Мырзабай ахун

Алашқа ана атанған Сыр өңірінде өмірін елдік пен ерлікке арнаған тұлғалар аз болмаған. Соның бірі әрі бірегейі артында өшпестей із қалдырған Мырзабай ахун еді.ÐаÑÑинки по запÑоÑÑ ÐÑÑзабай аÑÑн
Мырзабай ахун осы күнгі Мәдениет ауылында дүниеге келген. Әкесі Азамат қарапайым шаруа кісі болған. Жастайынан білімге ұмтылған баласын алғашында ауыл молдасынан сауат аштырып, білімге үйренуге талпынған баласын Бұхарадағы Көкілташ медресесіне оқуға берген. Осы оқуды бітіріп, ахун атағын алған Мырзабай ахун өз туған жеріне оралады. Медреседен жан-жақты дәріс алған жас, енді қалайда бала оқытудың жолын іздей бастайды. Оқуда жүріп көргендерін іске асыруға бел байлайды.
Ол кісі қарапайым, еңбекқор қайырымды жан болған. Лай жатқызып, кесегін өзі бастап құйып, Қаракөлдің түстік жағасынан көп еңбекпен мешіт тұрғызған. Сонда бала оқытып, дәріс бере бастаған.
Мырзабай ахун 1830 жылдары дүниеге келген. Өйткені, мынандай әңгіме ол кісінің туған жыл шамасын айқындайды.
85 жасында таң намазын оқып отырып, көп уақыт орнынан тұрмай аспанға қарап екі көзінен жас ағып, қамығып отыр екен дейді. Сонда қасына келген шәкірттерінің бірі. «Тақсыр мұныңыз қалай, неге сонша қамығып отырсыз» дейді. Сонда ахун, шырақ «халқымның басындағы қасиеті мен киесі аспанға ұшып барады екен» – дейді. «Ол ұшқан кие мен қасиет енді қайтып қона ма?» деген сұраққа, «ол енді 80 жылдан кейін қайта қонар, бірақ, көп кідірмес арты бұлыңғыр тартар»- деген екен. Осы оқиғадан бір жыл кейін 86 жасында дүниеден өткен. Бұл 1916 жыл екен.
Мырзабай ахун өте еңбекқор жан болған. Төңірегіндегілерге суармалы егіс пен бақша дақылдарын егуді үйреткен. Қолы бос кезінде үнемі бақша егіс басында болады екен.
Бірде атының мойны кетіңкіреп жүрген бір жігіт, ағайындарының ақылымен Мырзабай ахуннан бата алуға келеді. Келсе ол кісі бақша жұмысымен айналысып жатыр екен. Сәлем беріп, келген шаруасын айтады.
Сонда Мырзабай ахун кетпеніне сүйеніп тұрып, қолыңды жай дейді.
–Әуелден ақырына дейін берсін – дейді де «аллаһуаһбар» деп бетін сипап, қайтадан жұмысына кірісіп кете береді. Атына қонған жігіт едәуір жерге барғасын ойланып, «япырау мен бата алу үшін соншама жерден келгенімде бұл кісі маған жөнді бата бермеді-ау» деп, қайтадан кері оралады. Қайта келіп ренішін айтқан жігітке «мен саған әуелден ақырына дейін сұрап едім, сол саған аз болды ма?» - деп аздаған кейістік білдіріпті. Сол жігіт жағдайы түзеліп, шаруасы оңға басып, қазаны оттан түспейтін, келім-кетімі көп аухатты отбасының бірі болған екен.
Мырзабай ахун келген-кеткен кісілердің пейіл-ниетін де білген әулиешілігі де болған.
Бірде ауқатты үш адам Мырзабай ахун қандай адам екен көрелік деп, ахунға келеді. Олар келгенде де, ол кісі бақша басында жер шауып жүр екен. Үстінде көйлек-дамбал, басына байлап алған орамал, күнге тотыққан шаруаны көрген ауқаттылар , ахунды менсінбей, үйге жүріп дәм татыңдар дегеніне қарамай жүріп кетеді.
Біршама уақыттан кейін әлгі үшеудің үстіне қара бұлт үйіріліп, дауыл соғып, нөсерлетіп жаңбыр жауып ілгері жүргізбейді. Болмағасын кейін қайтып ахунға келеді. Келсе ешқандай дауыл, жаңбыр жоқ, жайма шуақ. Әлгілер ахуннан кешірім сұрап, жайған дастарханнан дәм татып, қайта жолға шығып , баратын жерлеріне аман-есен жеткен көрінеді.
Мырзабай ахун бірыңғай оқытушылық пен айналысып қоймай, философия, астрономия, психология, медицинаны меңгерген сыңайлы.
Қызылқұмда жайлаған Шобдар Шәріптің ұлы Нұржан біраздан бері науқастанып, Мырзабай ахунға алып келеді. Баланың тамырын ұстап, көз жанарын бағдарлаған ахун: «шырақ анау өтіп бара жатқан малды қайтарып кел» – деп баланы жұмсайды. Сонда баланың әкесі: «тақсыр бұл бала оған жарамайтын шығар» деген.
Сонда ахун: «шырақ сабыр түбі – сары алтын, сабырлы жетер мұратқа деген бар. «Әліп » әл береді, «Би» берекесін келтіреді, «Си» сенім ұялатады барсын бала» дейді.
Бала орнынан тұрып, малдың бетін қайтарып, біршама уақыттан кейін үйге келеді.Көптен дене қозғалысынан ауырдым деп, шектен келген баланың өңі кіріп, маңдайы жіпсіп, бет ажары еніп, өңі келіп қалған екен.
Емнің басын осындай дене қимылынан бастау алып, ақыл-кеңесін беріп шығарып салған. Сол бала кейіннен құлан-таза айығып кеткен көрінеді. Бұл дене қимылы мен үздіксіз еңбектің денсаулыққа тигізер орасан пайдасының бір сарасын көрсетіп отыр.
Бірде үш-төрт игі жақсылармен әулие Жәрімбеттің басына барып қайту үшін жолға шығады. Жолай бір ауылда түстеніп отырғанда жара шығып қатты ауырып жатқан баланы көрсетеді. Баланың әлі өте ауыр есеңгіреп сандырықтап жатқан, денесі қол тигізбейтін ыстық екен. Сонда ахун: «жалбызымның жоқтығынан жалғызымнан айрылдым» деген, баладан айырылып қала жаздапсыңдар ғой, жараға таңатын шөпті алдырып таңып бергеннен кейін, «шырақ енді көп ұзамас, аяғынан тұрып кетер» дейді. Кейін қайтар жолда әлгі баланың шауып ойнап жүргенін көреді.
Бұл айтылып отырған жәйттер сонау алыстан айқайлаған дауыстың бізге жеткен жаңғырығы ғана. Бұл тұрғыда көптеген зерттеулер қажет ететіні даусыз.
Мырзабай ахунның Бұхарада медреседе оқып жатқан ұлы дүние салып, соны ахунға естірту үшін Қалжан ахун, Қайқы батыр мен Алданазар би барады. Амандық-саулық сұрасып жайғасқан соң Алданазар би сөз бастайды:
– Тақсыр, Алланың ісіне шүкіршілік кімнен мирас болып қалып еді,- деген.
– Е, Алданазаржан, шүкіршілік Дәуіт пайғамбардан қалды емес пе.
– Тақсыр, сабырлылық кімнен қалып еді?
– Сабырлық Аюб пайғамбардан қалып еді дейді ахун.
– Тақсыр «шейіт» деген сөзді тәржімалап берсеңіз.
– Шейіттер, Алланың бұйрығымен, патшаның әмірімен ел-жұртын жаудан, не тосын апаттан қорғауда, әділет жолында қаза болғандар және осы топқа білім жолында жүрген, сапарда, жырақта жүріп қаза болғандар да жатады дейді ахун.
– Төреңізге құлдық тақсыр, білім жолында жүрген балаңыз қайтыс болды деген хабар алып отырмыз. Алла ақырын берсін, – деп көңіл қос айтады.
Сонда Мырзабай ахун көзіне жас алып, ұзақ отырып қалған екен.
Алданазар би:
– Уа тақсыр, Дәуіт пайғамбар отыз ұлдан айырылғанда Аллаға шүкіршілік еткенін әлгінде айттыңыз, һәм өзіңіз де сабыр – шүкіршілік иесі едіңіз ғой, – деген. Мырзабай ахун:
–Уа, игі жақсылар, кешірім өтінемін, бөгетім жығылып кетіп, еркімнен айырылып қалдым ғой, – деп жауап қайырыпты.
Осындай ерекше қасиетті жандар, халықтың жүрегінде сақталып қалды. Өйткені, оларды халық аса құрметтеген, қадірлеген, пір тұтқан.
Міне, оқырман, ахунның өзі айтып кеткендей, сексен жылдан кейін 1999 жылы Жалағаш ауданының сол кездегі әкімі Қ.Баймахановтың бастауымен, жақсылық істердің ұйтқысы болған бірсыпыра ақсақалдар мен азамттардың араласуымен Мырзабай ахун мешітінің айналасы тазартылып, қасынан күмбезді кесене салынды, ас беріліп, құран бағышталды.
Бұл күндері Мырзабай ахун кесенесіне барып, дертінен айыққан, басына тап болған қиыншылық жағдайлардан арылғандар көптеп саналады. Шүкір етеріміз, Алланың барына сенетіндер мен әулиенің шапағатына бөленушілер саны баршылық.
Мырзабай ахун жөнінде ел арасына тараған әңгіме-деректерді жинақтап, қалың оқырманға ұсынуды жөн көрдім.
Әдеттегідей, көміліп қалған асыл қазыналарымызды қолға кеш алатынымыздай, ахун жөнінде айтарлықтай материалдар жазылған жоқ.
Орта буындағы, кешегі кеңес кезіндегі уақытта ұмыт болған, құлаққа енбей қалған дүниелер көп. Сондықтан, ұрпаққа жетпей жатқандарымызды зерттеу келешектің еншісінде.

Раушанбек СМАҒҰЛОВ,
Денсаулық сақтау саласының ардагері, Журналистер одағының мүшесі.
08 желтоқсан 2018 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (9465)

13 қараша 2018 ж.

№85 (9464)

10 қараша 2018 ж.

№84 (9463)

06 қараша 2018 ж.

Сұхбат

12 жасар композитор
28 қыркүйек 2018 ж. 348

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31