланды.
Жасыратыны жоқ, соғыс жылдарынан кейінгі тұста ауылдағы халық ру-ру болып түтіндерін бөлек-бөлек түтетіп, сай-сай­ды қуалай қоныстанған болатын. Бұл кол­хоз­дастыру кезінде іріленіп, іргесін бекіт­ке­ні­мен қиюы қашқан шаруа оңға баспай тұрған кезең еді. Міне, ауылдың ахуалы осындай ауыр тұста Жалағаш ауданының секретары Байбол Сопбеков ағамыздың ұсынысымен, обком хатшылығының бұйры­ғымен 1960 жылдың 20 сәуір күні Кенжебек Оспанұлы «Қазақстанның ХХ жылдығы» колхозының председателі болып сайланды. Басшылық қызметке бекітілген күннен бас­тап Кенжебек Оспанов туған топырағын тү­ле­туге, ыдырап кеткен елдің басын бірік­тіруге, ауыл халқының әл-ауқатын көтеруге белсене кіріседі. Халықпен жұмыс істеуде жауапкершілік те көбейе түседі. Жатпай-тұр­май ізденеді. Елдегі әлде бір жаңалықты ауылға әкелуге ұмтылады. Естіген жақсы­лығын еліне жасағысы келеді.
Әрине, тұралаған шаруаны төрт аяғынан тік қою оңайға түспесі белгілі. Әйтсе де, алғашқы айлардан-ақ, ауылға жылы леп келді. Төрт бірдей түзу көше тартылып, иесіз қал­ған жерді шеңгелдерден тазартқызып, халықты көше бойына орналастыру жұмыс­тарын жүргізеді. Бұл туралы Мырзабай ахун ауылының тұрғыны Төребек Тәуіпбайұлы ағамыз өз естелігінде былай деп жазады:
– Кенжебек ағамыз колхоз басшылығына сайланған күннен бастап екі бағытта – мал және егін шаруашылығын дамытуда жұмыс атқарады. Алайда ол үшін әр төбе бойын жайлап отқан елді бір ауылға ұйымдастыру керек болатын. Оларды көшіріп әкелуде колхоз тарапынан көмек жасалады. Ауданнан қажетті құрылыс материалдары жеткізіледі. Осы тұрғыда айта кететін жайт, ол кезде жұмысты күні-түні атқаруға тура келді. Қанша үй салынса, соның алғашқы қазығын қағуда өзі қатысты. Түзу көшенің бойымен үйлердің қаз-қатар салынуын басты назарға алды. Сондай-ақ басшы ретінде Кенжебек ағамыз еңбекке ерте араласуының, жасынан ыждағатшыл болып қалыптасуының нәтижесімен алдымен талапшыл бола білді. Істің жайын, оны орындауға ыңғайлы адамды дөп тани білді. Оған жауапты қызметкерлерді колхоз кеңесі арқылы ел ішінен сайлады. Осыған сәйкес құрылыс саласының прорабы болып Тоқтасын Әбдреев сайланды.
Сонымен қатар, сол тұста елді электр жа­рығымен қамтамасыз етуді қолға алады. Ауылға К-100 техникасын алдырып, әр кө­шеге электр бағаналарын жүргізіп, үй­лер­ге толық жарық берілді. Алғаш электр мо­торларды іске қосқан Қасымбек Нұрма­ханов, онан кейін Жұбаназар Ақбалаев болатын.
Кенжекеңнің тағы бір игі бастамасы – «Жаңа жарма» каналын қайта жаңғырту жұмысы еді. Барлық қажетті құжаттарын жасатып, сол жұмысты жүргізуге де лайықты маман сайлайды. Өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып шыққан су саласының маманы Жаңаберген Ембергенов деген кісі болатын.
Кенжекең басқарған небәрі 4 жылдың ішінде ауылда техника саны көбейді. Бас инженер Тұрлыбек Қосанов, Сұлтан Ізтаев, Тағайбек Сүйіндіковтер басқарды. Осы жыл­дары ауылда алдыңғы қатарлы меха­низаторлар көп болғандықтан, жұмыс­шы­­лар ауыл шаруашылығы көрмелеріне қатыса бастады. Арнайы мамандардың көп болуына байланысты колхоздағы егіс көлемі 450-500 гектарға артты. Бұл Кен­жебек Оспанов ағамыздың елге еткен өл­шеусіз еңбегі еді.
Азаматтық тұрғысынан келгенде, Кен­же­бек ағам өте балажан еді. Бірде жас демей мені қасына ертіп жүріп, Мәдениет каналының арғы бетіндегі «Бәймен» кана­лының табанындағы жерлерді, сол кездегі Калинин, Еңбек колхоздарымен шекаралас жерлерді көрсетіп, «осы жерлер біздің кол­хоз­дың жері» деп айтқаны бар еді. Кейін, бертін келе бұл жерлер жоғарыда аталған ауылдарға бөлініп кетті. Жалпы алғанда, Кен­жебек ағамыз еңбектің көзін тани білген және сол көзді халқының игілігіне жұмсаған жан болатын, – деп жазады Төребек Тәуіпбаев.
Иә, жоғарыда айтылғандай, сол тұста елдің еңсесі көтеріле бастайды. Колхозда мал шаруашылығы дамып, қой сиыр, түйе басы арта түседі. Кейін қоян, үйрек, қаз асырау жұмыстары қолға алына бастаған. Малшылар күз, қыс мезгілдерінде Қызылға барып қыстайтын болды. Ал оларға қажетті жабдықтар алғашында түйемен жеткізіліп отыратын. Кейін оларға арнайы трактор, автомашиналар жеткізіледі.
Егін шарушылығына тоқталар болсақ, ол тұста шаруашылық көлемі өсіп қана қойған жоқ, оның өндіретін өнімі де артты. Әдепкі жылдары гектарынан 15-20 центнерден ас­тық алынған болса, кейін 25-30 центнерден өнім ала бастайды. Осылайша аз уақытта ұжым­дасқан халықтың маңдай тер еңбе­гінің арқасында ауыл ауданның алғы ше­бінен табылды.
Ауқымды жұмыстар жүргізуде, ұйымдас­ты­рушылық қабілетін жоғары деңгейде көр­сете білген Кенжебек Оспанов – жастар жа­ғын колхоз жұмысына тартуды қолға ала­ды. Қабілеті бар жандарды тани біліп, олар­ды шоферлік-тракторшы курстарына ар­найы жіберіп, маман болып шығуына көп көмектесті.
Осы тұрғыда еске түскен бір жайт бар. Жалпы алғанда, атамды көрмегендіктен болар, ол туралы айтылған тұста құлақ түріп, елең ете түсемін. Бірде Қызылорда қаласында әйгілі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жылдығында ақын Темірше Сарыбай­ұлы ағамызбен кездескен едім. Ол кісі де осы Мырзабай ахун ауылының түлегі. Аман­дасып, жөн сұраған тұста, шыққан тегімді айттым. Сол кезде Темкең:
– Атаңды білем. Колхозда қарамағында жұмыс жасағанмын. Мінезі – қатал, бірбеткей кісі еді. Қажет кезінде ақырын айтып та, батырып айтып та сөзін өткізетін. Бірақ қара­пайымдылығынан айныған емес. Шенді­лер­мен шеңдесе, бұқарамен біте қайнаса қыз­мет ететін. Кейін ауылдан қалаға оқуға кеттім. Институттың жатақханасында тұ­рып оқып жүрдім. Бірде жатақханадағы бөлмеме кезекші келіп, мені біреу төменде күтіп тұр­ғанын айтты. «Артымнан іздеп келген кім екен?» деп ойлап келе жатыр едім, төмен түс­сем, алдымда Кенжекең тұр. Несін жасы­райын, көзіме жас үйіріліп, құшақтай кеттім. Маңдайымнан сипап, жағдай сұрады. Жауап бердім. Арқамнан қағып: «Мынау ауыл­дың дәмі, ауыз тиерсің» деп ораулы түйінді ұстат­ты да, «керегіңе жұмсарсың» деп қалтасынан ақша алып, қалтама салды. Шынын айтсам, кезінде көп жұмсайды деп, қатал деп ренжіп жүруші едім. Сол сәтте қатал Кенжекеңнің жұмсақ жан екенін сездім. Бұл оның жалғыз маған емес, ауылдан шыққан жастарға еткен жақ­сылығының белгісі еді, – деп айтқаны бар.
Кенжебек Оспанов 1967 жылы 55 жа­сын­да дүниеден өтті. Артында ел білетін өл­шеусіз еңбегі, ұрпақтары қалды. Ол туралы әр жылдары жазылған естеліктер бізге жетті.
Жалағаш топырағынан шыққан Со­циа­­лис­тік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың «Тұс­тастар туралы толғау» атты өлеңінде:
ХХ жылдық Кенжебекті біледі,
Қайтпас қара, қайсар еді жүрегі.
Қаймықпайтын өз дегені болмаса,
Ірілердің ағамыз да бірі еді.
Қосылатын қол көтеріп дұрыс деп,
Сәл түнеріп бұзылса егер іреңі.
Жақын келсе, мейлі қыз, ұл болсын,
Қасиеті қаршығадай іледі, – деп жазады.
Жоғарыда көрсетілген Төребек ағамыз Кенжебек Оспанов пен Мөрәлі Шәменов туралы былай дейді:
– Кенжекең колхоз төрағасы болған Мөрәлі Шәменов ағаларымызбен бірге тұспа-тұс жұмыс атқарған. Бірде осы кісі Кенжебек ағамыздың үйінде қонақ бол­ғанын көрген едім. Жеңгеміз Тұрсынкүл өте қонақжай кісі болатын. Үйге келген кісінің аяқкиіміне дейін тазартып, жайлы күтетін. Әдеттегідей дастархан жаюлы. Екі колхоз басшысы бір-бірімен тәжірибе алмасқандай, жетістіктері мен кемшін тұстары туралы ой бөлісті. Кенжекең, осындай кісілермен терезесі тең жан еді, – дейді ол.
Айта кету керек, жұртын бір ауылға жинап, қарағайдай үй салып, көше түзеп, жарық жүргізіп, кішігірім салғызған қала­шы­ғы әлі ауылдастарының құт мекеніне айналып отыр. Ауыл шаруашылығы сала­сының алғашқы сатысынан бастап, колхоз басшысына дейін көтерілген тұлғаның есімін бүгін де туған ауыл халқы елеусіз қалдырмады. Біз соған қуанамыз. Ел бо­лып ескеріп, ұсыныс білдіріп, аудан, об­лыс басшылығы болып қолдап, бүгінгі Мыр­забай ахун ауылындағы кезінде өзі салған төрт көшенің бірі Оспанов Кенжебек атымен аталуда. Ердің еңбегін елі ескергені осы болар бәлкім.
Жалпы алғанда, біз өз шамамызша Кен­же­бек атамыз туралы сөз қозғадық. Игі істердің бастамашысы бола білген жан туралы айтылар естеліктер де аз бол­майтыны анық. Алдағы уақытта көз көрген жандардан да естелік жазылып баспасөз беттерінде басы­лар деген ойдамыз.

Төребек ТӘУІПБАЕВ,
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері.
Алмат КЕНЖЕБЕКОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі




12 қазан 2021 ж. 248 0