» » » Абыройы асқақтаған ансамбль

Абыройы асқақтаған ансамбль

Тарихта талай белесті бағындырып, өзіндік орнын қалыптастырған тау тұлғалы азаматтарды, би-шешендер мен небір шайырларды, батыр мен текті тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекен – Жалағаш ауданы туралы айтылар әңгіме аз емес. Бұл аудан осындай біртуар азаматтарымен мақтанады. Олардың қатарында отыз жылдық тарихы бар, аудан мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан «Батыр аналар» ансамблі де бар.

Жуырда Еңбек ауылының мәдениет үйінде алтын құрсақты аналардан құралған ансамбльдің 30 жылдық мерейтойы және Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік кеш өтті. Екі бөлімнен тұратын шарада мектеп оқушылары Елбасының ерен еңбегін ұлықтап, тәуелсіздікке қол жеткізу жолында атқарған жұмыстары мен сарабдал саясатының ар­қасында жүзеге асқан бастамаларға шолу жасады. Сондай-ақ, Еңбек ауылының әкімі Қайрулла Қалданов, аудандық әйелдер кеңе­сінің төрайымы Әсия Мәдиева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Роза Ералы,­ аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Төлеген Аштанбаева, ардагер-ұстаз Қалжан Өтегенова және Еңбек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мархабат Балмаханов­­ «Батыр аналар» ансамблінің тарихына тоқталып, естеліктерімен бөлісті. Сонау 1988 жылы құрылған ансамбль құрамында 19 батыр ана өнер көрсеткен. Сол жылдың өзінде-ақ жеке концерттерін берген алтын құрсақты аналардың өнері жан-жақты қолдау тауып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Кейіннен көршілес Жаңадария, Аққұм, Ақарық, Шаған, Мырзабай ахун секілді ауылдарда гастрольдік сапарда болды. Осылайша, өнерге деген ерекше ықыластарының арқасында аз уақыт ішінде көрермен көзайымына айналып үлгерген аналар ансамблі қазақ халқының демографиясына қосқан үлестерімен қатар ұлттық мәдениетімізге де еңбегін сіңірді.
Бүгінде 30 жылдық тарихы бар ансамбль құрамында 14 батыр ана бар. Демографиямызға дем беріп, ұлттық өнерімізді дәріптеп, өңірдің берекесін арттырған батыр аналардың өнегемен өрілген өмір жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі.
Мерекелік шарада алтын құрсақты әжелер қойылым қойып, ұлттық салт-дәстүрімізді, құндылықтарымызды насихаттады.
Кеш соңында «Батыр аналар» ансамблінің мүшелеріне сый-сияпат табысталды.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).
08 желтоқсан 2018 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (9465)

13 қараша 2018 ж.

№85 (9464)

10 қараша 2018 ж.

№84 (9463)

06 қараша 2018 ж.

Сұхбат

12 жасар композитор
28 қыркүйек 2018 ж. 348

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31