» » » СУ БЕТІНДЕГІ СҰЛУЛЫҚ

СУ БЕТІНДЕГІ СҰЛУЛЫҚ

«Эбру» – ежелгі түріктерден бастау алған сурет өнері. Бүгінде ол бейнелеу өнеріндегі жаңа технология ретінде қолданыста. Әлеуметтік желіні парақтай келе, біздің өңірде де бұл тәсілдің кеңінен таралғанына көз жеткіздік. Балалар шығармашылығын дамытуды көздейтін «Қорқыт» өнер мектебінде осы ерекше дүниеге ден қойған өрендер көп екен.
Мамандармен тіл­дес­кенімізде, соңғы уа­қыт­та «Эбру» өнеріне қызы­ғу­шы­лық танытушылар са­ны артқанын алға тартты. Бұл су бетіне түсірі­луі­­­мен ерекшеленетін тех­но­логияның адамның жан дү­ниесіне үңі­ліп, ішкі әле­міндегі жай-күйін жет­­кізуге ықпал ететі­н­ді­гімен бай­­ла­нысты болса керек.
– Алғашында «Су бе­тіне сурет салу мүмкін бе?» деген сауал қойып, күмәнданатындар табыла­тын. «Эбру» сонысымен де ерекше шығар. Әрі түр­кілер ойлап тапқан арт терапияның бұл түрі қауіп­сіз саналады. Қолына қыл­қалам ұс­таған кез келген адам қиялға ерік беріп, төл туындысын жасап шығады. Сонымен қатар жеке шы­ғар­­машылықты дамыту үшін де су арқылы қағаз бетіне түскен суреттің орны зор. «Эбру» жаңа дүниелер ойлап табуға да септігін тигізеді. Дүниежүзінде атал­ған өнерді «Биші бояулар», «Бұлт пен жел», «Толқын тәрізді қағаз» деп атайды. Бірақ, бұл өнер түрі ерекше даярлықты, шыдамдылықты талап ететінін ескеру қажет. Үйірме қатысушыларына осыны жиі айтамын. 30 шақты шәкіртім бар. Негізінен, балаларды 4-5 жастан бастап қабылдаймыз, ақылы негізде. Араларында икем­деліп, біраз төселіп қалғандары бар. Соның ішінде Дәулет Ермекбайды ерекше атар едім. Себебі, жас талант бұған дейін түрлі байқауларда өзін дәлелдеп, өнерімен тамсантты. Жасаған дүниелеріне таңданбау мүмкін емес, – деді өнер мектебінің қосымша білім беру педагогі Аида Бердеева.  
Әңгіме барысында Аида «Эбру» технологиясының қыр-сырымен де бөлісті. Ерекше өнер түрі арнайы су, бояу, қылқалам мен шило секілді құралдарды қажет етеді екен. Түсінікті болу үшін тарқатып айтсақ. Алғашында сіз ыдысқа ArtDeco суын құйып, шило арқылы бояу­лармен фон шығарасыз. Содан кейін тамшы арқылы қиялға ерік беріп, әртүрлі оюларды өрнектейсіз. Бұл жерде жоғарыда айтып өткен майлы су екі түсті араластырмай, ғажайып құбылыс шығаруға ықпал етеді. Оны қағаз бетіне, маталарға түсіруге де мүмкіндік бар. Қағазды су бетінде бар болғаны 5-10 секунд ғана ұстап, суретті көшірген соң, оны бірқалыпты температурада кеп­тіресіз. Со­ңында қиялыңыздағы таң­ғажайып бейнемен көпті сүйсінте аласыз. Ең қызығы, суреттің екінші нұсқасын, не көшірмесін жасау тіпті мүмкін емес. Себебі, суға ша­шылған бояу әр кезде әртүрлі өрнек құрайды және ешқашан бір-бірін қайталамайды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
15 сәуір 2019 ж. 81 0