» » » Шал ақынның бір күйі

Шал ақынның бір күйі

https://egemen.kz/article_photo/1536725775_article_b_1500_.jpegНұрқан нағашымның қо­лынан талай рет дәм таттым. Сырт­тай біртоға, қаталдау көрін­генімен, адамның көңілін қалдырмайтын. Жарықтық өте балажан еді. «Оу, жиен назары күшті, ренжітпеңдер, қазан көтеріңдер» деп мен келген сайын маңдайымнан иіскейтін. Оның үстіне «жігіттің жақсысы – нағашыдан» демекші, домбыра тарту өнері ол кісіден бізге де жұққандықтан, жанына ерекше тартатын.
Ұмытпасам, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болу керек. Бірде Сергеев ауданына (қазір Шал ақын) қарасты қазақ елді мекендерін аралап қайтуға бекіндім. Ондағы ойым – есімдері ұмытылып бара жатқан жергілікті күй­ші-композиторлардың шығар­маларын жинау, нотаға түсіру. Сапар барысында жолай наға­шым тұратын Кеңес ауылына соқтым. Хал-жағдайымды тәп­тіштеп сұрап болғаннан кейін әң­гіме ауаны күй, күйшілік жайына қарай ойысты. Бүгінгі жастардың домбыра қағысы өзге­шелеу. Бірақ араларында күйді бұзып тартатындары да кездеседі. Аға буын салып кеткен дәстүрге қиянат жа­сауға болмайды, дей келіп Тарғыл бұқаның «Шөккен нар», «Терісқақпай», «Көк жор­ға» күйлерін нақышына кел­тіріп орындап берді. Мен де на­ғашымның сүйіп тыңдайтын бір­неше күйлерін орындап, өз домбырамды ұсынып едім, ал­ғысы келмегендей тар­тын­шақтай берді. Сосын ме­селімді қайтарғысы келмеді білем, біраз шертіп отырды. Пернесі көп екен. Менің жуан саусақтарыма көне қоймас, деп қайтарып берді. Мен де жиендік еркелік мінезіме басып, керексіз полутон пернелерін қысқартып, қайта ұсындым. Сол-ақ екен, мен естімеген бір күйді төгілдіре жөнелді. Көзімді жұмып, демімді ішке тартып, елтіп отырмын. Қос ішекті қара домбыраның қоңыр үнін тыңдай бергің келеді. Күйді аяқтап болған соң «Шал ақынның ар­науы» ғой деді елеусіздеу ғана. Шал деген есім болады екен-ау деген таңданысымды сезіп қойды білем, әңгіме айтар кездегі әдетімен бар денесімен маған бұрыла қарап, қаршадай Тілеукенің жасынан сөзге жүй­ріктігіне, шешендігіне, тілінің діл­марлығы мен табан асты айт­қыштығына қарап жеңгелері әжуалап «Шал» атап кеткенін түсіндірді. Күй ақылына ажары келіскен Күлім­жан есімді балдызына арналған деседі. Екеуінің өзара айтысын да білуші едім. Жастың ұлғайғаны, жадының кемігені ғой, ұмытыппын, деді. «Шал ақынның арнауын» заматта үйреніп алғаныммен, араға жылдар салып нотаға түсірдім. Бозбаланың сұлу аруға деген ерек сезімін дом­быра үнімен жеткізе білген Шал Құлекеұлының Абылайдың замандасы, төкпе ақын екенін біліп келсек, енді күйшілік өнерін жаңа қырынан танытудың алғашқы тартуы болсын деген үмітпен шәкірттеріме үйретіп жүрмін. Өз өлеңдерін дом­быра­мен жырға қосқан ба­бамыздың күйшілік дарыны бір шығармамен ғана шектеліп қал­маса керек. Індете зерттей білсе, табылып қалуы ғажап емес.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.
https://egemen.kz


18 қыркүйек 2018 ж. 505 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9573)

10 желтоқсан 2019 ж.

№96 (9572)

07 желтоқсан 2019 ж.

№95 (9571)

04 желтоқсан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 573

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 558

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031