» » » Салық жүйесіндегі жетістіктер

Салық жүйесіндегі жетістіктер

Кез келген Мемлекет құрылғанда, ол Мемлекеттің халқының өмір сүру тепе-теңдігін қалыптастыру мақсатында өз бюджеті бекілітіп, Мемлекеттің «Ортақ қазаны» құрылады. Бұл қазанға түсетін қаражаттың мол үлесі «Салық саласынан» молаяды.
2014 жылдың тамыз айының 14-ші жұлдызында «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер органы» құрылды. Содан бері тәуелсіз елдің салық саласы бір жүйеге түсті. Салық салудың мәселелерін шешу және осы арқылы мемлекеттің тікелей дамуын қолға алу үшін оң бағыттағы заңдылықтар қабылданды. Биыл Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осы ретте Жалағаш ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Руслан Байғазиевпен сұхбаттасқан едік.
– Руслан Жақсылықұлы, осы салада біраз жылдан бері қызмет атқарып келесіз. Биыл Мемле­кеттік кірістер орган­да­рының құ­рыл­ғанына 5 жыл толып отыр. Осы мерзім ішіндегі аудан бюд­жетінің орындалуы туралы айтып берсеңіз...
– Мемлекет басшысының қол­дауымен бүгінде ел болашағы үшін бірқатар істер жүзеге асырылуда. Оның ішінде елімізде бюджет саласы мен салықтық базаны ұлғайтуда айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Нақтырақ айтсақ, 2014 жылы ауданымыздың бюджет жоспары 1 296 227,0 мың теңгені құраса, жоспар 1 311 484,0 мың теңгеге, немесе 101,2 процентке артығымен орындалды. Бас­қарма тарапынан атқарылған жұ­мыстар нәтижесінде 2015-2017 ­жыл­дары аралығында да бюджет ­жос­­­­па­ры межеден артты. 2018 жылғы жоспар ­­1 269 502,0 мың теңге болса, аудандық бюд­жетке 1 304 655,9 мың теңге түсім түсіп, жоспар 102,8 процентке шықты. Ал биылғы жылдың 6 айлық жоспары бойынша 776 630,0 мың теңге болса, бюджетке 881 945,0 мың теңге түсім түсіп, бұл мерзімдегі жоспар да 105 315,0 мың теңгеге артық болып отыр. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда түсім 15216,0 мың теңгеге артып, өсу қарқыны 101,8 процентті құрады.

– Мемлекеттік кірістер коми­теті тарапынан салық төлеу­ші­лерге қандай жеңілдіктер немесе кө­мек түрлері қарастырылған?
– 2017 жылы Қазақстан Республи­касының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық кодексі қабылданды. Осы жаңадан қабылданған Салық кодексінде әлеуметтік салық сома­сының мөлшері 11 проценттен 9,5 процентке дейін төмендеді. Сонымен қатар патент негізінде салық төлейтін салық төлеушілер әлеуметтік са­лықтан босатылып, бұрын 2 процент мөлшерінде салық төлесе, қазір 1 процент мөлшерінде салық төлейтін болды. Бұдан бөлек шаруа, фермер қожалықтары 2018 жылдан бастап әлеуметтік салық түрін төлеуден босатылды.
Қазақстанның тәуелсіз тарихында бизнес субъектілерінің қаржылық-шаруашылық қызметін сауықтыру үшін өсімпұлды және айыппұлды есеп­тен шығару бойынша салықтық рақым­шылық жүргізілді. Бұл турасында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнайы заң қолданысқа енді. Осы Заңға сәйкес салықтық рақымшылық шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанындағы негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлеген жағдайда өсімпұл мен айып­пұлдары есептен шығарылады. 2019 жылдың 21 қаңтарында Қазақ­стан Республикасының Қаржы Министр­лігінің «Бересіні төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы жарияланды.
Өздеріңізге белгілі, осы жылдың 4-ші шілдесінде Мемлекет басшысы жеке тұлғалардың 2019 жылға дейінгі жер, мүлік және көлік құралдары салықтарының мерзімінде төленбегені үшін есептелінген өсімпұл сомаларына салықтық рақымшылық жүргізу жөнінде заңға қол қойды. Бұл көмек жеке тұлғалардың жер, мүлік және көлік құралдарының салығын төлеудегі қиындықтарының оң шешімін табуына септігін тигізеді. Аудан халқының басым көпшілігі меншігіндегі көлік құралдары салығын өз еріктерімен мерзімінде төлемей, басқарма тарапынан ескертпе хабарламаларын алғаннан соң барып, өсімақысымен қоса төлеп жатады. Қазіргі уақытта басқарма тарапынан ел Президентінің тапсырмасына сәйкес тиісті салық төлемдерінің өсімпұлдары нақтылануда. Бұл жұмыстар биылғы жылдың қазан, қараша айларына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сонымен бірге Қазақстан Республи­касы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы аумағында 2019 жылдың 1-ші мамыры мен 8-ші тамызы аралығында «Чек талап ет те, сыйлықты ұтып ал!» акциясы қайта жүргізілуде.
– Аудандағы кәсіпкерліктің дамуы және олардан түсетін салық түсімдері туралы не айтасыз?
– Өңірде 2019 жылдың бірінші жартыжылдығына 425 заңды тұлға, 1806 дара кәсіпкерлік субъектісі, 2 сот орындаушы, 3 жеке нотариус және 329 шаруа және фермер қожалықтары салық төлеуші ретінде тіркелген. Аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлер саны 2135 бірлікті құрайды. Ауданның халық саны 35 683 болса, бұл көрсеткіш жалпы халық санының 6,0 проценті деген сөз. Бұл кәсіпкерлік субъектілері бойынша жергілікті бюджетке 539 036,0 мың теңге салық төленеді деп жоспарланса, іс жүзінде 647 969,0 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 108 933,0 мың теңгеге артығымен орындалды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түсім 144 997,0 мың теңгеге артық орындалып, өсу қарқыны 128,8 процентті құрады.
Салық базасын ұлғайту мақсатында 2019 жыл­дың бірінші жартыжылдығы көлемінде қосым­ша бюджетке төленетін кіріс көздерін іздестіру нәтижесімен камералық бақылау, салық төлеу­шілердің салықтық есептіліктерге талдау, салық төлеушілермен әңгімелесу және түсіндірме жұ­мыс­тарын жүргізу, салық төлеушілердің салық есеп­тіліктерімен салыстырмалы жұмыстарын жүргізу нәтижесінде республикалық бюджетке жалпы қосымша 38182,5,0 мың теңге түсірілді. Басқарма тарапынан қалыптастырылған хабарламалар бойын­ша нақты ақшалай қаражатпен 31 салық төлеу­­­­шіден 20 682,5 мың теңге салық бюджетке төленді.
– Биыл салық міндеттемелерін бұзушылар болды ма? Оларға қандай шара қолданылды?
– Осы жылдың бірінші жартыжылдығы көлемінде Салық кодексінде белгіленген салық міндеттемелерін бұзғаны үшін 515 салық төлеушіге әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалары толтырылып, 50 салық төлеушіге 2 424 039 теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 37 салық төлеушісінен 1 757 965 теңге айыппұл сомасы бюджетке өндірілді. Қалған 666 074 теңгені өндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 4 салық төлеушінің ісі тиісті шара көру үшін аудандық сотқа жолданды.
Жалпы аудан бойынша 2019 жылдың қаңтар айынан бастап кезең-кезеңімен БКМ қолдануға міндетті салық төлеушілермен жүргізілген әңгіме­лесу жұмыстары нәтижесінде 86 және 323 қызмет түрі толықтай аяқталды. Бүгінгі күнге 224 қызмет түрі бойынша деректерді беру функциясы бар БКМ қолдануға міндетті салық төлеушілермен жұмыстар жалғасын табуда. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап шаруа, фермер қожалықтары мен патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге деректерді беру функциясы бар БКМ қолдануға міндеттілік жүктеліп отыр.
Бұл өзгерістер жөнінде басқарма тарапынан аудандық «Жалағаш Жаршысы» газетіне хабар­ландыру жарияланып, салық төлеушілермен семинар-кеңес өткізілуде. Аудан халқына бюджет алдындағы салықтар мен алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу борышы мен міндеті екендігін жеткіземін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
30 шілде 2019 ж. 267 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031