» » » СПОРТШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАР БИІГІ ӘЛІ АЛДА

СПОРТШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАР БИІГІ ӘЛІ АЛДА


Қазіргі таңда елімізде спорт саласына баса назар аударылып келеді. Нәтижесінде саңлақтарымыз түрлі әлемдік додаларға қатысып, Қазақстанның көк байрағын биіктен желбіретіп жүр. Аудан көлемінде де бұқаралық спортты, ұлттық спорттық ойындарды дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Осы ретте аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Жамалатовқа жолығып, өзі басқаратын саладағы атқарылып жатқан жұмысты әңгімеге арқау еттік.

– Еркебұлан Сырманұлы, жалпы аудан көлемінде бұқаралық спортты насихаттау мақсатында не істеліп жатыр?
– Біз қазіргі таңда елін, жерін, салт-дәстүр мен ұлттық ойындарымызды қастерлей білетін шымыр да шыныққан, ұлтжанды, жастарды тәрбиелеп, баптап келеміз. Бұқаралық спортты дамыту, ұлттық спорттық ойындарды, мүгедектер спортын кеңінен насихаттап, белгілі бір жетістікке жету – біздің басты мақсатымыз. Сонымен қатар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі аудандық егде жастағы тұрғындар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ішкі істер есебінде тұратын кәмелетке толмаған жасөспірімдер, аудан ардагерлерімен бірлесіп салауатты өмір салтын сақтау мақсатында спорттық шараларды ұйымдастырамыз. Қазіргі таңда бір республикалық, екі облыстық, елу екі аудандық жарыс өткізілді. Спорттық іс-шараларға бас-аяғы екі мың сегіз жүзден аса адам қатысты. Мұның өзі жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Бұқаралық спорт болсын, басқа жарыстар болсын белсенді қатысатындар көп.
Аудан бойынша 146 спорттық нысан бар. Оның біреуі стадион, біреуі спорт кешені, тоғызы ату тирі, тоқсан төрті жазықтық құрылғылар, бір ипподром, жиырма тоғыз спорт зал, он бір жапсарлас спорттық зал. Оның ішінде ерекше атап өтетіні, Мәдениет ауылында өткен жылы спорттық кешеннің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Осы уақытқа дейін спорт мектебінде жаттығып жүрген балаларға заман талабына сай жабдықталған спорт кешенінде уақыт өткізулеріне толықтай мүмкіндік жасалды. Онда бокс және күрес үйірмелері жұмыс істейді.
Бұдан бөлек Таң елді мекеніндегі «Таң ЛТД» ЖШС-ның спорт ғимараты жыл басында ел игілігіне пайдалануға берілсе, 2018 жылы қолға алынған жеке кәсіпкер Ғ.Сейтмұратовтың Жалағаш кенті, Дәуімбай учаскесіндегі «Дене шынықтыру-сауықтыру» кешені қаржы тапшылығына байланысты уақытша тоқтатылды. Сонымен бірге аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Наркескен» спорт клубы, Жалағаш ауданының №14 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі және №13 олимпиадалық резервтің балалар-жасөспірімдер мектебі жұмыс істейді. Ұлттық, бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында кент және ауыл тұрғындарын, балабақшадан бастап ардагерлерімізге дейін қамтып, түрлі спорттық іс-шараларды ұйымдастырылуда. Спорт клубында қазіргі таңда барлығы 7 үйірме бар. Оқушылар мен тұрғындарға оқу-жаттығу сағаттары жүйелі өткізіледі. Сонымен бірге ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңда аудан бойынша спорттың 23 түрімен 10155 адам тұрақты түрде шұғылданады.
– Спортшылар жыл басынан бері қанша жарысқа қатысты? Ауыз толтырып айтатын жетістіктеріңіз бар ма?
– Биыл спортшыларымыз қатысып, аудан мерейін үстем етті. Жыл басында ауданымызда гір спортынан облыстық біріншілік, наурыз айында Болат Алтынбаевты еске алуға арналған дзюдодан республикалық турнир ұйымдастырылды. Жастар арасында «Кока-кола Былғары-доп» жүлдесі жолындағы облыстық біріншіліктің ақтық сайысы біздің ауданда өтті. Жалағаштың командасы жүлделі І орынды иеленіп, Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық жарысқа қатысып қайтты.
Сондай-ақ халықаралық және республикалық жарыс­тарға қатысып, ҚР чемпионаттарында 11 алтын, 5 күміс, 12 қола медальді жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттарында 6 алтын, 2 қола медальға қол жеткізді. Сонымен бірге бірқатар 38 спортшы І разрядты, 4 спортшы ҚР-ның спорт шебері, 169 спортшы «Спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындады.
«Наркескен» спорт клубының шәкірттері де жеңіс тұғырынан көріне білді. Қостанай қаласында «Бес асық» ойыны бойынша өткен республикалық турнирде Сафура Сейтенова қола жүлдегер атанса, Сырдария ауданында өткен «Асық ату, бес асық» ашық біріншілігінде аудан құрамасы жүлделі I орынды иеленді. Сонымен бірге Альсина Жұмабек облыста әйелдер арасында қол добынан өткен жазғы спартакиадаға қатысып, жеңімпаз болса, Әубәкір Ерасыл Қостанай қаласындағы гір спортынан ұйымдастырылған республикалық турнирде күміс жүлдені қанжығасына байлады. Волейболдан ерлер командалары арасындағы облыс біріншілігінің екінші айналымының ойын нәтижелері бойынша аудан құрамасы үздік үштікке ілінсе, ұлттық ат спортынан облыстық турнирде көкпар ойыны ұйымдастырылып, Аққұм ауылы командасы ІІ орын алды.
№13 олимпиадалық резервтің балалар-жасөспірімдер мектебінің жас спортшылары дүбірлі додаларда топ жарып, аудан абыройын асқақтатып, жаттықтырушыларының үмітін ақтауда. Тілеген Тынарбай Тараз қаласында дзюдодан өткен ҚР чемпионатында, Ташкент қаласындағы, Алматы қаласындағы Азия кубогінде жүлделі І орынды алды. Оның Тайваньдағы жеңісіне күллі қазақ елі куә болды. Бұдан бөлек Аружан Думан сәуір айында Кентау қаласында өткен белбеу күресінен ҚР чемпионатында І орынға лайық деп танылса, Жаныс Бекарыс Тараздағы дзюдодан ҚР чемпионатында ІІІ орынды, Арайлым Оразбай Алматы қаласында өткен самбодан, Қостанай қаласында қазақ күресінен ҚР чемпионатында І орынды, дзюдодан Атырау қаласында өткен ҚР чемпионатында және Алматы қаласында өткен Азия кубогінде ІІІ орынды иеленді. Сол секілді Даниял Сағатов, Гүлнұр Бақытжан Қызылорда қаласындағы Кикбоксингтен өткен ҚР чемпионатында І орынды қанжығасына байласа, Сәпи Есенгелді ауыр атлетикадан Лос-Анджелесте өткен әлем чемпионатында І орынды, Әбдәлі Ақарыс дзюдодан Атырау қаласындағы ҚР чемпионатында ІІ орынды, Саматұлы Жанболат та осы спорт түрінен ҚР чемпионатында ІІ орынды алды. Ал Әсел Бейсенбай дзюдодан Өскемен қаласында өткен ҚР чемпионатында ІІІ орынға лайық деп танылса, Ларина Людмила Алматы қаласында өткен найза лақтырудан ҚР чемпионатында ІІ орынды, Пак Лилия ІІІ орынды, Нұрай Жақсылық таэквондодан Өскемен қаласында өткен ҚР чемпионатында ІІІ орынды еншіледі.
Аудандағы №14 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері де дүбірлі додалардан құр қол қайтқан жоқ. Таэквондодан ашық ҚР чемпионатында Сымбат Мұхамбетқали, Айым Тоғман ҚР чемпионатында жастар арасында бақ сынап І орынды алса, Таңатар Дінмұхаммед ІІІ орынды иеленді. Ал бокстан ҚР чемпионатында Айдос Мадияр жеңіс тұғырынан көрініп, жаттықтырушылардың еңбектерін ақтады деуге болады.
– Сөз соңында алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
– Жоғарыда аудан спортшыларының жетістіктерін жеке-жеке атап өттім. Осы тұста ең алдымен байрақты бәсекеде болсын, республикалық чемпионаттарда болсын топ жарып жүрген мықты жастарды баптап, тәрбиелеп, шар болаттай шыңдап жүрген жаттықтырушы құрамның еңбегі зор дер едім. Әр шәкіртін жарысқа қосқан сайын тақымын қысып, өзі де сол додада сынға түскендей күйде болады. Шүкір, ауданның спорт саласы көштен қалық емес. Кент және елді мекендердегі жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында қол добы, үстел теннисі, асық ату, қол күресі, арқан тартыс, гір көтеру, тоғызқұмалақ, волейбол, футбол, баскетбол ойындарынан жарыстар өткізіп жүрміз. Асық ату, арқан тартыс секілді ұлттық ойындарды көптеп насихаттап, осы бағытта сайыстар ұйымдастырып келеміз. Рухани жаңғырудың негізі ұлттық құндылықтарымызды бүгінгі ұрпақ жадына мықтап сіңіру болса, оның бір тармағы ұлттық спорт түрлерін дамыту деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ



17 тамыз 2019 ж. 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30