» » » ТЕКТІ ХАЛЫҚТЫҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ

ТЕКТІ ХАЛЫҚТЫҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ


Тұңғыш Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып отырып, қазақ халқының тектілігіне, ерекше болмысына тағы бір көзіңіз жетеді. Ұлан-байтақ атырапты еркін бойлаған, ұлы даланы иелік еткен халықтың сол ықылым заманнан-ақ биік бел-белесті бағындырып, талай дүмпулерден өткенін тарих дәлелдейді.
Мақалада қазіргі әлемдік өркениетте кеңінен таралып отырған атқа міну мәдениетінің қазақ жерінде қалыптасқандығы, жер жаһанға таралған дала гүлі – қызғалдақтың да ең танымал түрлері Қазақстанда өсетіндігіне нақты дәлелдер көрсетілген. Тіпті дәлелдер көрсетілді деудің өзі артық болар, себебі жылқы малының Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін археологиялық зерттеулер, дүниежүзілік зерттеуші ғалымдардың тұжырымдары айқын айтады. Археологиялық зерттеулерде анықталғандай, төрт түліктің басы саналған жылқы арғы ата-бабаларымыздың өмір сүру дәуірінде-ақ халықтың тұрмысында көлік ретінде пайдаланылғаны белгілі. Мініс аттарды күтіп-баптап, жаугершілік заманда батырлардың айнымас серігіне айналды. Қазақтың «Ат – ер қанаты», «Жылқы – малдың патшасы» деуі де тегіннен айтылған сөз емес. Желмен бірге желдей есіп, ерге қанат бітірген, жол мұратына жеткізген осы киелі жануарды талай батырлар жырына да қосқан. Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Қабанбайдың Қубасы, Бөгенбайдың Қызыл аты, Ақанның Құлагері, Тілеулі батырдың Кез құлағы, Бармақ батырдың Сандалкөгі, Исатайдың Ақтабаны, Амангелді батырдың Шалқасқасы, Кейкі мергеннің Кераты, Қарабектің Қарасы, Қамыстың Шұбары, Ерқосайдың Торысы, Сегіз серінің Бозжорғасы жырларда әдемі суреттеледі. Қазақ әдебиетіндегі жырларда «Құлын – тайға жеткізер, тай – құнанға жеткізер, құнан – атқа жеткізер, ат – мұратқа жеткізер» деп, жануардың ер қанаты екенін жырға қосады.
Жылқы малының ерекше қасиеттері көп. Төрт түліктің ішіндегі қаны таза, әрі қазақтың ең алғаш қолға үйреткен жануары. Бір үйірді бір айғыр алып жүреді. Бір қызығы, үйірге келіп қосылған байталды жатсынбаған сол үйірдің айғыры бөтен айғырды қоспайды. Иесінің көңіл-күйінің қандай екенін де дауыс ырғағынан біліп қояды. Ашулы екенін білсе, шақырғанға келмей, қашады екен. Жылқылар жақсы көрген адамына маңдайын түйістіріп еркелегенді ұнатады. Сондай-ақ жылқы жануары иесіне адал. Жаугершілік заманда, қан майданда аттың үстінен құлаған не мерт болған жауынгер болса, жылқы сол маңнан кетпей торуылдап жүреді немесе иесін үстіне салып еліне қайтады. Айта берсек жылқының қасиеттері өте көп. Қазақ даласында жылқы шаруашылығын ерте кезеңнен-ақ дамытуға ерекше мән беріп, оны әлеуметтік, тұрмыстық өмірінің бір бөлігіне айналдырды. Жылқы сонау сахара мәдениетінің мақтанышы, қазақтардың бұрынғы тайпалары Азия жабайы жылқысын құлын кезінде қолға үйретіп, тұрмыс-тіршілігіне пайдаланған. Қазақтың тұтас қалыптасу мәдениетіндегі, өміріндегі қилы тарих тізбесі өздері мәпелеп өсірген сәйгүліктің жалында ойнап, жанымен тоғысып жатты. Толарсақтан қан кешкен қан майданда болсын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күнде болсын ауырын алысқа жеткізіп, алысын жақындатқан жан серігі еді. Жалпы жылқының түрі көп. Мініс ат, бәйге аты, айғырдан бөлек, ұрғашы жылқының да жасына қарай аталуы әртүрлі. Жылқының жүйріктігін санайтын, жиын-тойларда, ауыл-ауыл болып өткізетін үлкен ас-құдайыларда тай жарыстырып, көкпар тартысу қазақтың қанында бар қасиет. Тай жарыс, құнан бәйге, аламан бәйге, жорға жарыс сияқты жылқыны сынайтын бәйге түрлері қазақпен бірге жасасып келеді. Ал көкпар, аударыспақ, ат омырауластыру, жамбы ату, қыз қуу, теңге ілу секілді ойындар әлі күнге дейін желісін үзбей келеді.
Осынша қасиеті бар киелі жануар қазіргі кезде де төрт түліктің басы саналады. Бірақ, сол кезеңдердегі тұяқты тұлпардың орнын темір тұлпар басқан заманда шымырланып шыныққан, жүріске жарамды мініс аттардан гөрі түрлі бағыттағы – жылқы шаруашылығы қарқынды дамуда. Ет өндіру, бордақылау, сапасы мен өнімін арттыру, қымыз өндіру, шет елдерге сату үшін арнайы орындар жұмыс жасайды. Жылқы өсіріп, бие сауу, күш көлігі ретінде пайдаланып, спорттық жарыстарға қосу, мініске арналған аттарды күтіп-баптау сынды ата дәстүрлеріміз кенже қалып бара жатқан секілді. Ата-бабамыздың тұрмысымен біте қайнасып кеткен осы жануарға тек кәсіп, пайда табу ретінде қарау атам қазақтың ықылым заманғы дәстүрінен қол үзумен тең. Жылқы шаруашылығын экспортқа бейімдеу де бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Халықтың бар керегіне жараған киелі жануардың ет өндіруден басқа да пайдалы тұстарын білеміз. Қазіргідей темір тұлпарға байланған заманда қозғалыстың аздығынан туындайтын түрлі дерттің, сал ауруларының бірден-бір емі атқа міну. Сүтінің өзі таптырмас ем болатын жылқы малын шетелге экспорттап жөнелте берсек, атам қазақ бағындырған, алғаш қолға үйреткен осы киелі жануардың асыл тұқымдарының жойылып кетпесіне кім кепіл? Меніңше Елбасы мақаласындағы атқа міну мәдениетінің кеңінен сөз болуының өзі осыны меңзейтін секілді. Жылқыны күтіп-баптап түрлі бәйгеге қосып, ата дәстүрді қайта жаңғырту, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттап, рухани жаңғыру бүгінгінің еншісіндегі іс. Мақаланың осы бөлімінен түйгенім де осы – атқа міну мәдениетін қайта жаңғырту.
«Ұлы даланың жеті қырында» баяндалған ұлан байтақ дархан даланың тағы бір байлығы – қызғалдақ гүлі. Қазақстанның қызғалдақтың Отаны саналуы да тектен-тек емес. Тұңғыш Президент «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи Отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ, бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жау­­лап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының ұрпағы» деген еді. Мен үшін балалық шағымда әдемі естеліктерімен, әсемдігімен есімде қалған қызғалдақ сұлу­лықтың символы іспеттес. Әңгімеме тұздық болған да осы қызғалдақ гүлінің қазақ жерінен бүкіл жер жүзіне таралуы.
Мен жарық дүние есігін ашқаннан соң үш күн өтер-өтпестен ата-анам Қызылқұмға көшіп барыпты. Өздеріңізге белгілі, ол кезде ауыл адамдарының көбі отбасымен сол Қызылдың қиясында мал бағады. Қазіргідей қаптаған жұмыс орны жоқ, елдің тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Менің отбасым да ес білгенімше Жаңадария елді мекенінің батыс жақ бетінде орналасқан Қызылқұмда мал баққан. Әкем таң атысымен жылқысын ерттеп мініп, уақ малдарды жайылымға айдап кетеді екен. Ал анам киіз үйде есік алдындағы ашық қорадағы қозы-лақтарға қарап қалады. Шыжыған күн төбеңнен төніп тұрғанда шөл далада құмды төбешіктердің арасында жаңа туған шақалақпен жалғыз қалу оңай емес. «Әкең мал айдап кететін. Мен сенімен қара үйде жалғыз қаламын. Кейде қорадағы қозы-лақтар шығып кетіп, әрқайсысы әр төбешікке шашырап жайылатын. Күн ыстық. Шегеқұм табаныңды күйдіреді. Сені құндақтап алып, әр төбешіктен қозы-лақтарды іздеп, түгендеп қораға қамауым керек. Ол кезде қазіргідей көлеңкелеп отыру жоқ қой. Кейде адасып та кетемін. Әйтеуір, кезіп жүріп елді табушы едім» деп сол кезді анам жиі есіне алып отырады.
Иә, Қызылдың қиясында елсіз жерде күн кешу қазіргі мына біздерге мүмкін емес дүние секілді. Бірақ, сол Қызылқұмда талай күндері өтсе де, көктем шыға төбешіктерді, жазықтықты қаптайтын сарғалдақ пен қызғалдақты айт­саңызшы?! Әкемнің екі сөзінің бірі сол – қырмызы гүлдер. «Аяқ басуға қимайсың, жазықтық түгел қызыл-сары түске енетін еді» дейді. Ес біле бастағанымда аңсарым ауып, талай мәрте көргім келді. Көктем шыға Қызылқұмға арнайы барып, көздің жауын алып, жайнаған қызғалдақ пен сарғалдақтың табиғатты қандай әсемдікке бөлегеніне куә болдым. Шыжыған күннің асты болса да, маған ол жер ыстық. Өйткені, дүниеге келе сала сол жердің ауасымен тыныс­тадым, сол жерде алғашқы қадамымды бастым, сол жерде қозы-лақтармен ойнадым. Жер жаһанға таралған дала гүлінің табиғатқа қызыл-сары түске бояғанын көрдім. Шынында, кең байтақ қазақ даласының қойнауы табиғи байлықтарға, алуан түрлі өсімдікке бай. Менің жоғарыда айтқаным құмды жазықтықтың көктемгі табиғаты ғана. Республикамыздың басқа аймақтарында қаншама сұлу жерлер, гүлді алқаптар, әсем гүлзарлар бар. Қызғалдақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, кейіннен Голландияға жеткен көрінеді. Қазақ жерінде өскен гүлдің алыс шетелдерде жаңа түрлері өсірілген. Қазақ халқы ежелгі дәуірден бері дала гүлі болып есептелінетін қызғалдақтың көркіне сүйсініп қана қоймайды, шипалы қасиеті бар екенін де білген. Отыздан астам түрі өсетін дала гүлін зерттеу жұмыстары ХVІІІ ғасырдың соңында басталған. Ал қазақ жеріндегі қызғалдақтарды зерттеу көптеген атақты адамдардың есімімен тығыз байланысты. Зерттеушілердің дерегінше, дала қызғалдақтары еліміздің барлық облыстары мен аудандарында өседі. Республиканың батыс және солтүстік облыстарында гүлдің үш-төрт, Шығыс Қазақстанда алты түрі болса, ал, Оңтүстік Қазақстанда оның отызға жуық түрі таралыпты.
Біз әңгімемізге арқау еткен қасиетті жылқы жануары дала гүліне Елбасы өз мақаласында ерекше тоқталды. Әлемдік ғалымдардың зерттеулері де осыны дәлелдеді. Жабайы жылқыны алғаш қолға үйреткенде, дала гүлінің Отанына айналған да – қазақ жері. Мен әңгімеме арқау болған тақырып ұлы дала халқының бірнеше байлығы ғана. Текті халықтың ерек болмысы, тамыры тереңнен тартқан тарихы әлі де талай әңгімеге, мақалаға арқау болары анық.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.
11 маусым 2019 ж. 132 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031