» » » МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ ҚАШАНДА БИІК

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ ҚАШАНДА БИІК

Білім жолы – қиын да қасиетті жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Ал, осы білім жолына жетелейтін – ұстаз. Бұл жолы ұстаз атаулының қалтқысыз қызметін оқырманға тағы бір көрсету үшін бір күнімізді мектепте өткіздік.

Аудандағы, қала берді республикадағы үздік мектептердің қатарынан ойып тұрып орын алған Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей мұғалімдері дарынды балаларды, білікті шәкірттерді тәрбиелеуде оқ бойы озып тұр. Осындай еңбегі жемісті ұстаздардың бірі – Салтанат Қосжанова. Осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілі пәндерінің мұғалімі.
Әр мамандықтың өз қиындығы, соған тән ерекшелігі болады. Бірақ менің бүгінгі жұмысым мүлде басқаша. Жауапкершілік жүгі айтарлықтай ауыр екенін айтпай-ақ сезінесің. Оған мектеп табалдырығын аттаған сәтте көзім жетті. Жүрекпен сезіндім. Жан-жағымнан «Саламатсыз ба апай» деп қаумалаған бүлдіршіндер сыныпқа кірмей-ақ бұл асыл мамандыққа деген құштарлығымды арттырып жіберді. Аяңдай жүріп, анық басып, айналамды бағдарлап өзіме қажет сыныпқа да келіп жеттім. Салтанат апайдың сабағы. «Адамның басты құндылығы өз тіліне, Отанына деген сүйіспеншіліктен тұрады. Ана тілін жетік білу, заман қанша өзгерсе де оның қадір-қасиетін жоғалтпау, құрметтеу үлкен ерлік. Сондықтан бүгінгі сабақтың мазмұнына аса мән беріп тыңдаңыздар». Жаңа сабағын бірден емле-ережеден бастамай ана тілі деген ұғымның қадір-қасиетіне тоқталған мұғалімге іштей риза болдым. «Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің бір айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі» деп Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы, тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Туған тіл туралы қанша толғақты ой қозғасақ та шегіне жетіп, тауыспасымыз анық. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Тек Салтанат апайдың сабағына қатысып отырып алған алғашқы әсеріммен бөліскенім ғой. Не керек, сонымен апайдың бүгінгі сабақ жоспары бойынша оқушыларға берілген тапсырмаларды рет-ретімен сұрай бастады. Балаларда ынталы, бәрі үй тапсырмасын мүлтіксіз орындап келген. Әрине, сынып болғасын әртүрлі бала болады. Бірі ашық, бірі тұйық, енді бірі алғыр. Арасында мұғалімнің айтқанын әп-сәтте қағып алып, жалғастырып әкететін оқушылар да жоқ емес. Несін жасырайын, бірден бара-сала балаларға білім беру, сабаққа кірісіп кету оңай нәрсе емес. Сондықтан менің міндетім тәжірибелі ұстазға көмектесу, оқушылардан үй тапсырмасын сұрау болды. Үзіліс кезінде Салтанат Орынтайқызымен әңгімелесіп, біраз жетістікке жеткенін де білдім. Ол кісінің ұстаздық жолға келгеніне де 13 жылдан аса уақыт өтіпті. Бұл уақыт аз да емес, көп те емес. Ең алғашқы еңбек жолын сонау Астана қаласындағы №49 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейіннен осындағы мемлекеттік гуманитарлық колледжінде ағылшын тілі пәнінен, Астана медицина университетінде шетел тілдері кафедрасында ағылшын тілі пәні бойынша, 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі, гуманитарлық ғылымдардың магистрі. Салтанат апай сабақ беретін сыныптың оқушылары талай білім бәйгесінде қатарларынан оза шауып, ұстаз мерейін асқақтатты. 2015 жылы 10 сынып оқушысы П.Әбдісаттар «Тіл – тұнық ойдың кәусары» атты үштілді меңгерген жас­тар арасында облыстық олимпиада да І орын, республикалық олимпиадада үздіктер қатарынан көрініп, «Алғыс хат» пен 20000 теңге сыйақы, 2017 жылы 11 сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен «Облыстық олимпиа­­далар және қосымша білім беру» орталығының сайысында І орын иеленген. Сондай-ақ осы жылы 11 сынып оқушысы Назерке Орныбек аудандық олимпиададан ІІІ орын, Сымбат Абылай «Жарқын болашақ» ІХ республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде «Тілші әдебиетшілер» бөлімі бойынша ІІ орын алған. Бұл жетістікке жеткен шәкірттердің бірнешеуі ғана. Өз ана тілін, әдебиетін, қазақтың ақын-жазушыларының өнегелі өмірлерін, шығармашылығын тереңінен оқып білген оқушылар сайыстарда, байқауларда топ жарып жүр. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген осындайда айтылса керек.
Білім жолының қызығымен қатар қиындығы да соншалықты көп. Ерінбей, шыдамдылық пен жауапкершілікті жанына серік еткен мұғалім атаулының – ұлы мамандық иелері аталуының да сыры осында екен. «Осы отырған балалардың барлығы тұлға болып қалыптасады. Бірі ұстаз жолын қуар, бірі ақ халатты абзал жан болар, енді бірі халық үшін қызмет етер, әйтеуір бәрінің де білікті ұстаздың арқасында өмірден өз орнын, бағытын табары сөзсіз. Ана бала алғыр екен, ал мына бала үнсіз тыңдап, соңында сұрақтың жауабын дөп басып айтып отыр. Әйтеуір бір-бір мамандық иесі отыр осында» деген ой келді.
Жаңа жоғарыда бірнеше оқушының жетістігін атап өттік қой. Шәкірттердің білім бәйгесін үздіктер қатарынан көрінуі де заңдылық. Себебі ұстазы Салтанат Қосжанова да білім саласының дамуына қосқан үлесі мен нәтижелі жұмысы үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сонымен бірге 2017 жылы іскер, қабілетті басшыны анықтау мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Менің басшым – ең үздік директор» атты эссе байқауда жүлделі ІІ орын алса, осы жылы облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы», «Үздік сындарлы сабақ», педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру, «Жас ғалымдардың заманауи көзқарасы» тақырыбында өткен білім бәйгелерінде жүлделі орындармен марапатталған. Бұдан бөлек «Үштілділік – білім берудің жаңа мүмкіндігі» облыстық байқауында ІІ орын, 2018 жылы оқушыларды ҰБТ-ға жүйелі дайындағаны үшін «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру» орталығының дипломымен, 2018 жылы «BILIM LAND» сайты ұйымдастырған «Жаңашыл мұғалім-2018» байқауының финалисі атанғаны үшін «Алғыс хатпен», 2018 жылы Арал қаласында Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы бойынша өткізілген облыстық командалық дебатта ІІІ орын иеленген.
Қазіргі таңда көптеген шәкірттері аяулы ұстаздың тәлімі мен тәрбиесін алып, алтын ұясынан түлеп ұшып, арман-мақсаттарына қол жеткізіп, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Осындай жүрегі мейірім мен жылылыққа толы, бала бойын білім нәрімен сусындатып, ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды ұштастыра білетін нағыз маман иелерінің қатары көбейсін демекпіз. Мектепте өткен бір күндік тәжірибемде асыл мамандық иелерінің тынымсыз еңбегі мен жауапкершілік жүгінің ауыр екеніне куә болдым.

Нұр НАУАН.

11 маусым 2019 ж. 132 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031