» » » Кәлпе ұрпақтары әке рухына арнап, ас берді

Кәлпе ұрпақтары әке рухына арнап, ас берді

Өз дәуірінде ерекше қасиетімен, көріпкелдігімен дараланған тұлға, есімі елге белгілі әулие Беркінбай кәлпе Бекниязұлының 110 жылдығына орай ұрпақтары әке рухына арнап, ас берді.
Әулиелігімен қоса, сирек ұшырасатын емшілік қасиетімен де, қара қылды қақ жарар турашылдығымен де, қайырымдылығымен де дүйім жұртқа мәшһүр болған Беркінбай кәлпе Бекниязұлы 1909 жылы Ақсу ауылы аумағындағы «Ақбөгет» деген жерде дүниеге келген. Кеңес заманының өзінде ел ішіне әулие, әруақты болып танылып, емшілік қасиеттерімен алдына барған талай сырқат жандардын дертінен айықтырған. Беркінбайдан бес ата ілгері өткен Сәрке, үш ата ілгері өткен Байқадам бабамыз да батыр, әрі әруақты кісілер болғанын жұрт жақсы біледі. Беркінбай атамыз да батыр тұлғалы ірі, келбетті кісі болған. Ол кісінің еңбекқорлығы, ел-жұртына деген адалдығы, қайырымдылығы жайында халық арасында жылы лебіздер көп. «Шөгірлі» көлінің ұлтанынан бас-аяғы бірер апта ішінде 40 түйеге жүк боларлық қамыс оруының өзі де көп нәрсені аңғартса керек.
Таң азаннан күн ауғанша кәлпенің жатқан жері Ақсуға ағылған ағайындар алдымен зиярат басына барып, құран бағыштады. Асқа келген жандарға атамыздың ұл-қыздары дастарқан жайып, мал шалды. Алдымен, аудандық «Иманқұл» мешіті шәкірттері арасында «Құран оқудан» жарыс өтіп, жеңімпаздарды мешіт имамы Айбек Мәдиев марапаттады. Сондай-ақ әулие басына жиылған игі жақсылар мен ардагерлер сөз сөйлеп, шараға ұйытқы болған кәлпенің ұл-қыздары мен ұрпақтарына, ағайын-жақындарына алғыс білдірді.
Әулиенің көзін көрген жандардың сөзінше, кәлпе алдына келген сырқаттанушыларды дем салған маймен, сегіз өрім қамшысымен емдеген. Қып-қызыл боп балқып тұрған кетпенмен ұшықтаған деседі. Мұны ол «Кетпен ұшық» дейтін. Кәлпе туралы халық аузында небір ғажап әңгімелер сақталған. Оны Орта Азия, Кавказ мұсылмандары пір тұтқан деседі.
Беркінбай атамыз 1977 жылы қайтыс болып, өзі туып-өскен ауылының қасиетті топырағына жерленген. Қазіргі уақытта кәлпе есімі халыққа имандылық тәрбиесін беруде үлкен қызмет атқарады. Оның басына салынған төртқұлақты күмбезді кесене маңдайшасына кәлпенің көзі тірісінде қолданған дәрет құманы мен адам емдеу мақсатында пайдаланған диірмендей қара тас қойылған. Кәлпе өмірден өтсе де, оның басына келіп, дұға жасаушылардың қатары азаймады. Дертіне шипа іздеген жандар әулие кісінің басына келіп, Алладан медет тілейді.
Беркінбай кәлпе кесенесі мен зиярат орны кеңес заманында бой көтергені мәлім. Кәлпе кесенесін ұрпақтары тұрғызған. Алғашқы түнеухана құрылыс жұмыстарының жоспарын сызып, құжатын дайындап, зиярат басына алғашқы үй там салдырған азамат сол кездегі ПМК-17 басшысы Қожахмет ­Баймаханов­ еді.
– 1988 жылы Жалағашта ПМК-17 мекемесінің басшысы болып тұрғанымда Аяған әкеміз бен Жанұлы әкеміз келіп, маған Беркінбай әкенің басына келген адамдар түнейтін үй там салып бер деді. Жарайды деп жұмысты бастап кеттік, екі бөлмелі қылып салдық. Содан 10 жылдан кейін қалада құрылыс, архитектураның басшысы болып жүргенімде Беркінбай әкеміздің үлкен ұлы Сүлеймен келді жұмысқа: "Мен әкеміздің басына салған үйді халықтан жиналған ақшаға салынды ма десем, сен оны өз қаржыңа салыпсың ғой, – деп. "Ау, жәй ма, оны қайдан біліп жүрсің?" – дедім. Сүлейменнің қаланың арғы бетінде Гагаринде тұратын көршісі қаланың шетінде мал бағып жүріп, шашылып жатқан қағаздарды пешке тамызық болсын деп бір қапқа салып үйіне әкелмей ме, содан бір күні пеш жағып жатып бір қағаздың бетінде Беркінбай калпе деген жазуды көріп қалып Сүлейменнің үйіне келіп, "Мынау сенің әкеңнің қағаздары емес пе? – депті. – Сол бұрынғы мен бекітіп берген смета екен, дәл маңдайшасында "Утвердить" – деген, менің қолым тұр екен. Біз ол кезде бес жыл болған қағаздарды облыстан архивтен адамдарды шақырып есептен шығарамыз, ал олар оны қалаға алып кетіп, кейбір қағаздарды акті жасап, қаланың шетіне апарып өртеп жіберетін, сол қағаздардың ішінен өртенбей қалыпты ғой әкеміздің қағаздары. "О, құдірет!" – деп жатырмын ғой. Осы бір оқиғадан да көрініп тұр ғой ол кісінің күштілігі. 200 мың халқы бар Қызылорда қаласынан Сүлейменнің көршісіне қой баққызып қойып, көп қағаздардың арасынан жанбай қалған смета көршінің қолына түсіп, одан үйдегі пешке салайын деп тұрған жерінен тағы да аман қалуы, оны баласына табыстап отырғаны да кәлпенің қандай жан екенін көрсетіп тұр емес пе?! Біздің Баймахан әкеміз соғыс біткеннен кейін екі жылдан соң 1947 жылы атпен келе жатса алдынан Беркінбай кәлпе шығып амандасып: "Байеке, қорада ақ ісек батысқа қарап тұрады, Құдай қаласа Мәдібайдан хабар келеді" – деген екен. Содан үйге келіп мал қораға барса ақ ісек батысқа қарап тұр екен. Ертеңіне Мәдібай әкемізден хабар келіпті «Бізді Франциядан Түркия арқылы елге қайтармақшы» деген. Жалпы, Беркінбай әкеміз туралы біраз әңгіме айтуға болады, оның көріпкелдігі, ерекше қасиетке ие кісі болғанын жұрт жақсы біледі, – дейді Қ.Баймаханов.
Кейін, 2009 жылы Беркінбай Бекниязұлының жүзжылдық мерейтойына орай ас берілді. Аталған шараны іске асыру үшін бюджет көзінен қаражат қаралмағандықтан кәлпе атынан есеп-шот ашылады. Бұл іс-шараға бүткіл аудан халқы, Қызылорда, Алматы, Астана қалаларында тұрып жатқан ағайындар да атсалысты. Жиналған қаржы есебінен кәлпенің бұрынғы түнеуханасы бұзылып, оның орнына қазіргі талапқа сай келетін ғимарат бой көтерді. Бұл үйтам жанынан асхана, сарай, сәкі секілді қосымша құрылыстар салынып, мінәжат орны аумағын абаттандырып, темір шарбақтармен қоршау, тағы да басқа көптеген жұмыс жасалды.
Ал биыл атамыздың 110 жылдығына орай Сүлеймен Беркінбайұлы бастаған кәлпенің ұл-қыздары мен немерелері өз қаражаты есебінен Ақсу ауылындағы Беркінбай ата мешітіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сауапты іске ұйытқы болды. Есімі көпке мәлім әулие кісінің 110 жылдық асын өткізуге де қаржылай қолдау көрсеткен кәлпенің ұрпақтары екенін айта кеткен жөн.
Асқа жиылған қауым Беркінбай атамыздың таңғажайып кереметтерін, оның қасиеті мен жомарттығын әңгімелеп, ізгілікті ісін көпке үлгі етті. 91 жастан асып, өмірден өткен Бекқұлы баласы Жанұлы атамның ағасы кәлпе жайында айтқан мынадай бір керемет естелігі еске түсіп отыр.
«1932 жылдары Мақтаралда бригадир болып жұмыс істеп жүргенімде түскі үзіліс кезінде Беркінбай кәлпе келді. Қарасам екі көзінен қан сорғалап ағып тұр екен. Сәлемдескеннен кейін үнсіз қалды, сөйтсем тілі байланып қалған екен. Әрі қарай түсіндіру үшін қалам, қағаз сұрады, әкеліп бердім. Түсінгенім, жанында өзімен бірге ала келген үлкендеу қап бар, оның ішінде тас бар екен. Көтерейін деп әуреленсем де қозғай алмадым. Сол тасты ол кісі базарда аспанға лақтырып, бірнеше рет қағып алған. Оны көрген милиция кәлпені ұстап, абақтыға жауып тастайды. Бірақ, қанша жапса да қамаған жерінен шығып, далада отыратын болған. Солай сегіз күн әурелеп, болмағасын шығарып жіберген екен. Одан кейін Ташкенттегі кереметін көрдім. Келе жатқан бойда 4-5 қабат үйлерге өрмелеп шығып, қайтадан жерге оп-оңай қарғып жүре беретін болған. Айта берсең кәлпенің кереметі көп қой» – деген сөзі әлі есімізде.
Міне, кәлпенің осындай кереметтері мен талай жанды дертінен айықтырғаны жөнінде жақсы әңгімелер ел жадында есіп жүр.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.

11 маусым 2019 ж. 352 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (9537)

06 тамыз 2019 ж.

№60 (9536)

03 тамыз 2019 ж.

№59 (9535)

30 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031