» » » Төрт түліктің төресі текті тұлпар

Төрт түліктің төресі текті тұлпар

Қазақ «Ат – ер қанаты» деп сәйгүлікті жансерігіне балаған. Жылқы – дала жұртына тән мәдениетпен өмір сүрген, әлі күнге дейін салт-дәстүрі берік сақталған біздің халық үшін киелі жануар. Ауыз әдебиетіндегі эпостық жырлардағы батырлардың аттары ерекше қасиет біткен тұлпарлар ретінде суреттеледі. Бұған Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары тіпті, ертегідегі Кендебайдың Керқұласы дәлел бола алады. Олар – айшылық алыс жерлерге жылдам жеткізетін тұлпар ғана емес, сонымен қатар, көкке самғар пырағы, батырлардың сенімді серігі.
Халқымыз сыйлы қонағына қымыз ұсы­нып, алдына қазы-қарта мен жал-жая­сын қоса тартқан. Қымыз – жанға дәру, сан түрлі ауруға шипа болар­лық сусын. Әсіресе, адамның ішкі ағза­ла­рының жұмысын реттеуге септігін тигізетін көрінеді. Сәйгүліктің үстінде жү­рудің өзі (атта отыру) ем екен. Біріншіден, белсіздіктен сақтаса, екін­ші­ден, бойыңды тік ұстатар бел-омырт­қаға пайдасы ересен-зор. Бүгінде буын ауруына шалдығып, өздерін тік ұстай алмайтын (буындарын жаза алмайтын) адам­дарды ат үстінде жүргізіп жат­тық­ты­ру арқылы емдеу орталықтары ашылып жатыр. Мұндайды ғылымда иппотерапия дейді.
Ағылшындық ғалымдар жылқы төлінің алғаш қолға үйретілген жері осы қазақ даласы екенін дәлелдеді. Қазіргі ғылым ол дәуірді «Бопай мәдениеті» деп қарастырып жүр. Ер жігіттің жан серігіне айналған тұлпарлар жайлы әлі күнге дейін толассыз, тоқтаусыз жырланып та жазылып та келеді. Қазақ жазба әдебиетінің басында тұрған Абай “Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ” деп жырлап, нағыз тұлпарға ғана тән теңеулермен бейнелесе, Құлагерін жоқтаған Ақан да, одан кейін ол жайында кино боларлық дастан жазған Ілияс Жансүгіров те қазақтың қазанаты жайында терең тебіренген. Үш жүздің басын қосып, бар қазаққа хан болған Абылайдың заманында мынандай оқиға болған. Жаумен болған бір қақтығыста ханның атына жебе тиіп мертігіп, қоршауда қалыпты. Сонда ел басынан айырылса, иесіз қалатынын түсінген Жәнібек батыр қоршауды бұзып кіріп, Абылайға атын беріп, өзі жаудың қалың қолымен шайқаса кетіпті. Аңызға сүйенсек, Абылай мен Жәнібектей қазақтың қос бірдей тау тұлғалы азаматын ажалдан астындағы ат қана аман алып шыққан көрінеді. Мұндай оқиға ел ішінде көптеп сақталған. Жазушы Қойшығара Салғараұлының “Мүде” атты туындысында қытайларға қорған салуға мәжбүр еткен ғұн патшасының батырлығымен қоса, жауға шабар атына ерекше мән бергені, сәйгүлігі арқылы талай жекпе-жекте жеңіске жеткені баяндалады.
Қазақ пен жылқының етене жақындығы сонша, әлі күнге дейін ат көрсе мінгіміз келіп, қанымыз тулап тұратыны бар. Біздің елде ат спортының ерекше дамуы да содан шығар. Оның «Көкпар», «Бәйге», «Теңге алу», «Қыз қуу» сынды халқымызға тән бірнеше түрі бар. Алайда, бұл өз алдына бөлек әңгіме. Белгілі ғалым, қазақтың этномәдени жағын тереңірек зерттеген жан Ақселеу Сейдімбек ел ішінде жүріп, атбегілер мен жылқы сыншыларынан сәйгүлік тұрғысында мәліметтер жинай келе Қамбар ата төлінің бойындағы он бес түрлі қасиетін атап өтеді.
Адам баласы машинаны ойлап тапқанша жақсы атты жанына серік етуді армандаған. Мұны Доспамбет жыраудың «Күмбір де, күмбір кісінетіп, күреңді мінер күн қайда?» атты толғауынан көре аламыз. Қазіргі жастар «Гүріл де гүріл еткізіп, тайота мінер күн қайда?» деп жырлайтын болыпты. Бұл да заман ағысы шығар. Қалай дегенде де жылқы мінезді қазаққа серік болған осы бір жануардың пайдасы біз ойлағаннан әлдеқайда көп болса керек.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

02 қазан 2018 ж. 151 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9457)

16 қазан 2018 ж.

№77 (9456)

13 қазан 2018 ж.

№76 (9455)

09 қазан 2018 ж.

Сұхбат

12 жасар композитор
28 қыркүйек 2018 ж. 195

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031