» » » ӨТКЕН КҮННЕН БІР БЕЛГІ

ӨТКЕН КҮННЕН БІР БЕЛГІ

«Өткенді білмей, жаңаны жасай алмайсың» дегендей, өткеннің бәрін жамандай беруге болмайды. Өткеніміз – халқымыздың жүріп өткен жолы, ел тарихы. Сондықтан кеңестік дәуірдегі азаматтардың мағыналы істерін жастардың есіне салып отырсақ, артық болмас.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында өз басымнан кешірген бірнеше жайттарды баяндауды жөн көрдім. «Сыр елі – күріш елі» деген желеумен мансап пен атақ үшін жасалған тіршіліктер Одақ көлеміне тарады. Күрішшілер жетістіктеріне күдікпен қараған Кеңестер Одағының ақбас ғалымдары алдында Краснодардағы Кубань Ауыл шаруашылығы институтында өндіріс жетекшісі ретінде облыс диқандарының ерен еңбегін, көрсеткіштерін шырылдап қорғадым. Олардың көзін жеткізгенім мақтаныш емес, басымнан өткізгендерімді оқырмандарға жет­кізуді жөн көрдім.

Ол кезде Жалағаш ауданының Ка­ли­нин атындағы кеңшарда өндіріс бри­га­­дирі болып жұмыс істейтінмін. Екі жо­ғары оқу орнын бітірген биолог, ға­лым-агроном, орда бұзар отыздың ішін дегі кезім. Шаруашылығымыз – «Главриссовхозстрой» жүйесі не қарайтын көпсалалы кеңшар. Облыстағы алдыңғы қатардағы, өндірісі өрге домалап, дүрілдеп тұрған. Сегіз танапты инженерлік жүйеге келтірілген жер агротехникалық талаптарға сәйкес игеріліп, күріш көлемі 3100 гектарға жеткізілді. Орта есеппен гектарына 50 центнер үстінде өнім алынып, жекелеген күрішшілер 62-70 центнер, одан да жоғары өнім алуға қол жеткізіп жүрген кез еді.

Сол жылы өзім басқарған бригада 350 гектар күріштен әр гектарынан 56 центнер, ал Цой Рикс, Цой Константин, Чай Юр Сен 65 центнер өнім алған.

«Главриссовхозстрой» жүйесінің күріш шаруашылығындағы өндіріс жетекшілері мен агроном мамандары жыл сайын егін жиналып болғаннан кейін, Краснодар қаласындағы Кубань мемлекеттік Ауыл шаруашылығы институтының жанындағы екі айлық білім жетілдіру курсына оқуға жіберілетін.

Мен 1979 жылдың қараша айының орта­сында сол курсқа оқуға бардым. Краснодар өлкесі – Қара теңіз жағалауындағы қысы жұмсақ, жері көкорай шалғынды, шағын орманды, қара топырағы гумсқа бай, ауыл шаруашылығының інжу-маржанына айналған аймақ. Кубань Ауыл шаруашылығы институтында он бір мың студент 16 мамандық бойынша білім алады екен. Оның екі мыңға жуығы Азия, Африка, Латын Америкасынан келген студенттер болса, мыңға жуығы Социалистік лагерь елдерінің тыңдаушылары болатын.

Одақ көлеміндегі күріш егетін Қиыр Шығыстағы Амур бойынан Орта Азия, Қазақстан, Дон, Ставрополь, Краснодар өлкелерінен өндіріс жетекшілері мен мамандар өзара тәжірибе алмасып, білім көтердік. Тәжірибе алмасу кезінде қызу айтысқа да түсіп жүрдік. Институтта аты Одаққа, дүниежүзіне танымал ғалымдар дәріс оқыды. Солардың ішінде 1960-1970 жылдары Қызылорда облысында жаңа жерді игеру жұмысына басшылық жасаған инженер-гидротехник одақтық «Главриссовхозстрой» тресі басты­ғының орынбасары болған, Қызылқұм, Шардара, Қызылорда, Сол жаға, Қазалы, Түгіскен массивтерін игеруге қатысқан доцент Н.Болконский деген кісі болды. Ұзын бойлы, ірі денелі ол «Мен Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы князь Болконский емеспін, инженер-гидротехник, доцент Болкон­скиймін» деп лекциясын бастайтын.

– Осында қызылордалық жерлесім отыр, – деп, менің тұруымды өтініп, біздің елде атқарған жұмыстарын, қызықты өмір жо­лын әңгімелеп, тыңдаушыларды үйіріп ала кететін. Лекциясының негізгі бағыты – біз­дің облыстағы еңбек еткен жылдары, жаңа­дан тегістелген инженерлік алқаптарда ат­қа­рылған гидротехникалық жұмыстар жай­лы. Тегістелген алқаптарды пайдалануға бер­гендегі қызықты шақтарын, қазақтың қо­нақ­жайлығын, киіктің етінен қуырдақ жаса­ғанын айтып, тыңдаушылардың аузынан суын ағы­затын. Сол кезде өзімен қызметтес бол­ған Бозғұлов, Мақұлбеков, Шек Миронды ай­тады. Аудан, облыс басшылары Ықсанов, Бек­тұрғанов, Әбдікәрімов, Қазантаев, Баки­ров, Арыстанбаевтың халықпен жұмыс іс­теу­­­дегі, ел басқарудағы іскерлігін әсерлі жеткізетін.

Курс жетекшісі ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарының кандидаты, аға оқытушы В.Мас­­ловец қызығушылық танытып, біздің күріш­шілердің өндірістік көрсеткіштерін, тәжі­рибелерін, мол өнім алудың жолын қызықтап, сұраумен болатын. Барған бойда менің мәліметтеріммен танысқан «Тропикалық және субтропикалық өсімдіктер» кафедрасының меңгерушісі, доцент В.Павлюков Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Калинин кең­шарында күріштен мол өнім алудың агро­техникалық шаралары жайлы, облыста күрішшілердің жоғары өнім алудың жолдары туралы реферат дайындауды тапсырды. «Сіздің күрішшілердің әр гектардан 100 центнер үстінде өнім алуы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарын қызықтыруда. Сондықтан ғылыми кеңеске толыққанды мағлұмат беруге тиіссіз. Кеңес жұмысына институт директоры, академик Алешин қатысады» деп маған жауапкершілік артты.

Өзіммен бірге ала барған мәлімет­те­­рімді аудан, облыс күрішшілерінің іс-тә­жі­­­­ри­­белерін, өндіріс­тік көрсеткіштерін жи­­­­нақ­­­тадым. Рефератымның негізі шаруа­шы­лық­тағы күріш егісінің агротехникалық ша­ралары, өндірістік бригаданың көрсет­кіші, облысқа танымал диқандар Цой Рикс Сергеевич пен Мыханова Камалдың жұ­мыс­­тары болды. Сол жылдары мен бас­қар­ған бригада еңбек ұйымдастырудың ме­­­ха­­ни­каландырылған звено жүйесіне, ең­бек төлеудің акордтық жүйесіне көш­кен бо­латын. Еңбек ұйымдастырудың агро­тех­ника­лық кү­тіп баптау, суғару, жинау, еңбек­ақы тө­леу жолдарын қамтыдым. Үлкен шайқасқа дайындалдым.

1980 жылдың 15 қаңтары әлі есімде. Ин­ституттың акт залы ғалымдар мен сту­дент­терге толған. Ине шаншар жер жоқ. Азия, Африка, Латын Америкасының тың­дау­шылары баршылық. Кеңесті инсти­тут­тың бі­лім жетілдіру бөлімінің проректоры А.Крас­нов ашып, өндіріс практиктерінің іс-тәжі­рибесі ғылымның қозғаушы күші болатынын айтты. Кейінгі жылдары күріш­тен мол өнім алып жүрген Қызылорда облысының күрішші ма­маны деп маған сөз берді. Мен біздің облыс­тың Краснодар өлкесі күрішшілерімен тығыз байланыста екеніне, бұл байланыс елуінші жылдары мемлекет, қоғам қайраткері ре­сей­лік қазақ, кезінде Астрахань облысы обкомының хатшысы, кейіннен Қызылорда об­лыстық партия комитетінің бірінші хат­шысы А.Сужи­ковтің тікелей басшы­лығымен ор­на­ғанына тоқталдым. Оның ұсынысы бо­йын­­­ша «Кубань-3» күріш тұқымы біз­де ау­дандастырылып егіліп, өңірге тез бейім­де­ліп, мол өнімге қол жеткізіп жүрге­­німді баян­дадым. Рефератымда өзім еңбек ететін кеңшардың күріштен мол өнім алудағы іс-тәжірибесін, еңбек ұйым­дастырудағы жұмыс жолдарын, түрлі эконо­микалық жетістіктерін және күріш шаруашылығындағы қиындық­тарын, арнау­лы техникалар мен кіші меха­низмдердің жоқтығын, отандық тұқым, тың­ай­т­қыш себетін сеялка мен жер өңдейтін со­қаның, жер тегістейтін құралдардың кү­ріш­ке арнал­мағандығын жеткіздім. Осы мақ­сатта жұмыс жүргізуге ұсыныс жасадым. «Мен ғылыми жетістіктерді өндірістің шешуші буынына енгізіп жүрген практик маманмын» деп сөзімді аяқтадым. Зал ду қол шапа­лақ­тап, қошемет көрсетті. Бірақ бұл құрмет ұзақ­қа бармады. Маған сұрақты қарша жау­дыра бастады. Қазір олардың аты-жөні есім­­де қалмапты. Сондағы олардың қойған сұрақтары:

– Біз білетін сіздің облыс топырағы сор-сортаң, табиғи құнарлығы өте аз. Ал сіздер кейін­гі жылдары әр гектардан 100 центнер үс­тінде өнім алудасыздар. Осының сыры неде? – деді. Осындай провакациялық сұ­рақ­тар көп болды, оны беріп отырғандар – ғалымдар.

Мен Краснодар өлкесін Кубань өңірі деп атағандай, Қызылорда облысы – Сыр бойы деп аталатын өлке, – деп бастап, табиғат Сыр бойына осы бір бағалы дақылды өсіруге одан мол өнім алуға жағдай жасағанын айттым. Орта Азия республикаларын басып өтетін Сырдария суының күріш дақылы үшін өте тұщы екенін, дақылдың өсіп-өнуі­не қажетті минералды, органикалық эле­мент­термен байытылып отыратынын айтып, элементтердің мөлше­рінен мысал келтірдім. –

Күрішке ең қажетті факторлар – қо­рек, жылу, күн сәулесі, одан дақылдың ала­­тын жылу энергиясы, күріштің өсу дәуі­рінде алатын жылу энергиясы 4000-4500 килокалория, ал кей жылдары 5000 кило­калорияға жетеді. Жақсы диқан кү­ріш­тік жерге техника түскеннен бастап, дақылды қамқорлыққа алады. Сепкеннен бастап су режимін сақтайды. Арам­шөптерге қар­сы препараттар беріліп, 2 рет үстеп қо­рек­тендіріледі. Осындай айрықша күтім арқасында бір түп күріш қосымша 10-12, кей­де одан да көп қосымша сабақ салып түптейді.

Түптеген күріштің әрбір қосымша масағы 120-150-ге дейін дән салады. Зябь пен жоңыш­қаға орналасқан дақылдан осын­дай агротехникалық талаптар мен ғылыми же­тістіктердің негізінде 100 центнер өнім алы­на­ды, – деп методикалық дәлелмен көзін жеткіздім.

– Кубань – қара топырақты құнарлы өлке. Жерге тыққан таяқ көктейді. Бірақ өкініштісі сол, сіздерде күріш дақылы өніп-өсу кезінде күн сәулесін, жарық энергиясын ала алмайды. Оның үстіне күріштің гүлдеп масаққа отыру кезінде жаңбыр көп жауып, гүлдері төгіліп дақылдың масаққа толық отыруына кері әсерін тигізеді. Осыдан да барып дақылдың түптеу масаққа отыру, дән толық пісу кезінде қажетті энергия алу 2500-3000 килокалориядан аспайды. Со­ның салдарынан өлкеде әр гектардан 62-65 центнер өнім алып келесіздер. Ме­нің бұл пікіріммен Социалистік Еңбек ері, «Красноармейский» кеңшарының ди­рек­­торы Алексей Исаевич Майсторенко келіс­кен болатын, – деп сөзімді аяқтадым.

Абырой болғанда, менің тұжырымымды «Биологиялық мамандарды ұйымдастыру» кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруа­шы­лығы ғылымдарының докторы, профес­сор А.Легкоступ қолдады. Рецезент ретінде рефератымның құндылығына тоқтап, «өте жоғары» баға беріп, ғылыми кеңесте қол­­дау тапқан болатын. Сол кісілер баға берген рефератым өзімде көп жыл сақ­талып, кейіннен Күріш ғылыми-зерттеу институтының мұражайына тапсырдым. Қоштасарда инсти­туттың аспирантурасына түсуіме, осы тақы­рыбым келешек ғылыми жұмыстарымның негізі болатынын айтып қолқа салған еді. Елге келгеннен кейін көп ұзамай аудандық партия комитетіне қызметке шақырылып, қол үзіп кеттім.

Социалистік Еңбек ері «Красно­армей­ский» кеңшарын отыз жыл басқарған А.Май­сто­ренконың шаруашылығын ара­лап, кезде­су, пікір алысу, қызылордалық күріш­шілерге деген оның жүрекжарды тілегі – өз алдына әңгіме. Бұл да – өткен күндердің бір белгісі.

Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар
одақтарының мүшесі

09 қараша 2021 ж. 516 0