» » » Әділ сот – халық сенімінің кепілі

Әділ сот – халық сенімінің кепілі


Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида бар. Мұның мағынасы билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керек дегенді білдіреді. Сондықтан сот судЬялары мыңдаған адамның тағдыры мен дауын шешiп, олардың құқығы мен бостандығын қорғайды. Қазір сот саласы уақыт талабына сай жаңа деңгейге көтерілді. Осыған орай біз, Конституция күні қарсаңында аудандық сот төрағасы Асылхан Мизанбаевпен әңгімелескен едік.
– Асылхан Абитханұлы, ең биік мәртебе ол – халықтың сотқа деген сенімі. Осы тұрғыда өзіңіз басшылық жа­сай­тын салада сот пен халық арасындағы байланысты ны­ғай­­татын, соттың ашық­ты­ғын қамтамасыз ететін қан­дай шаралар қолға алынды?
– Бүгінгі күні сот жүйесінің ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңадан енгізілген «Төрелік», «Дыбыс – бейнежазба», «Сот каби­неті» сынды бағдарламалар енгі­зіл­гендігін атап өтуге болады. Осы қолданылып жүрген сот процестерінің аудио және бейне тіркеуінің жетілдірілген жүйесі шын мәнісінде, сот төрелігі ашықтығымен қамтамасыз етудің ғаламат құралына айналды. Көп жағдайда бұл қолданысқа енген жайттар – сот процесінің әрбір қатысушысы қазір “Сот кабинетіне” кіріп, процестің бейне және аудио жазбаларымен таныса алады. Сонымен қатар бұл жүйе процес­суалдық нормалар мен сот этикасын мүлтіксіз сақтауды талап етеді. Сот жүйесінің ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз ету бағытында процеске қатысу­шы­лардың істің барлық материал­дарымен танысуға, кез келген сот сатысында істі қараудың уақыты мен орны туралы хабардар болуға мүмкіндіктер жасалған. Яғни сотқа түскен барлық істер бойынша, істің сотқа түскені, қарауға тағайын­далғаны, қаралған күні басқа да іске қатысты мәліметтер тараптарға СМС хабарламалар арқылы жолда­нады.
– Сот процесіне бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл­дері қатыса алады ма?
– Сотта жариялылықты шектеуге жол берілмейді және барлық мүдделі адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіру мүм­кіндігі қамтамасыз етілген. Жеке тұлғалар және олардың өкілдері, заңды тұлғалардың өкілдері «Сот кабинетінде» орналастырылған элек­трон­дық нысандарды толтыру арқылы электрондық құжат­тарды сотқа ұсынуға құқылы. Бұл үшін көрсетілген адамдар «Сот ка­би­­нетіне» тіркелуі қажет. «Сот ка­би­нетіне» тіркелген адам элек­трон­дық құжаттарды беру серви­сінің пай­даланушысы болып табы­лады.
– Қазір ел арасында «Сот­қа беремін», «Соттасып жүр­мін» деген сөзді жиі ести­міз. Жанжалдасып қалған адам­­дардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, оны ушық­тыр­­май бітіммен, ымы­рамен шешу жолдары қандай? Бұл бағыттағы жұмыстар сот са­ла­­сында қарастырылған ба?
– Бүгінде дау-дамайды сотсыз, екі жақтың мәселесін мәмілегерлік жолмен шешудің ұтымды жолы бар. Ол жөнінде арнайы заң да қабылданды. Осыдан 8 жыл бұрын ҚР «Медиация туралы» заңы өз күшіне енді. Міне, сол уақыттан бастап ауыл-аймақтарда аузы дуалы ақсақалдар ішінен кәсіби емес медиаторлар бекітілді. Қазіргі уақытта медиатормен сотқа дейін дауларды шешу біршама жолға қойылып, өңірде беделі салмақты, аузы дуалы ақсақалдардан билер кеңесі құрылды.
Жасыратыны жоқ, қазір қылмыс саны көбейді. Бұл істер сотқа кетсе, заң аясында ақ-қарасы анықталып, қылмыскерге тиісті жаза қолданылады. Егер, осы мә­селе медиация арқылы шешілсе, екі тарап та ұтылмайтыны анық. Ең бас­тысы, ағайын арасында араз­дық, алауыздық болмайды.
– Медиатордың рөлі қандай? Бүгінгі таңда "Медиация" заңы бойынша қанша арыз сотқа дейін қысқартылды?
– Медиатор – сот әрекеттеріне қатысы жоқ бейтарап делдал, оған азаматтар ерікті жолмен жүгіне алады. Оның тиімді жағы даудың шешімін тараптардың екі жақты келісімімен және екі жақты даудың тез әрі қолайлы тәсілмен мүдделі түрде орындалуына мүм­кіндік беріледі. Сонымен бірге медиатор дауды шешіп, екі тарапты бітімгершілікке келтірсе, бұл істі сот немесе басқа да құзырлы органдар қайта қарамайды. Әсіресе кәме­леттік жастағы ба­ла­лар біліп-біл­мей жасаған ол­қылық әрекет­тері үшін заң алдында жауап­қа тартылып, оның қыл­мысы элек­­­трон­­дық базаға енгі­зіліп қойса, кейін ол оқуға түсіп, жұмысқа орна­лас­қанда қателігі алдынан шығып, кері әсерін тигізіп жататыны жасы­рын емес. Егер сол мәселе дер кезінде медиация арқылы шешілсе, оның бұл ісі электрондық базаға тіркелмейді және жария етілмейді. Өткен жылы алыс-жақын елді-мекендерді ара­­­­­лап, ауыл халқымен кездесу өткіз­­дім. Онда медиация заңына қатысты азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар арқылы да екі тарапты бітімге келтіруге болатыны түсіндірілді. Соның нәтижесінде биылғы алты айда медиация тәртібімен 44 қыл­мыс­тық, 34 азаматтық және 19 әкімшілік іс қысқартылды. Бұл жыл­дан-жылға халық арасында медиа­торлардың рөлі артып келеді деген сөз. Оның ішінде неке бұзуға қатысты сотқа түскен талап-арыз саны да азайды.
– Ал енді жаңа өзіңіз айтқан "Билер кеңесі" ауданда қашаннан бері бар? Бұл кеңес құрамына кімдер кіреді?
– Жыл басында аудан әкімі­нің қолдауымен өңірде "Билер кеңесі" құрылды. Оның құра­мында ауданға беделді, ел ағалары мен абыз ақсақалдар бар. Осындай ел ағалары, ауыл ақса­қал­дарынан билер кеңесін құрып, халық арасында орын алатын дау-дамайларды реттеп, бітімгершілікке шақырып отырсақ, сотқа арызданушылар да азаяр еді. Жалпы біздің халық дау, сот деген дүниелерден алшақ жүруге тырысады. Сол себепті бұл бастама ата-бабамыздың салтында, дәстүрінде бар дүние десек қателеспейміз. Мәселен, соттың міндеті қара қылды қақ жара отырып, заң жүзінде кінәліні жазалау болса, билер кеңесінің мақсаты екі жақты татуластырып, азаматтардың мүдделерін аяққа таптамай, керісінше, қос тараптың да ақ батасын алатындай дәре­жеде жұмыс жасауды көз­дейді. Нақ­тырақ айтсақ, билер кеңесі дауды шешуде екі тарапты да қанағаттандыратын жағдай туғызса, екіншіден, екі тарап ара­сындағы белгілі бір даулы мәселені сотқа дейін шешеді. Осы мақсат-міндеттерді орынды қолдана алсақ, біраз азаматтан түскен арыз-шағымдарды сотқа жеткізбей-ақ шешуге мүмкіндік болады.
Біз көбіне сотқа арызын арқалап келген жас жұбайларды райынан қайтаруға тырысамыз. Мақсат – отбасын сақтап қалу. Егер, алған бетінен қайтпаса, әрине арызы тіркеледі, заң аясында некесі бұзылады. Мұнан бөлек басқа да отбасылық даулар бойынша талап-арыз саны көбейді. Адам басына шаққанда әрбір бесінші азаматтың дауға тартылып, соттасып жүруі неліктен? Қазақ халқы ежелден сөзге тоқтап, сөз қадірін білген халық емес пе? «Балалығың он бестегі шешеңнен, даналығың алпыстағы әкеңнен» деп Қадыр ақын айтқандай, аңғалдығы мен адалдығын жоғалт­паған, дана халықпыз. Осын­дай қасиет­теріміз бола тұра ұлттық санамыздың улануы ма әлде жаһандану толқынының әсері ме, жылдан-жылға даукес болып бара­мыз. Мұны тоқтату, болмаса қалып­тасқан ахуалды жақсарта түсу өз қолы­мызда. Демек билер кеңесі де өз нәтижесін береді деп сенемін. Кеңес мүшелері ата-баба салтымен араздасқан ағайын­дарды ымыраға келтіріп, ауызбірлігін сақтауға күш салады.
– Биыл сотта қа­рал­ған істердің көрсеткішіне тоқ­талсаңыз...
– Өткен 6 айда аудандық сот­тың өндірісіндегі барлығы 71 қылмыстық, 217 азаматтық, 174 әкімшілік іс қаралып аяқталған. Ашықтық, жариялылық принципін жүзеге асыру мақсатында, үн бейне жазбасына жазу арқылы барлығы 382 іс қаралды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір төмендегені байқалады. Өйткені, әкімшілік құқықбұзушылық саны азайып отыр. Яғни қоғамдағы түр­лі тәртіпсіздіктердің орын алуы төмендеді. Былтыр қоғамдық орындарды ластап, шылым шегіп, тұрмыстық қалдықтарды көшеге тастау дерегі бойынша біраз әкімшілік істерді қараған едік. Биыл бұл көрсеткіш азайды. Демек осыған қарап жылдан-жылға аудан тұрғындарының тазалыққа мән бе­ріп келе жатқанын, мәдениеті арт­қанын аңғаруға болады.
–Риясыз әңгімеңізге рах­мет.­ Мереке қарсаңында лебіз білдіре кетсеңіз...
– Аудан жұртшылығын Консти­туция күнімен құттықтаймын. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді. Басты құнды­лықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!

Сұхбаттасқан
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

31 тамыз 2019 ж. 1 031 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9573)

10 желтоқсан 2019 ж.

№96 (9572)

07 желтоқсан 2019 ж.

№95 (9571)

04 желтоқсан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 509

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 494

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031