» » » Кешкі кітапхана әлемі

Кешкі кітапхана әлемі

Кітапхана – руханият орталығы. Қазір біздің қоғамға кітапхана қызметі аса қажет. Ұлттық идеология да осы кітапханадан бастау алмақ. Қазақ балалар әдебиеті құрдымға кетіп бара жатыр деп байбалам салып жүргендер аудандық балалар кітапханасына барып, ондағы түсіп жатқан кітаптармен танысып және балаларына оқытуы керек. Кітапхана сөрелері сықап тұр. Іздегеніңізді табасыз. Балалар кітапханасының оқырмандары да күн сайын көбейіп келеді. Кітапханашылар да балаларға кітап оқытудың методикасын меңгерген. Қызықтыра біледі. Оған кітапханада өткізілетін шараларға қатысып отырғанда көз жеткізіп келеміз. Тек кітапханашылар ғана емес, баланы кітап оқуға баулу – қоғамның міндеті. Сондықтан жас ұрпақ кітапханаға барсын десек, олардың алдында біз жүруге тиспіз.

Өткен жұмада Балалар жылы, сонымен бір­ге 23 сәуір – дүниежүзілік кітап және ав­торлық құқық күні аясында аудандық кітап­хананың ұйымдастыруымен "Кешкі кітапхана әлемі" атты мәдени акция өтті. Мақсаты сол, әдеби көркем әдебиетті насихаттау арқылы халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, өскелең ұрпақтың рухани сұранысын өтеу.

Мерекелік шараны аудан әкімінің орын­басары Жасұлан Еспенбет ашты.

– Кітап біздің сөздік қорымызды ғана толықтырмайды, мәдени өремізді өсіріп, қоғамды моральдық тұрғыдан тәрбиелейді. Сондықтан біздің қай-қайсымыз да кітапқа қарыздармыз. Кешегі аға буын ұрпақ әлі де осы рухани орталықпен байланысын үзген жоқ, аудандық кітапхананың тұрақты оқырмандары. Енді сол аға-апаларымыздың жолын кейінгі жас буын ұрпақ жалғастыруы тиіс. Өйткені адамзат өркениетінің бастауын­да кітап тұр. Кітап оқыған ұрпақтың, кітап оқи­тын ұлттың келешегі кемел болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың биылғы жылды – Балалар жылы деп жариялауының да зор маңызы бар. Бажайлап қарасақ, онда тұтас ұрпақтың тәрбиесі жатыр. Әрине біздің болашағымыз деп сенетін балаларға көңіл бөлу үшін бір жыл жеткіліксіз. Десе де осы атаулы жылдың аясында біз балаларға жан-жақты қолдау көрсетудің тетіктерін көбейтіп, мүмкіндіктерін арттыруымыз керек. Соның бірі – кітапханаға кішкентай оқырмандарды тарту. Бүгінгі рухани шараның негізгі мақсаты да – осы, – деді Жасұлан Ерданұлы.

Мәдени акцияға қаламгер, бірнеше та­рихи-танымдық еңбектердің авторы Рыс­бай Кәрімов, кент ардагерлер кеңесінің тө­­ра­ғасы Қожатай Құлмахан, аудандық мә­де­ниет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Бибәсия Дүйсенбиева, аудандық мәдениет үйінің директоры Алпа­мыс Қожанияз, ау­дандық мәдениет және өнерді дамыту орта­лығының басшысы Ғани Сүлейменов және басқа да аудандық кітап­хананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Ғажайыпқа толы тағылымды кітап ке­шін­де оқырмандар кітап әлеміне қатысты қызықты ақпараттармен танысып, күтпеген сыйлықтар мен тосын сыйларға ие бол­ды. Әсіресе балалар кітапханасының бал­ғын оқырмандары үшін қызыққа толы бағ­дар­ламалар дайындалды. «Кел, досым кітап­ханаға» атты флеш-мобпен басталып, "Этно­ауыл", "Күй-керуен" "Мұрагер" домбыра үйір­­месінің күй шашуы, "Спортшылар ауы­лы", "Ән салайық кел, достар" караоке шоуы, "Аква грим" сурет салу, "Кітапты таны да, сыйыңды ал!" сұрақтар ойыны, "Балалар әлемі" көрме иллюстрациясы, "Таңғажайып ертегі" атты ертегі шоу, "Қырық мысал" зият­керлік сайысы, "Қарақұрттар қақпасына" ойын-саяхат, "Рахмет саған кітапхана" атты рәсімде тілек ағашына тілек жазуымен қоры­тын­дыланды.

Атап айтсақ, «Этноауыл» аялдамасында «Мұрагер» тобы домбырамен күй төгіп, ұлттық рухты көтерсе, «Фотосуреттер гале­реясында» жастардың қолынан шыққан су­­рет көрмесімен танысты. Сонымен қатар оқыр­­мандар «Селфи алаңында» естелік суретке түсіп, «Biblio спорт» алаңында дой­бы, тоғызқұмалақ ойнады, қол күресіп, бақ сынады. Кішкентай оқырмандар «Ән са­лайық, кел достар!» караоке-шоуына қа­тысып, ән әуелетті. Сонымен бірге соңғы жылдары кең таралған "Аква гримм" бөлмесі де балаларға ерекше әсер сый­лады. Сондай-ақ шара барысында осы жылдың 29 наурыз бен 15 сәуір аралағында «Кітап оқып, өзіңді шыңда» атты аудандағы мекеме қызметкерлері арасында өткізілген кітап оқу байқауының қорытындысы бойынша жеңім­паздар марапатталды.

Рухани шараны аудандық кітапхана бас­шысы Ұлмекен Меңдібаева қорытындылады.

– Кітап – адамның жан-дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі. Ол – адамзат үшін ғасырдан-ғасырларға жалғасып, қызмет етіп келе жатқан ғылым мен өнердің, соның ішіндегі сөз өнерінің туындысы, қаламгердің жемісі. Cол рухани өлшем мен адам ақыл-ойының ажырамас тұнығындай болып көрініс тапқан кітап енді өзін оқыған, пайдаланған адамға да қызмет ете отырып, сол жанды да рухани тұрғыдан байытады, білім-білігін ұштайды, сенімді серігі, ажырамас досына айналады.

Бүгінгі күннің басты мәселесі ұлты­мыз­дың бойындағы рухты ояту және сол арқылы ұлттық танымымызды тереңдетіп, ұлттық мә­дениетімізді қалыптастыру болып отыр. Бұл тұрғыда аудандық кітапхананың қызметі де, еңбегі де зор. Бізді қуантатыны, жыл өткен сайын оқырмандарымыз көбейіп келеді. Кітап­ханамыз бірер жыл бұрын күрделі жөндеуден өтті. Кітап қоры да ай сайын толғып отыр. Яғни оқырмандар іздеген кітаптарын таба алады. Оқырмандармен жаңаша жүйеде жұ­мыс жасайтын кітапханашыларымыз, басқа да білікті мамандарымыз да жеткілікті. Сол үшін кітапхананы ұлт келешегіне әсер етуші үлкен күш десе болады. Бүгінгі өтіп жатқан мәдени акциядан оқырмандар көп ой түйеді деп ойлаймын. Бұл алғаш рет өтіп тұрған шара емес және соңғысы да емес, алдағы уақытта жалғасын табады, – деді Ұлмекен Әбілтайқызы.

Шараның "Рамазан шапағаты" деп ата­ла­тын соңғы бағдарламасында қасиетті Ра­мазан айында Аллаға құлшылық қылып, ауыз бекіткен жандарға кітапхана ұжымы ауыз­ашар беріп, дастархан басында ар­дагер аға-апаларымыз ұлтымызға, тари­хымызға қатысты тағылымды әңгімелер айтты.

Мәдени-рухани шараға аудан орталы­ғын­дағы «Балалар әлемі» дүкенінің иесі Рау­шан Әшірбекова және Сәуле Ильясова, Айгерім Гаюпова, Айдана Әлмағанбет, Жан­сая Шеке­рова, Шәймен Әбдиев, Мехран Жол­мырзаев, Ерболат Төлегенов, Қадырхан Әлі­бе­ков сын­ды кәсіпкерлер демеушілік жасады.

Қуат АДИС
26 сәуір 2022 ж. 886 0