» » » «Тәуелсіздік қырандары» Жалағашқа келді

«Тәуелсіздік қырандары» Жалағашқа келді


Полиция – қоғам тыныштығының сақшысы, халықтың қорғаны, қоғамдық тәртіпті қадағалайтын, азаматтардың өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін орган. Қазақстан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, қоғам тәртібін сақтауда полицияның атқарған міндеті зор әрі жауапты. Ішкі істер саласының қызметі көп жағдайда өздерінің ішкі тәртібі бойынша құпия сақталады. Содан да полициялардың ел ішіндегі аса қатерлі оқиғалардың белортасында жүрсе де, түрлі қауіпті қылмыстармен бетпе-бет келіп қоғам тыныштығы жолында атқарып келе жатқан қиын да, күрделі жұмыстарының көбі жалпы халыққа беймәлім. Әрине, қылмыскерлер қолға түсіп, олар жасаған ірілі-ұсақты қылмыстар әшкереленеді және оны жалпақ жұртқа жария етеді, қылмыстың өтеуі – жаза екенін өзгелердің де есіне салу үшін.

Тәуелсіздіктен кейін Қазақстан полициясы құрыл­ды. Құрылғаннан бері полиция қыз­метін азаматтық қоғамға сай етуге, елдің ішкі қауіпсіздігін арттыруға, құқық қорғау органының осы аталған саласына және оның қызметкерлеріне деген халық сенімін нығайтуға бағытталған көптеген шаралар жүзеге асырылып келе жатыр. Алайда, отыз жыл ішінде ішкі істер саласының қызметін айшықтайтын кітап жарық көрмеген еді.

Жуырда сонау Алматы қаласынан өңірі­мізге жыл құсындай сүйінші жаңалық жетті. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарса­ңында белгілі жазушы, журналист Нұрлыбек Самат­ұлы мен полиция полковнигі об­лыс­тық ішкі істер басқармасына ұзақ жыл басшы­лық жасаған «Қазақстан Республикасы Ішкі істер орган­дарының Құрметті азаматы» және «Жала­ғаш ауданының Құрметті азаматы» Әмірбек Шаймағам­бе­товтың бірігіп жазған «Тәуелсіздік қырандары» атты кітап жарық көрді. Бір апта бұрын "Сыр медиа" ЖШС ғимаратында авторлардың және журналистер қауымының, полиция қызметкерлерінің, оқыр­ман­дар­дың қатысуымен аталған жаңа кі­таптың алғашқы таныстырылымы болды. Одан соң Ә.Тәжібаев атын­дағы облыстық кітапханада "Тәуелсіздік қыранда­ры­ның" тұсау­кесер рәсімі өтті. Айта кетейік, кітап авторлары Жалағаш ауданында туып-өс­кен түлектер. Сондықтан жарық көрген жаңа туынды жалағаштық оқырмандардың наза­рынан тыс қалуға тиіс емес.

Кеше аудан әкімдігінің қолдауымен, ау­дан­дық кі­тап­хананың ұйымдастыруымен орталық кітапха­нада оқырмандарға «Тәуел­сіздік қырандары» танысты­рыл­ды. Рухани маңызы зор шараға аудан әкімінің орын­басары Жасұлан Еспенбет, аудандық мәсли­хат хатшысы Гүлзат Құрманбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Алиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Тұрақ Ахетов, ішкі істер сала­сының ардагері Базарбай Ержанов, Болатбек Нұржанов және аудандық полиция бөлімінің басшысы Талғат Лекеров пен сала қызметкерлері, соны­мен бірге аудандық кітапхананың бас­шы­сы Ұлмекен Меңді­баева және кітапхана ұжымы қатысты.
Шараны ашқан Жасұлан Еспенбет тәуел­сіздіктің мерейтойына тамаша тарту болған жаңа туындының тек ішкі істер саласына ғана емес, жалпы оқырман үшін маңыздылығына тоқталды.

– Өткенсіз келешек жоқ. Қай елдің де өз тарихы бар, қай қоғамның да әр кезеңінде тарихқа қатталып қалатын елеулі оқиғалары бар. Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына отыз жыл толып отыр. Бұл біз үшін мерейлі мереке. Осы отыз жыл ішінде еліміз талай сындарлы кезеңнен өтті, қиындықтарды басынан кешті. Бірақ, рухымыз еңкейген жоқ, сағымыз сынған жоқ. Елбасы ұстанған саясат жаңадан қалыптасқан мемлекетімізді осы күнге жеткізді. Қазақстан отыз жыл ішінде сала-сала бойынша сатылап дамыды. Со­ның ішінде қоғам қауіпсіздігіне жауапты ішкі істер сала­сының ел дамуына қосқан үлесі зор. Тәуел­сіз­діктің мерейлі мерекесі қарсаңында жерлес ағала­ры­мыз, ішкі істер саласының құрметті ардагері Әмір­бек Шаймағамбетов және жазушы Нұрлыбек Саматұлының «Тәуелсіздік қырандары» атты еңбегі жарық көріп, оқырман қолына тиіп отыр. Бұл цифрлар түзілген статистикалық, анықтамалық кітаптардың бірі емес, отыз жыл бойы Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының атқарған жұмысы тұжырымдалған, яғни біздің өңірдегі полиция қызметкерлерінің еңбек­тері мен ерліктері әдеби тілмен баяндалған көркем шығарма деуге болады. Әсіресе, бұл кітапты аталған салаға жаңадан қызметке келіп, қоғамдық тәртіпті сақтау жолында еңбек жолын бастаған полиция қыз­мет­керлеріне тәжірибе жинақтауға қажетті көмекші құрал деп бағалаймыз, – деді Жасұлан Ерданұлы.

Расында облыс орталығында да, аудан орта­лы­ғында да кітап таныстырылымына келген оқырман­дардың қарасы қалың болды. Әсіресе, ішкі істер саласында қызмет жолын жаңа бастаған кіші буын полициялар жаңа кітапқа қызығушылық білдіріп, па­рақ­тап көргенше асықты.
– Біз үшін бұл кітаптың маңызы ерекше. Мен бала күнімнен полиция қызметкері болып, қоғам қауіпсіздігіне күзет боламын деп армандадым. Сол арманыма жету үшін тезірек ержетуге асығып, халыққа қасақана қастық жасаған қылмыскерлерді құрықтап, тұтқындау жолында арпалысып жүргенімді ойша көз алдыма елестететінмін. Оған себеп болған, жасымнан сюжеті шым-шытырық оқиғалардан құралған фильмдерді қызыға көріп, детектив жанрында жазылған кітаптарды құмартып оқығанымнан шығар деп ойлаймын. Ал енді бүгін таныстырылымы өтіп жатқан бұл кітаптың әсері тіпті ерекше болды. Өйткені бұл жаңа кітапта өзіміз қызмет етіп жүрген өңірдің, ауданымыздың аға буын полиция қызметкерлерінің жұмыс барысындағы ерліктері баяндалғанын естіп отырмыз және көбінің есімдері таныс, алды­мыз­дағы үлгі тұтар ардақты аға­ларымыз, – дейді полиция қызметкері Ерлан Жүргенбаев.

Иә, «Тәуелсіздік қырандары» деп атала­тын жаңа туын­ды оқырманға тез тарап кетті. Әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан да жылы, салмақты пікір­лер айтылып жа­тыр. Авторлардың басты мақсаты да осы, ішкі істер саласының қиын да, қызықты қым-қуыт қыз­метін көркем баяндау тәсілі арқылы Қазақстан хал­қының құқықтық мем­лекетте өмір сүріп жатқанын, қо­ғам­ның қа­уіпсіздігі қандай жағдайда да құқық қорғау ор­гандарының жауапкершілігінде екенін айт­қысы кел­ген. Бұған өз кезегінде Әмірбек Шай­ма­ғамбетов кеңірек тоқталды.

– «Халық – Құдайдың бір аты». Құқық қорғау ор­ганы халыққа қызмет етеді. Одан бөлек, біздің бар­лы­ғымыздың мойнымызға өз саламыз бойынша атқа­ратын осы тәуелсіз елдің келешегін қалыптастыру бары­сындағы жауапкершілік жүктелген. Ол біздің қыз­меттік емес, азаматтық міндетіміз, перзенттік пары­зымыз. Тіпті ол бізге бабалардан қалған аманат. Ал аманатқа қиянат қылуға болмайды. Сондықтан біздің әрқайсымыз қоғамның дамуына, тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін, келер ұрпақтың нұрлы өмірі үшін адал қызмет етіп келе жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, мен тұтас ғұмырымды ішкі істер саласына арнадым. Қазір зейнет демалысына шыққаныммен қызмет істеген ор­тамнан қол үзіп қалғаным жоқ, облыс көлемінде өтетін көпшілік жиындар мен қоғамдық шаралардың барлығына белсене араласып, жастарға өнеге көрсетіп, өмірлік тәжірибеммен бөлісіп келе жатырмын. Алайда, алдыңғы толқынды кейінгі толқын ығыстырады демекші, біздің артымыздан өкшемізді басып жастар өсіп келеді. Біз соларға өз саламыз бойынша бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеуміз керек. Ол біздің ағалық міндетіміз. Міне, бұл кітапты жазудағы идея да осындай мақсаттан туып еді, – дейді Әмірбек Бердібекұлы.

Шарада Садық Алиев, Базарбай Ержа­нов, Болатбек Нұржанов, Тұрақ Ахетов, Гүл­зат Құрманбаева және Талғат Лекеровтер сөз алып, жаңа туындыға деген өз пікірлерін білдірді. Кітап авторы Әмірбек Бердібекұлы оқырмандарына қолтаңба беріп, аудандық кітапханаға бірнеше жаңа кітабын тарту етті.

Аңдатпада көрсетілгендей, Қазақстан Рес­публи­ка­сы­ның Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейте­нанты Ерлан Тұрғымбаев ал­ғы сөз жазып, жылы пікір білдірген бұл атал­ған кітапқа тоқсаныншы жыл­дар мен екі мыңыншы жылдар аралығындағы қиын ке­зең­де қоғамдық дүмпу тудырған ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашып, әшкерелеуде полиция қыз­меткерлерінің жанқиярлық ерлік­тері мен олардың өз мамандықтары бойынша психологиялық, физикалық тұрғыдан әб­ден шыңдалған кәсіби біліктіліктерін дә­йекті суреттейтін деректі детективті көркем әңгі­мелер еніпті. Кітаптың тілі жеңіл, оқылуы оңай. Ондағы әрбір әңгіме шытырман, шиеленіскен оқиғалармен оқырманын қызықтырып, бау­рап алады.

Қуат АХЕТОВ

25 желтоқсан 2021 ж. 1 186 0